Нобель иегері Боб Диланның гитарасы сатылды

Нобель иегері Боб Диланның гитарасы сатылды
Фото: vk.com

Heritage Auctions бәссауда үйі атақты музыкант Боб Диланның гитарасын сатты. Ерекше поэтикалық тілімен қоса, өзіндік философияға қанық әндері үшін былтыр әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығын иеленген Дилан  60–70-ші жылдар аралығында концерттерін осы гитарамен өткізген екен. 1963 жылы жасалған аспап $400 мыңға бағаланды.

Heritage Auctions бәссауда үйінің құнды лоты – Martin D-28 гитарасы. Музыкант оны 1967 жылы сатып алған. Көптеген концерттермен қоса, The Beatles тобының мүшесі Джордж Харрисон Нью Йорк қаласында ұйымдастырған «Бангладешке арналған концертте» де осы гитара серік болды.

Боб Диланның гитарасын саудаға өткізген оның аспаптарын жөндеуші Ларри Крэгг есімді азамат болып шықты. Ол Martin D-28 гитарасын Диланнан 1977 жылы бар болғаны $500 бағаға сатып алған.

Боб Дилан аспаптары алғаш рет бәссаудаға салынып отырған жоқ. Бұған дейін де ойға сыймайтын қаржыға сатылып жүрген. Мысалы, 2013 жылы Christie’s бәссауда үйінде Fender Stratocaster электрогитарасы $965 мыңға өткен еді. 

А. Оралқызы