Данэлия Төлешова үш арманын айтты

Данэлия Төлешова үш арманын айтты
Фото: google.kz

Алматылық Данэлия Төлешова Украинаның ең танымал талант шоуында жеңімпаз атанды.«Голос. Дiти» ән байқауының төртінші маусымы тартысты болғанымен, Қазақстанның дарынды қызы жеңісті қолдан бермей, жүзден жүйрік шықты. Үздік әнші тікелей эфир кезінде смс жолдаумен анықталды. Данэлияның зор дауысына Украина халқы тағы да тәнті болды. Суперфинал кезінде біздің дарынды қызымыз атақты «Океан Эльзы» тобының осал әншілер айта алмайтын «Не твоя война» композициясын нақышына салып тұрып орындап берді. Зор дауыстың әсері залдағы талай жанды әрі жетекшісін қатты толқытса керек, көздеріне жас алмаған көрермен аз болды. Ақтық сында Данэлия «Spectrum» әнін орындап, көптің махаббатын жаулап алды. Смс жолдаудың нәтижесінде Данэлия төртінші маусымның жеңімпазы атанды.  Байқаудың төрелері кезек-кезек сөз алып, Данэлияны әлемдік деңгейдегі жаңа жұлдызға теңеді.

 Данэлия Төлешова, «Голос. Дiти» 4-маусымының жеңімпазы:  - Алтын балықты ұстап алып, ол үш мақсатыңды айт десе, былай деген болар едім. Біріншіден – өз ісімнің шебері болғым келеді, өмір адамға бір рет беріледі, сол өмірді сүйікті ісіммен айналысып, мағыналы өткерсем деймін. Екіншіден – әлемнің барлық баласы қайғы көрмей, денсаулығы мықты әрі жақсы жанұяда өмір сүрсе, үшіншіден – өзіме сұлулық тілеймін. Сұлулықты жанымдай жақсы көремін. 

Елена Төлешова, Данэлияның анасы: - Қазіргі күні Данэлияның әлемнің әр түкпірінде фан-клубтары құрылып жатыр, бұл қуантпай қоймайды. Бізді жылы қабылдап, төбесіне көтерген тамаша халық – Украинаға және оның жылы жүзді адамдарына алғысым шексіз! Қазақстан халқына, оның махаббатына мың рақмет. Бірінші күннен бері жанымыздан табылып, халқымыздың бір бөлшегіндей болған «Хабар 24» арнасының ұжымына алғысым зор, қолдап, қуаттап, бізге шабыт беріп, жанымыздан табылдыңыздар, көп рақмет!  «Голос. Дiти» жобасы Данэлия Төлешеваға жеңімпаздың мүсіншесін табыс етті. Әрі жас талантқа Париж қаласындағы «Диснейлэндке» жолдама табысталды.  

Дерекккөз: 24.kz

А. Жапатова