Астана жұлдызы. Дүбірлі дода басталды!

Астана жұлдызы. Дүбірлі дода басталды!

«Астана жұлдызы» додасын ұйымдастырушылар дауыс берудің бірінші кезеңі аяқталғанын хабарлайды. Кәсіби сарапшылар 11 аталым бойынша жеңімпаз болуға лайық деп тапқан үш үміткерден таңдап алды. Енді, үздік үштікке іліккендер Қазақстан шоу-бизнесінде ең үздік атанып, алтын жұлдызды иеленуге таласады.  Жұлдыздардың сыйлықтары 2014 жылы 3 шілде «Бейбітшілік және Келісім» сарайында Екінші «Астана жұлдызы. Ұлттық музыка бәйгесі» Ресми марапаттау рәсімінде табысталады.

Астана қаласы әкімдігі музыкалық бәйгені алғаш рет Астана күнінің 15 жылдығына орай ұйымдастырды. Алғашқы қадамнан бастап, бұл жоба шоу-бизнесте ғана емес, еліміздің мәдениетіндегі  ең қызықты оқиғаға айналғаны анық. «Астана Жұлдызы» Ұлттық музыка бәйгесі» «Грэмми» бәйгесінің еліміздегі аналогы. Сол себепті, әлемдегі ең танымал музыкалық бәйгелер ережесіне сай жүзеге асады. Жобаның басты ерекшелігі - жүлдегерлерді таңдаудағы кәсібилік. Отандық музыканың дамуына, жаңарып, жаңғыруына әсер еткен үздік өнерпаздарды құрамында 100 кәсіби маман - еңбегі сіңген әртістер, продюсерлер, композиторлар, ақындар, музыка және fashion-өндіріс мамандары, БАҚ өкілдері бар Қазақстанның Музыкалық Академиясы таңдайды. Дауыс берудің осы жүйесі әлемдік деңгейде қолданылып жүр.

Сарапшылардың бірі, композитор Болат Сыздықов: «Қазақстан музыка индустриясындағы кез-келген жаңалық жұлдыздар үшін маңызды. Уақыт талабына сай, бәсекелестік артып, еліміздегі әртістердің өзі даму үстінде. Қазіргі таңда өнер иелеріне, жалпы, мәдениет деңгейін көтеретін «Астана Жұлдызы» атты Ұлттық музыка бәйгесінің пайда болуы жақсы жаңалық» - дейді.

Айта кетсек, былтырғы жылы «Musicola» тобының мүшелері Болат Сыздықов пен Карина Абдуллина жеңімпаз болды. Сонымен қатар, 2013 жылы алтын жұлдызды иеленгендер қатарында Роза Рымбаева, «МузАрт», «Ұлытау», «КешYou», Маржан Арапбаева, Али Окапов және ағайынды Задарновскийлер бар.

- Бәйгенің «Астана Жұлдызы» атауынан-ақ қандай деңгейде өткізілетінін аңғаруға болады. Кез-келген бәйгенің болашағы өзіміздің шоу-бизнеске, жұлдыздардың еңбектеріне және оны көрсете білуіне байланысты. Отандық музыка индустриясы үшін жаңа есімдер тауып, сахнаның майталмандарына көңіл бөлу маңызды. Осы тұрғыда, бәйге өте қажет, - дейді белгілі композитор Ренат Гайсин.

«Астана Жұлдызы-2014» үздіктерін анықтау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңнің қорытындысы жарияланып қойды. Енді, сарапшылар әр айналымнан ең мықтыны таңдайды. Соңында ең көп дауыс жинаған үміткер жеңіске жетеді. Одан бөлек, Қазақстан шоу-бизнесіне қосқан үлесі үшін тарту етілетін бәйгенің арнайы сыйлығы бар.

«Астана жұлдызы» ұлттық музыка бәйгесінің бастамашысы – Астана қаласы әкімдігі.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Сурет: season.kz 

Қ. Бүйенбай