Бауыржан Ретбаев "Дауыс KZ" тобынан кетті

Бауыржан Ретбаев "Дауыс KZ" тобынан кетті
Фото: massaget.kz

Еліміздің жас әрі болашағы зор "Дауыс KZ" тобынан "Қазақстан Дауысы" жобасының жеңімпазы Бауыржан Ретбаев кетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі топ менеджерінің парақшасына сілтеме жасай отырып.

Жақында ғана біз топпен кездесіп, сұхбаттасып, болашаққа бағытталған мақсаттарымен танысқан болатынбыз. Жас әншілер Ұлықпан Жолдасовтың жолын қуып, сілтеген бағытына сеніммен аяқ басуға дайын екенін де айтқан болатын.

Бірнеше күн бұрын Ұлықпан ағамыз Стокгольмнен жағымды хабармен оралып, жаңа әлемдік жобалармен жұмыс істейтінін хабарлаған еді. Сол арада жігіттер де әлемге шығып, әнін таныстыратын болып, ризашылығын білдірген. Топтан көп үміт күтетін тыңдармандар бұл жаңалықты естіп, дауласуда.

Ұлықпан Жолдасовтың жұбайы Айған Жолдасова өз парақшасында: "Сүйінші! Швециядан біз көптен күткен жағымды жаңалық жетті. Ұлықпан дәл қазір Бритни Спирс, Джениффер Лопес, Иль Диво, Александра, Хелена Папаризу сияқты жұлдыздар жазылған әлемдік студиямен келісім-шартқа отырды. Николос Олсонмен жасалған шарт Ұлықпанның әндерінің әлемдік сахнаға шығуына мүмкіндік береді. Швеция, Грекия, Испания сынды елдердің әлемге танымал студияларында Ұлықпанның авторлық әндері толықтай жасалып, мега жұлдыздардың орындауымен бір альбом жарық көреді. Ол альбомға "Дауыс KZ" тобының да бірнеше әні енеді және сол әндердің таралуына Николас мырзаның өзі атсалысады. Сонымен қатар, сол әндердің біріне шетелдік бейнебаян түсіріледі", - деп хабарлаған болатын.

Топтың менеджері Бақытжамал Садырбай топтың тарауының себебін былай түсіндірді: "Бүгіннен бастап "Дауыс KZ" тобының әншісі Бауыржан Ретбаевпен жасалған келісім-шарт бұзылды. Бауыржан енді топтың әншісі емес. Бауыржанның отбасының топтың жұмысына кедергі келтіруіне байланысты продюсеріміз осындай шешім қабылдады. Яғни отбасы "Бауыржан "Қазақстан Дауысы" жобасының жеңімпазы болғандықтан, Бердібек Құлғараев екеуі топ болуға лайық емес. Бауыржан жеке әнші болуы керек. Себебі ол "Қазақстан дауысы!" деген пікірде. Осы сынды сөздер және келісім-шарттағы пунктермен отбасының келіспеуіне байланысты топтың шығармашылығын жалғастыруына мүмкіндік бермегендіктен, продюсеріміз топтың жұмысы "қызып" кетпей тұрғанда келісім-шартты тоқтатуды жөн санады". 

Расында да, жаңа мақсаттарды алға қойып, оларды орындауға бірнеше қадам қалған еді. Жігіттер жақында қазақстандық жаңа "7 ән" жобасына қатысып та үлгерді. Онда Мейрамбек Беспаевтың "Аяулыма" әнін орындап, әртүрлі бағаға ие болды.

Инстаграм желісінде топтың жеке парақшасында қолданушылар бас көтеруде. Тіпті "Бауыржан мен Бердібек сөзге келіспей қалды" сынды пікірлер де жазылуда. Алайда топ продюсерінің жұбайы Айған Жолдасованың айтуынша жігіттердің арасы әлі күнге дейін жақсы, бар болғаны Бауыржанның отбасы оның топта ән айтуына қарсы.

Жігіттерге жарқын әншілік болашақты болжап, екеуін егіз қозыдай көретін халықты бұл жаңалық дүрсілкіндірді. Енді топтың келешегі қандай болмақ екені әзірше белгісіз. Топ продюсерінің әлемдік аренаға шығу жоспарына бұл жаңалық қатты әсерін тигізбес деген үміттеміз.

Ұқсас жазба:

"Дауыс KZ" тобы: "Қазақстанды әлемге танытуға атсалысамыз"

Ф. Абилова