Испанияда өткен байқауда қазақ домбырашылары жеңімпаз атанды

Испанияда өткен байқауда қазақ домбырашылары жеңімпаз атанды

Қазақстандық домбырашылар Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз Испанияда өткен Music Box халықаралық байқауында "Аспаптық музыка" номинациясын жеңіп алды.

Әлемнің түкпір-түкпірінен келген аспапта орындаушыларға арналған Music Box халықаралық онлайн-байқауы екі тур бойынша өтті. Қазақстандықтар бірінші кезеңнен сәтті өтіп, қазылар алқасын Никколо Паганинидің авторлық бейімдеуіндегі "Каприз No24" шығармасын орындап, елді тәнті етті.

Екінші кезеңде домбырашылар сенсациялық "Тақтар ойыны" телехикаясының саундтрегін орындап, конкурстық бейнеролик түсірді. Номинацияға 36 елдің аспапшылары қатысты. Ең жоғары ұпайды қазақстандықтар алды.

Жүлде ретінде музыканттар ұйымдастырушылар есебінен мамыр айында Испанияда өтетін офлайн фестиваліне жолдама алды, сондай-ақ белгілі музыка сарапшыларымен жеке шеберлік сыныбына ие болды.

Домбырашылар Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып жүргенде танысып, 2017 жылы жеке дуэт құруға бел буған. Темірлан мен Ернат концерттік қызметін туған университет қабырғасында бастаған. Ректоры Айман Мұсақожаевамен бірге олар бүкіл Еуропаны аралады.

Олар "I'm a Singer" байқауында Димаш Құдайбергеновпен бірге өнер көрсеткеннен кейін танымал болды. Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Токиодағы Олимпиадада Қазақстан мәдениетінің елшісі болып домбырашыларды тағайындаған.

Темірлан Олжабай мен Ернат Наурыз бұған дейін "Үздік аспаптық дуэт" номинациясы бойынша "Bridge TV" жүлдесін алған, "Golden Time Talent" халықаралық фестивалінде бірінші орынды иеленген, сонымен қатар Испанияда өткен Costa Brava Music фестиваліне қатысқан.

Т. Раушанұлы