Болат Мажағұлов: "Қазақстанда "Астана жұлдызы" бренд бәйге болу керек"

Болат Мажағұлов: "Қазақстанда "Астана жұлдызы" бренд бәйге болу керек"

2014 жылы 3 шілде Астана қаласы «Бейбітшілік және Келісім» сарайында Екінші «Астана жұлдызы» Кәсіби Музыка Бәйгесі өтеді. Елордада Қазақстанның өнер жұлдыздары ең жарқын шоудың куәгері болу үшін екінші рет жиналады. «Астана жұлдызының» сахнасында ең үздіктердің есімі белгілі болады. Еліміздегі ең беделді «Астана жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесінің» бастамашыларының бірі Астана қаласы әкімдігі Мәдениет басқармасының басшысы Болат Мажағұлов бәйгенің пайда болуы туралы әңгімелеген еді.

 - Болат Бауыржанұлы, «Астана Жұлдызы» бәйгесі биыл екінші рет ұйымдастырылып отырса да, жылдың ең жарқын оқиғасына айналып үлгерді. Көпшіліктің қызығушылығын қалай түсіндіре аласыз?

- Менің ойымша, бәйгеге қызығушылық оның қазақстандық музыка индустриясының болашағына қосар үлесі мен маңыздылығынан, идеясынан-ақ пайда болады. Қазақ жерінде дарындылар көп, оның дәлелі – бүгінгі қазақ эстрада жұлдыздары. Біздің әртістер, композиторлар, жалпы барша өнер иелерінің еңбегі еленіп, тиісті бағасын алу керек деп ойлаймыз. Әрине, Қазақстанның кәсіби музыкалық бәйгесін өткізуді бұрыннан жоспарлаған болатынбыз. Сол ойымыз тек былтыр ғана Астана күнінің 15 жылдығына орай «Астана жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі» деген атпен жүзеге асты. Біз үшін бұл жобаның музыканттар арасындағы сапасы жоғары бәйге болғандығы маңызды. АҚШ-та ең танымал бренд және сапалы бәйге «Грэмми» болса, Қазақстанда «Астана Жұлдызы» болу керек.

Алдымызға үлкен мақсат қойып, бар күшімізбен соған қол жеткізуге тырыстық. Алғашқы «Астана Жұлдызы» Ұлттық Музыка Бәйгесінен кейін бұл жоба үлкен танымалдылыққа ие болды. Оған сарапшылар мен сыншылардың, өнер иелерінің оң пікірлері дәлел бола алады. Ең бастысы, осы жылы кезекті бәйгені барлығы тағатсыздана күтуде. Бұл – ең бастысы.  

- Сіздің көзқарасыңыз бойынша, «Астана Жұлдызының» өзге бәйгелерден айырмашылығы неде?

- «Астана Жұлдызының» басты айырмашылығы – жеңімпазды таңдаудағы шеберлік екендігін айтудан жалықпаймыз. Бізде мықтыны көрермен де, жанкүйер де емес, кәсіби сарапшылар анықтайды. 100 кәсіби маманның құрамында әртістер, продюсерлер, композиторлар, ақындар, музыка және fashion-өндіріс мамандары, БАҚ өкілдері бар. Олардың барлығы да отандық музыканың дамуына үлес қосқан жандар. Дауыс берудің бұл жүйесі әлемдік деңгейде қолданылып жүр.

Біз, «Астана Жұлдызы» тек қана жұлдыздардың дәрежесін анықтап қана қоймай, музыканың жаңа бағыттарын анықтап, ұлттық мәдениеттің дамуына зор үлес қосатынына қуаныштымыз.

- Екінші «Астана Жұлдызы-2014» бәйгесі аспанда жаңа жұлдыздың пайда болуынан бастау алды. Бұндай сыйлық тарту ету кімнің идеясы еді?

- «Астана Жұлдызы-2014» атауымен жұлдызды тіркеу «Астана Жұлдызы» ұйымдастырушыларының идеясы. Біз Қазақстан жұлдыздарына аспан төрінен жұлдыз сыйлайық деп шештік. Сыйладық! Себебі, «Астана Жұлдызы» атауы, аспанға ұшып тұрған статуетканың өзі осындай ой салып тұрады. Жұлдыз Солтүстік жартышарда «Астана Жұлдызы» атауымен Халықаралық «Ғарыш-Жер» жұлдыздар каталогында тіркелді. Енді, біздің жұлдыздардың өзінде жұлдыз бар (күліп).

- «Астана Жұлдызы» бәйгесінде аталымдар қатарында үміткер болу үшін не істеу керек?

- Бір жыл бойы еңбектену керек. Үміткерлер өз еңбектерінің (ән, бейнебаян) сапалы болуын қадағалау керек. Себебі, бұл сарапшылардың назарында болады. Бәйгенің ұлттық екенін ескерсек, «Астана Жұлдызы» статуеткасына ие болу біздің әртістерге үлкен мақсат болмақ.

- Үміткерлер қатарынан көрінбеген өнер иелеріне қандай тілек айтасыз?

- Біздің әртістер шаршамай, талмай еңбек етсе деймін. Жыл сайын іріктеу, жеңімпазды таңдау қиын болғаны дұрыс. Музыканың, ән мәтіндерінің, бейнебаяндардың  сапасы күн санап жаңарып келеді. Егер адамның еңбегі барлық талапқа сай, жаңалық әкелетіндей дүние болса назардан тыс қалмасы анық. Сондықтан, жүлделі орындарды ең дарындылар иеленеді. Осындай қысқа уақыт аралығында бәйгені Қазақстанның музыка өнеріндегі бренді жасағанымызға қуаныштымыз.

- Астана күніне қандай тілек айтасыз?

- Біріншіден, барша қазақстандықтарды Астанамыздың 16 жылдығымен құттықтаймын. Осы жылы Астана қаласы жасөспірімдік кезеңге де жетті десек болатын шығар. Астананың туған күніне осы уақытқа дейін үлкен жұмыстар атқарылып, енді, жақсы деңгейде өткізіледі деп ойлаймыз. Қала қонақтары Астанаға алғаш келгеннен көркіне таңырқай қарайды. Бірінші кезекте, осындай қаланы тұрғызуды мақсат еткен Елбасымызға алғыс білдіреміз. Бүгін Астана Қазақстанның мақтанышы, тәуелсіздігіміздің көрінісі болып отыр. 

Жолдаған: Торғын Абушахман

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева