«Аялаған Астана» байқауының ресми ашылу салтанаты өтті

1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күніне орай, Астана қаласында «Аялаған Астана» телевизиялық балалар байқауының финалистеріне арналған музыкалық мектеп есігін айқара ашты. Қазақстанның әр аймағынан жиналған 16 дарынды бүлдіршін 4, 5, 6 шілде Астана күні қарсаңында өтетін үлкен вокалдық байқауға қатысу үшін келді. Байқау жеңімпазына Қазақстанды «Балалардың Жаңа Толқынында» таныстыруға мүмкіндік беріледі.

1 маусым күні балалар бір-бірімен жүздесіп, Мәскеуден келген Лина Арифулина шеберханасының ұстаздарымен кездесті. Кәсіби мамандар қатысушыларға вокал, сольфеджио, актерлік шеберлік, би өнерінен сабақ беріп, олардың бойындағы талантын аша түспек. Балаларды құттықтау үшін әнші Маржан Арапбаева да келген. Көптеген құттықтаудан кейін Оқушылар Сарайының алдында қатысушылар алғашқы концертін беріп, «Аялаған Астана» байқауының әнұранын шырқады.

Естеріңізге сала кетсек, финалистер дәл осы күннен бастап Астанадағы музыкалық мектепте білім алады. Нақтырақ айтсақ, өздерінің вокалдық қабілеттерін шыңдап, Руслан Ботабаев жетекшілік ететін «Zaratushtra Band» оркестрінің сүйемелдеуімен өтетін телевизиялық шоуға дайындалады. Финалдық бәсекеге 12 концерттік қойылым дайындалып, қатысушылар жекелей, дуэт және триода ән салатын болады.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: "Аялаған Астана" балалар ән байқауының баспасөз қызметі