The Spirit of Dance. Грузиялық Gzeba жобасы

The Spirit of Dance. Грузиялық Gzeba жобасы
Фото: vk.com

Халықаралық The Spirit of Dance заманауи этникалық музыка жəне би фестивалінің ұйымдастырушылары 14 қыркүйек күні Астанада өтетін шоудың алғашқы қатысушыларын жариялады.

Грузия елінің өзіндік мәдениетін қазақ даласына көрсету үшін Gzeba Georgian Dance би тобы, "Сими"вокалды триосы мен DJ G@G және музыкант Giga Nibladze  келеді.

Қазақстан Республикасының Мəдениет жəне спорт министрлігі The Spirit of Tengri жобасымен бірлесе ұсынатын əлемде баламасы жоқ би шоуы Астана қаласының 20 жылдық мерейтойын тойлау шеңберінде "Қазақстан" орталық концерт залында сағат 19:00-де өткізіледі.

The Spirit of Dance —  жоба ұйымдастырушыларының 4-ші бірлескен туындысы. Онда негізгі акцент би өнеріне беріледі. Фестиваль сахнасына әлемнің 7 түрлі елінен келген музыканттар, бишілер мен диджейлер шығады.

Ерекше жобаға билетті ticketon.kz сайтынан немесе "Қазақстан" орталық концерт залының кассаларынан алуға болады. 

Gzeba аталатын грузин биі театрының негізі 2006 жылы қаланған. Ұжымның бас хореографы —  грузиялық GeoTRAIN ethno-world тобының мүшесі Александр Чумбуридзе. Әртіс GeoTRAIN құрамымен бірге The Spirit of Tengri жобасына бірнеше рет қатысқан.

Би шоуларын қойған кезде хореограф грузин ұлтының елден ерек мәдениеті мен тарихына терең үңіледі. Gzeba жобасы көптеген халықаралық фестивальдер мен конкурстарға қатысқан. 2013 жылы Болгарияда өткен "Таңшолпан" сайысында Гран-при жеңіп алды. 2016 жылы Gzeba тобы кәсіпқой квинтет бишілермен толықты. Ұжым үлкен аудиторияны қамтуды көздейді.

"Қазақстанға дұғай сәлем! Мен, Александр Чумбуридзе, Gzeba грузиялық би өнері театрының хореографымын. Gzeba грузин тілінде "алаула" деген мағына береді. Грузин ұлтының билері қазақ билері секілді халықтың мінезін паш етеді. Біз сахнада алаулап жанамыз. Ұжым үшін The Spirit of Dance жобасына қаысу үлкен мәртебе екенін атап өткім келеді ", - деді Gzeba тобының негізін қалаушы Александр Lexo Чумбуридзе қазақ халқына жолдаған видео сәлемдемесінде.

Грузиялық "Сими" вокалды триосы шығармашылығының 30 жылдығын атап өткелі отыр. Ұжым құрамында Зазв Вепхвадзе, Зураб Цкитишвили, Каха Асланишвили сынды музыканттар бар. Ұжым Франция жерінде 500-ден астам концерт өткізген.

Бишілермен бірге сахнаға диджей DJ G@G (Гаги Брегвадзе) шығады. 26 жастағы жігіт музыкаға жастайынан әуес. Ал, электронды музыкаға 14 жыл бұрын келген. Оны музыкалық талғамының қалыптасуына Pink Floyd, Rammstein, Led Zeppelin, Marc Houle, Kraftwerk сынды атақты топтар әсер еткен. Ол Mtkvarze, Cafe gallery, Infinitum bar, Color Fest, Trophy expedition, Roof Sundayz, Frash Sundayz сынды атақты клубтарда өнер көрсеткен.

The Spirit of Tengri - қазақ жерінде әлемнің этникалық дәстүрін көрсетуге бағытталған мультимәдени жоба. 2012 жылы ұлттық Tengri FM радиостанциясы бекіткен. Бес жылда 100 мыңнан аса қонақ пен көрермен қамтылды. Оның сахнасында 30 елдің музыканттары өз өнерін көрсетті. 

А. Оралқызы