Телеарна басшысы тыңдармандарды Әли Оқапов пен Қайрат Нұртастың тобы деп екіге бөлді

Телеарна басшысы тыңдармандарды Әли Оқапов пен Қайрат Нұртастың тобы деп екіге бөлді

Үстіміздегі жылдың жазынан бастап жұмыс істеп келе жатқан Gakku TV арнасының бас директоры Тимур Балымбетов қазақстандық тыңдармандарды екі топқа бөлді.

Artparovoz.kz басылымына берген сұхбатында Тимур Балымбетов: «Жергілікті халық көретін арналарының контентін азырқанатын, өз халқының музыкасын тыңдағысы келетін аудиторияға арналған арна жасағымыз келеді», – дей келе – «Біздің мақсатымыз – Қайрат Нұртастың да, Әли Оқаповтың да әндерін тыңдайтын қалалық және ауылдық тыңдарманға да қызықты болатын плей-лист жасау» деді.

Орыс тілінде алынған сұхбатты төмендегі видеодан тыңдай аласыздар.

Gakku TV арнасының сайтында бұл қазақстандық музыканы насихаттайтын жалғыз арна екені жазылған. Жаңа арнаның бас директоры Тимур Балымбетовтың сөзінше, арнаның негізгі миссиясы – қазақ эстрадасының антологиясына айналу. Әзірге арна тек спутник және интернет жолдары арқылы тарайды. Ал 2014 жылдың күз айында Gakku TV кабельдік жүйемен ақпарат тарататын болады. Бас директордың айтуынша, арнада музыкалық индустрияның әрқандай саласы жайында баяндайтын түрлі бағдарламалар ашылады.

Арна эфирінде «Жап жаңа», «Еп ескі», «Чак-чак», «Той думан», «Кең дала» және «Хип-хоп» деген тематикалық блоктар бар.

Gakku TV музыкалық арнасы ротациялар арқылы ақша табу жолын көздемейді, яғни әншілерді эфирден көрсету үшін ақша талап етпейді.

Ескерте кетейік, осы жылдың жазында қазақстандық телевизия эфирінде MuzLife музыкалық арнасы ашылған болатын. Оның телевизиялық продюсері елімізге танымал тұлға Эрик Тастамбеков.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

Сурет: artparovoz.com

А. Құлтай