Махаббат музыкасы

Махаббат музыкасы
Фото: vk.com

Жас дарынды әртістер – «Астана Опера» солистері, халықаралық байқаулардың лауреаттары – Назым Сағынтай, Малика Минизини, Рамзат Балакишиев, Ержан Саипов, Шыңғыс Расылхан жүректі тебірентер нәзік сезім жайлы танымал туындыларды орындайтын болады. Елорданың 20 жылдық мерейтойына арналған «Жүректен шыққан махаббат әні» концерті театрдың Камералық залы сахнасында 10 маусым күні сағат 18:00-де өтпек. Фортепиано партиясында – Мәдениет қайраткері Елена Сахно.

- Махаббат деген ұлы сезім өнердің барлық түрінде жауһар туындыларды өмірге әкелу үшін әр уақытта да жасампаздарға шабыт беріп отырған. Әрбір композитор осынау керемет сезімге бірнеше шығарма арнаған. Жас солистер махаббат жайлы аса тебіреніспен ән салуда. Бұл кеште тыңдармандар назарына музыкада орын алатын барша көңіл-күй, жүрек жылулығы мен толғаныс тереңдігі ұсынылатын болады, - деп атап өтті Елена Сахно.

Концерттің қанық та қызықты бағдарламасына қазақ, орыс және батыс еуропалық классика жауһарлары енген. Баршаның сүйікті әндері мен романстары – қазақ халық әні «Ахау керім», Ғ.Жұбанованың «Из травы я взлетела...», Ақан серінің «Қараторғай», Жаяу Мұсаның «Ақсиса», Э.Куртистың «Вернись в Сорренто», Ф.Тостидың «Песня прощания», Ч.Биксионың «Мама, я так счастлив...», Ф.Дурантеның «Ты любви полна...», орыс халық әні «Ах, ты, душечка», М.Глинканың «Сомнение», П.Чайковскийдің «Средь шумного бала...», Л.Малашкинның «О, если б мог выразить в звуке...» т.б. шырқалады.

Әртістер әлемдік опера репертуарынан ария, дуэттер орындамақ, олардың қатарында – Дж.Россинидің «Севильдік шаштараз» операсынан Розина ариясы, Берта ариясы мен Дон Базилио арисы, Дж.Перголезидің «Катон» операсынан Конфуз ариясы, А.Вивальдидің «Баязет» операсынан Ирен ариясы, Ж.Оффенбахтың «Гофман ертегілері» операсынан Баркарола, П.Чайковскийдің «Евгений Онегин» операсынан Ленскийдің ариозосы, Н.Римский-Корсаковтың «Патша қалыңдығы» операсынан Грязной ариясы және т.б. бар.

А. Оралқызы