ХХ ғасырдың музыкалық хиттері

ХХ ғасырдың музыкалық хиттері
Фото: wallpaperinhd.net

«ХХ ғасыр хиттері» концертінің әндері бұрын әр үй, аула, көше, алаңдарда, теледидарда орындалатын, олар барлық мейрамдар мен іс-шараларда шырқалатын. Бұл хиттерді 19 маусым күні «Астана Опера» Камералық залында тыңдауға болады.

Елордалық тыңдарманға М.Таривердиев, А.Зацепин, Н.Богословский, Т.Хренников, Э.Колмановский, А.Пахмутова, Е.Мартынов, Е.Крылатов сияқты әйгілі авторлардың музыкалық шығармалары мен көпшілік сүйіп тыңдайтын Ш.Қалдаяқовтың «Ана туралы жыр», «Ақерке Ақжайық», Т.Тайбековтің «Жас даурен» және тағы басқа әндері ұсынылады.

Концертті ұйымдастырушы Елена Сахно өзімен бірге қызмет жасайтын солистердің барлығы бірдей өз алдына дара тұлға екенін айтты. Вокалисттердің есімі тек Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде де жақсы танымал. Олардың қатысуымен өтетін түрлі жанрдағы әсерлі музыкалық кештер зор сұранысқа ие.

Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Жаннат Бақтай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Дина Хамзина, Салтанат Ахметова, Сүндет Байғожин, Жан Тәпин, халықаралық байқаулардың лауреаттары Талғат Ғалеев, Евгений Чайниковтың дауыстары тыңдарманды шаттыққа бөлейді.

Одан басқа Камералық зал сахнасында өнер көрсететін талантты аспапшылар – Кирилл Красюков, Нарғыз Ережепова (скрипкалар), Жанар Ахатова (альт), Курванжан Ахатов (виолончель), Александр Малиновский (туба), Марат Омаров (соқпалы), сонымен қатар «Астана Опера» Балалар хоры (жетекшісі – Алтынғаным Ахметова). Фортепиано партиясында – халықаралық байқаулардың дипломанты, «Мәдениет қайраткері» Елена Сахно.

– Табысты концерттік бағдарлама жасаудың сыры – бұл, ең алдымен, музыкаға деген махаббат. Орындаушылар менің барлық бастамамды ынтамен қолдап, идеяларын айтады, бағдарламаны қалыптастыруға ұсыныстар енгізеді. Содан кейін, бірлесіп нота материалдарын іздейміз, өңдейміз, жаңа репертуарды үйренеміз. Әртістер үшін ең бастысы – ыстық ықыласты сезіну, көрерменнің жүзінен қуаныш көру. Міне, біз осы үшін өмір сүреміз, қызмет етеміз. Залдардың лық толуы – әнші үшін ең үлкен марапат. Әркез музыканттар көрерменді қайталанбас және ұмытылмас жаңа нөмірлермен таң қалдырғылары келеді,– деді Елена Сахно.

Г. Берік