Елорданы құттықтап келетін әншілер жайлы не білесіз?

Елорданы құттықтап келетін әншілер жайлы не білесіз?
Фото: vk.com

Open air show – шетелдік сөз болғанымен, ашық аспан астында ән айтып, өнер көрсету қанымызда бар дүние екені белгілі. Ал жаңа заман форматындағы концерттер Ресей, Чехия, Финляндия, Германия, Дания, Швеция секілді еуропалық мемлекеттерде жиі өткізіледі. Мыңдаған адамды бір алаңға жинайтын Астаналық «Ұлы дала бірлігі» шоуы шетелдік нұсқалардан кем түспесі анық.

Астананың 20 жылдығына орай қала әкімдігі мен Жетінші арна ұйымдастырып отырған концертке келетін жұлдыздар жайлы кеңірек ақпарат бере кетейік. Он жылдан аса сахнада жүрген Қайрат Нұртас алғаш рет орыс тілінде «Думаю» әнін жазып, інісі Заңғармен «My universe» деген ағылшынша әнге бейнебаян түсірді. Әнші шетелдік сахналарды бағындырғысы келіп жүр ме, қалай өзі.

Әлішер Кәрімовты тыңдармандары сүйіктісі Диорамен қосылғалы жатыр деп, тойға дайындалып жүрсе, барлығы тек БАҚ үшін ұйымдастырылған уақытша науқан болып шықты. Жақында ғана жеке ән кешін өткізген әртіс енді өзіне осылай назар аударғысы келсе керек.

«Самая вышка» хитімен танымал болған Артур мен Райым Мәскеуде екі кеш қатарынан өнер көрсетті. Жігіттер бұл әнді жазғанда дәл осындай сұраныс болады деп ойламағанын жасырмайды.

Ал Бейбіт Құшқалиевтің «Бүйтіп биле» әні мұхит асып Америкаға жеткен. Құрама штаттар тұрғыны осы хитке билеп, нәпақа тауып жүрген көрінеді. Алдымен әні жетті, кейін өзі де барып концерт беретін шығар?

Астаналық Open air-ге келетін ресейлік жұлдыздардың да жаңалықтары жетерлік. Мәселен, романтикалық хиттердің орындаушысы Макс Барских жақында рэпер L’One-мен дуэт жазбақшы. Арнайы бейнеклип үшін шашын жасыл түске бояған Макс Астанаға қандай түсті боп келеді екен.

Биылғы жылдың басында таралған дақпырт Дима Биланның тыңдармандарын біраз әуре-сарсаңға салып еді. Әншіні ауырды деді, кейін тіпті өмірден озғаны жайлы ақпарат айтылды. Бүгінде ол барлық сыбыстың басын қайырып, жаңа әндер жазуда.

Бірде әнші, бірде биші, енді бірде әзілкеш Тимур Родригез хип-хоп стилінде бейнебаян түсіріп, 10 күннің ішінде Youtube-тың миллионеріне айналды!

Аты аталған жұлдыздарды ғана емес, сонымен қатар Маржан Арапбаева, Ринат Малцагов, «Музарт Life», «91» топтарын, Сергей Лазарев, Джиган, Анна Седокова мен Натанды сахнадан көріп, әндерін көпшілікпен бірге тыңдағыңыз келсе, ертең, 29 мамыр күні сағат 17.00де Қазақ елі монументінің алаңына келіңіз!

А. Оралқызы