Бүгін Алматы қаласында еліміздегі ең үздік өнерпаз балалардың гала-концерті өтеді

Бүгін Алматы қаласында еліміздегі ең үздік өнерпаз балалардың гала-концерті өтеді
Фото: kazakhstanzaman.kz

«Балалар әлем ырғағында» фестивалінің жеңімпаздары бүгін сағат 19:00-де Алматы қаласындағы Орталық мәдениет және демалыс саябағында өнер көрсетеді. Шығармашыл жастардың гала-концерті ЮНЕСКО-ның 70 жылдығына арналып отыр.

Кешке еліміздегі ең үздік әрі жас 25 өнерпаз қатысады. Балалармен бірге қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Роза Рымбаева, Ғазиза Габдрахимова, Марсель, «Алматы» симфониялық оркестрі, «Art-Vocal» вокалдық квинтеті, JCS джаз тобы өнер көрсетеді.

Мерекелік кешке Алматы қаласының әкімдігі, ҚР мәдениет және спорт министрлігі, ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ҚР Ұлттық комиссиясы, ЮНЕСКО-ның Алматыдағы кластерлік бюросы, ҚР тұңғыш президент қоры, NGS+, Total E&P Kazakhstan, SB Capital, Caspian, Ramada Almaty компаниялары, Doma Doma, Plast Invest, Честретон, Orda Invest, Саутс Ойл, Expert Salon қоғамдық қорлары, MediaNet халықаралық журналистика орталығы, Меломан кассалар желісі және Сәния Ілиясованың академиясы демеушілік көрсетуде.

Естеріңізге сала кетейік, «Балалар әлем ырғағында» фестиваліне 12 мен 17 жас аралығындағы барлық балалар қатысуға мүмкіндік алды. Олар вокал, музыкалық аспаптарда ойнау, хореография аталымдары бойынша сынға түсті. Фестивальдің басты мақсаты, еліміздегі жас балалардың өнерін қолдау және сол арқылы қазақ елін күллі әлемге мәшһүр ету.

Ж. Исакаев