Ресейлік әншілер неге Қазақстанға үйір болып кетті?

Ресей мен Украина арасындағы соғыс шоу бизнес әлеміне де өз әсерін тигізді. Ресей саясатын қолдамайтын кейбір елдер олардың әртістерін еліне кіргізбей қойғандықтан біздің елімізді жағалайтын ресейлік шоу бизнес өкілдері көбейіп кетті. Соның дәлелі биылғы жылдың өзінде елімізде ресейлік жұлдыздардың қатысуымен бірнеше концерт өтті.

Мысалы, Валерий Меладзе Қазақстанда бірнеше ауқымды жеке өнер көрсетті (оның үшеуі Алматыдағы Республика сарайында өтті) және олардың барлығында аншлаг болды. «Би-2» тобы жазда және күзде Almaty Arena-да концерт берді. Бұл топтың концертіне билет 15 000 теңгеден 85 000 теңгеге дейін болса да, зал толы болған. Ұзаққа созылған пандемиядан соң халықтың жанды дауыстағы концерттерді сағынғаны да байқалады. Әйтсе де соңғы кездері әлеуметтік желілерде шетелдік әртістердің Қазақстанда өнер көрсетуі қызу талқылануда.

Мысалы, Қазақстанда қарашаның басында танымал Ресей әншісі Филипп Киркоров екі концерт берді. Ол халық ықыласына бөленемін деп концертте қазақша да сөйледі. Бірақ әлеуметтік қолданушылардың көпшілігі оның бұл әрекетін жақтыра қоймағаны байқалған.

Атақты әнші Полина Гагарина Украинадағы соғысты қолдайтынын ашық айтқан болатын. Бұдан кейін әлеуметтік желілерде Полина Гагаринаның және басқа да ресейлік әншілердің Қазақстанда концерт өткізулеріне тыйым салу талап етілді. Айта кетейік, 2023 жылы 14 ақпанда Almaty Arena-да Полина Гагаринаның концерті өту керек болған. Билет құны 8 мың теңгеден басталған болатын. Енді концерт ұйымдастырушылары барлық анонстарды алып тастады және қазір билет сатып алу мүмкін емес.

Ал енді жақын арада Қазақстанда тағы қандай ресейлік атақтылар концерт беруді жоспарлауда және олардың соғысқа қатысты пікірлері қандай?

19 қарашада Алматыда украиналық әнші Лобода концерт береді. Ол қарулы қақтығысты тоқтатуға шақырып, бейне хабарлама жазған болатын. Содан кейін ол Ресейде концерт беруге тыйым салынған әртістер тізіміне кірді.

20 қараша Алматыда MANIZHA өнер көрсетеді. Бұл әнші де 2022 жылы ақпанда Ресейдің Украинаға басып кіруіне қарсы пікір білдірген болатын.

28 қарашада Алматыда Диана Арбенина концерт береді. Атақты ресейлік рок-әнші көктемде Украинадағы соғыс жайлы және жаппай өлім жайлы ән шығарып, ресейліктерді үнсіз отырмауға шақырды.