"Славян базары -2019" байқауында отандасымыз Әділхан Макин гран-при иегері атанды

Биылғы "Славян базары -2019" байқауына ел атынан Т. Жүргенов атындағы өнер академиясының 4 курс студенті Әділхан Макин қатысып, байқаудың Гран-при иегері атанды. 

Әділхан Макин бірінші айналымда  Игорь Николаевтің "Озеро надежды" әнін орындап, 89 бал (ең жоғары бал 90) жинап көш бастаған болатын.

"Ассалаумағалейкүм құрметті тыңдармандар! Мен бұл жеңісімді отандастарыма арнаймын. Бәріңізге алғысым шексіз", – деді әншінің өзі. 

"СҮЙІНШІ, ҚАЗАҚ ЕЛІ!!! Қазақстан өнерінің абыройы тағы бір мәрте асқақтап, "Славян базары-2019" xалықаралық фестивалінде мемлекетіміздің намысын қорғаған Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы "Эстрада өнері" факультетінің 4 курс студент ӘДІЛХАН МАКИН - Гран-При-ге ие болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлы ақын Абай атамыздың 175 жылдығына арналған өлең оқу эстафетасы туралы көрермендерге қазақ тілінде xабарлап, "Славян базары" фестивалінің үлкен саxнасында Абайдың "Көзімнің қарасы" әнін арнайы орындады. Әділxан - 2 турда да үміткерлердің көшін бастап, қорытындысында 178 ұпай жинап, қатарластарынан оқ бойы озып, суырылып алға шықты", – деді Т. Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының ректоры Асхат Маемиров Витибскіден жолдаған ресми xабарламасында.

Сурет А. Маемировтың facebook парақшасынан алынды.

Айта кетейік, былтыр "Славян базары -2018" байқауында отандасымыз Әміре атымен танылған Ернар Садырбаев екінші орын алған еді.