Алмас Кішкенбаев: «Аялаған Астана» өміріме жаңалық алып келді

Алмас Кішкенбаев: «Аялаған Астана» өміріме жаңалық алып келді

«Аялаған Астана» жобасының Қызылорда мен Астанада өткен іріктеулерінде Алмас Кішкенбаев тәлімгер болды. Балалардың өнерлерін тамашалап, ақыл-кеңесімен бөліскен әншімен сұхбаттасқан едік.

 -  Алмас, іріктеулерден қандай әсер алдыңыз?

-  Өте керемет әсер алдым. Себебі, барлық қатысушы жобаға өздерінің үлкен дайындықпен келгендерін, әрі қарай талмай еңбектеніп жүргендерін көрсетті. Кішкентай бүлдіршіндерге риза болдым. «Аялаған Астана» іріктеу кезеңінде Қызылордада да, Астанада да көптеген қатысушы жоғары деңгейде өздерінің өнерлерін көрсетті.

-  Балалардың деңгейі мен айырмашылығы қандай?

-  Мен кішкентай балаларды бөліп-жарып айтқым келмейді. Барлығы да жақсы өнер көрсетті. Мен үшін олардың барлығы бірдей және қатысушылардың осы жобада әрі қарай өз бақтарын сынауға әбден мүмкіншіліктері бар.

- Бұл байқау балаларға қандай мүмкіндіктер береді?

- Ең бастысы, кішкентай бүлдіршіндер «Жалпы, өнерде не керек?» деген сұраққа жауап іздейді. Өнер – тек қана ән айтумен, сахнамен шектеле ме, әлде ол өмірлік қызығушылығының бірі ме? Осыны дұрыс түсінген жағдайда ғана әрі қарай болашақта үлкен сахналарда өз өнерлерін көрсететін болады.

- Сіздің бала кезіңізде қатысқан байқаулардан «Аялаған Астананың» айырмашылығы, ерекшеліктері бар ма?

- Әрине, бар. Өйткені, біздің кезімізде өнеріңді тек қана әділқазылар бағалайтын. Ал қазір ғаламтор арқылы да, ұялы телефонмен «смс» дауыс беру арқылы да бағаланады. Айырмашылықтары өте көп. Қазіргі таңда, кішкентай бүлдіршіндерге, қатысушыларға қойылатын талаптар да үлкен. Мысалы, әндерді тек қана бір тілде емес, бірнеше тілде орындау керек. Оған қоса нақышына келтіріп орындап, билей білу керек. Біздер, сол уақыттан бері қарай еңбектенудің арқасында ғана сахнаға шығып, өз өнерімізді көрсетіп, халықтың ықыласына бөленіп жүрміз.

- Сол кездегі балалардың шығармашылық қабілеті мен қазіргі балалардың шығармашылық қабілеті қандай?

- Екеуі екі бөлек дер едім. Біздің кезімізде өзіміз немесе мұғалімімізбен ғана дайындалып, қазақ тілінде, кейде орыс тілінде ән айттық. Ал қазіргі кішкентай бүлдіршіндер ғаламтордан көптеген жаңа әндерді жаттап, оларды нақышына келтіріп орындап жүр. Ең басты ерекшелігі осы.

- Ауыл мен қаладан келген балалардың қандай айырмашылықтары бар?

- Дарындылар ауылдан да, қаладан да шығуы мүмкін. Ол жалпы кез келген адамның табиғатына байланысты. Жалпы, ауылдың баласы мен қаланың баласын салыстыруға болмайды. Былтырғы жылы «Аялаған Астананың» бірінші жобасында Ақтау қаласында болғанмын. Маңғыстау өңіріндегі ауылдан келген бір қыз болатын. Ағылшын тіліне жатық, сайрап ән айтып, жоғары деңгейде өнер көрсетті. Яғни, бала ауылда болсын, қалада болсын, ізденгеніне байланысты.

- Бұндай байқауларда сіз бірінші рет жетекшінің рөлінде емессіз. Бұл жобада өзіңізге қандай жаңалық аштыңыз?

- Бір қызығы, бірнеше жыл үлкен қалада жалғыз өзім тұрдым. Студент інілерім қалаға келіп, енді мен оларға тәрбие беріп, қадағалап жүруге тиіспін. Ол мен үшін кәдімгідей психологиялық дайындық болды. Одан кейін «Қазақстан дауысы», одан кейін «Аялаған Астана», сол себептен мен балалармен тіл табысуға да кәдімгідей психологиялық тұрғыда дайын болдым.  


- Жетекші ретінде барлық қатысушыға қандай ақыл-кеңес бересіз?

- Ең бастысы, еш нәрседен қорықпау керек. Камераға бойын үйретіп, қорқынышын басып, жайнай түсу керек. Сол кезде кез келген көрермен сүйсініп, «Түф, мына баланы-ай!» деп, көретін болады.

- Екі іріктеуде де болдыңыз. Балалардан қандай да бір кемшілік байқадыңыз ба?

- Мен кемшіліктерді айтпай-ақ қояйын. Балалар жайлы ешқандай кемшіліктер айта алмаймын. Себебі, баланың еш кінәсі жоқ. Кемшіліктер болса, олар тікелей оны дайындаған ата-анасына, мұғалімдеріне байланысты болуы мүмкін. Балалардың барлығы бірдей өте дарынды.

Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбатты жолдаған: Торғын Әбушахман

Сурет: "Аялаған Астана" балалар ән байқауының баспасөз қызметі, spinigrade1.rssing.com

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

М. Оңғарова