Димаш Құдайберген бейнебаян түсіріліміндегі суреттерін желіге салды

Димаш Құдайберген бейнебаян түсіріліміндегі суреттерін желіге салды
Фото: Inform.kz

11 ақпанда қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайбергеннің Испанияға аттанғанын хабарлаған едік. Өнерпаз бұл елге «Любовь уставших лебедей» әніне бейнебаян түсіру үшін барған. Кеше Димаш түсірілім кезіндегі суреттерін Instagram парақшасына жариялады.

«Қадірлі достар! «Любовь уставших лебедей» әнінің бейнебаяны түсірілімінен алынған бірнеше фотосуретті сіздермен бөліскім келді. Клиптің режиссері - Алан Бадоев. Өздеріңіз түсінген шығарсыздар, видео фэнтези стилінде түсірілді.   Сіздерді жақсы көремін!», - деп жазды Димаш Құдайберген.

"Любовь уставших лебедей" әнінің авторы – Игорь Крутой. Димаш композитор жайлы жеке ойын желіге ашық жазған еді.

«Әрине, әнші үшін жақсы композиторлармен жұмыс жасау өте маңызды. Осы орайда, менің мансабымда, шығармашылық өмірімде жақсы композиторлар кездесіп жатыр деп айтуға толық негіз бар. Қазіргі уақытта біз Игорь Крутоймен жақсы музыкалық тандем болып жүрміз. Ол кісінің кәсіби тұрғыдағы біліктілігі, музыкадағы білімі туралы ұзақ әңгіме айтуға болады. Өйткені, ол Паворотти, Лара Фабиан, Дмитрий Хворостовский секілді әлемдік композиторлармен жұмыс істеген білікті өнер иесі. Қазіргі таңда Крутойдың шығарған бірнеше туындылары менің репертуарыма еніп отыр», - дейді Димаш Құдайберген.

Игорь Крутой қазақстандық әншінің Ресейде де талай шыңды бағындыратынына сеніп отыр. Димаш композитормен бірге бірнеше рет ән де шырқаған.

А. Қажиев