Құрманғазы оркестрінің кіші құрамы Дүниежүзілік музыка ЭКСПО-сында өнер көрсетті

Құрманғазы оркестрінің кіші құрамы Дүниежүзілік музыка ЭКСПО-сында өнер көрсетті

2019 жылдың 5 желтоқсанында Бейжің қаласында (ҚХР) Дүниежүзілік музыка ЭКСПО-сы аясында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі "Ұлы дала сазы" атты Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концертін ұйымдастырды.  

2009 жылдан бастап ұйымдастырылып келе жатқан Дүниежүзілік музыка ЭКСПО-сының басты мақсаты - қытайлық көрерменді әр елдің ұлттық музыка өнерімен таныстыру. 

Осы орайда, биылғы жылға дейін Әзірбайжан, Беларусия, Испания және өзге де елдердің оркестрлері өз өнерлерін көрсеткен болатын. 

Бейжің қаласындағы Тяньаньмэнь алаңына және  Халық жиналыстар үйіне жақын маңда орналасқан сопақ күмбез нышанында құрылған ғимарат - Ұлттық орындаушылық өнер орталығы "Үлкен Ұлттық театр" деп те аталады.  

Құрманғазы оркестрінің концерті 5 желтоқсанда Ұлттық орындаушылық өнер орталығының (Үлкен Ұлттық театр) сахнасында "Әлемдік музыкалық сериялар" жобасы аясында өтті. 

Қазақстанның Қытайдағы өкілетті елшісі Ғабит Қойшыбаев оркестр ұжымына алғыс білдіріп, концертке жоғары бағасын берді.

Ол қытайлық өнер сүйер қауымның қазақ музыкасына деген қызығушылығы мен ілтипаты артып, тәнті болғанын жеткізді.

Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрінің концерттік бағдарламасында Құрманғазы, Түркеш, Нұрғиса Тілендиев, Дәулеткерей, Абай, Моцарт, Брамс және өзге де қазақ және шетел композиторларының шығармалары орындалды.  

Сондай-ақ, аталған іс-шараға Абай атындағы мемлекеттік Академиялық опера және балет театры мен Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясының солисі Фархад Кубиев және Астана Опера Мемлекеттік опера  және балет театрының солисі Айзада Капонова қатысты. 

Естеріңізге сала кетсек, Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестріне биыл 85 жыл толды. 

 
А. Рысдәулет