«Евромайдан» «Евровидениеге» салқынын тигізеді

«Евромайдан» «Евровидениеге» салқынын тигізеді

Екі айдан соң «Евровидение» байқауы 59-шы рет өтеді. Бұл – Еуропа хабар тарату одағына мүше мемлекеттердің жыл сайынғы думанды тартысы. Оған Батыс елдерінің саяси өмірі, тыныс-тіршілігі әсер етпей қоймайды.

Әлемдік саясаттағы Украинаға қатысты ахуал да Копенгаген байқауына өз әсерін тигізбек. Былтыр Швецияның Мальмё қаласында өткен байқауда Ресей бесінші орын алды. Әнші Дина Гарипованың өз талантымен көпшілікті тәнті еткені болмаса, дауыс беруге келгенде батыс мемлекеттері Ресейге қолдау білдіре қойған жоқ. Тіпті, Ресейдің өзі ерекше қолдау көрсеткен Әзірбайжан, Грекия, Бельгия сияқты елдер мен көрші мемлекеттер бір балл да бермей, теріс айналған еді. Қызық болғанда, ең жоғарғы ұпайды (12 балл) әдетте Ресейді онша жақтамайтын Эстония мен Латвия ғана берді. Бұл кезде Ресей Украинаның әншісіне бір балды әрең қиса, есесіне, еуропалық елдердің көбі Украинаны қолдап, асқан ынтымақтастықпен Ресейге қыр көрсеткен болатын. Соңғы жылдары Швейцария, Мальта, Грекия, Албания, Аустрия елдері Ресейге бір балды да қимайтын болып жүр.

Биыл Ресей үшін жағдай бұрынғыдан да қиын. Егер байқаудан бас тартпай, қатысар болса, оң қабақ танытатындар мүлдем аз болғалы тұр. Оның үстіне, Ресей мен Украина жартылай финалда бір күнде бірге бақ сынайды. Демек, Еуропа қауымының бұл екеуін, әсіресе, Ресей өкілін жақсылап алалайтыны айқын. «Соғыста айла-шарғының қай-қайсысы да жақсы» демекші, қазылар алқасы мәдени санкцияның бір тәсілі ретінде Ресейді ақтық сынға өткізбей де тастауы ғажап емес. Мұқатудың одан да сорақылау түрі бар – ақтық сынға өткізгеннен кейін бәрі бірдей 0 балл беріп, мазақ ету де қолдарынан келеді. Екі ортада байқауға үкілі үмітпен келген өнерпаздың сағы сынуы мүмкін. Айтпақшы, Ресейдің өзі бірдеңені алдын ала сезді ме, әлде кездейсоқтық па, биыл бұл байқауға жылдағыдан кеш кірісті, ең бастысы, байқауға кімді қатыстыратынын әлі жария еткен жоқ. Енді байқаудан бас тартып жатса да, таңдануға болмайды. Айта кетейік, Ресей 1996, 1998 және 1999 жылдары «байқау талаптарын бұзды» деген желеумен үш рет қатыстырылмаған еді. Ал қаржы тапшылығы қол байламаса, «Евровидение – 2014» Украина үшін сәтті байқау болайын деп тұр. Елдің атынан 21 жастағы Мария Яремчук "Tick-Tock" деген әнімен өнер көрсетуі тиіс. Мария талантымен таңғалдыра алмаса да, естен тандырар тамаша өнер ұсынбаса да, батыс жұртшылығы бірауыздан рухани көңілшектік танытуы мүмкін. Бұған қоса, украин әншілері бұл байқауда жыл сайын өте табысты өнер көрсетіп жүр, былтыр әнші Злата Огневич үшінші орын алғанымен, сарапшылар көпке дейін оның жеңімпаз атанатынына күмән келтірмеді.

Еске салайық, биыл «Евровидение – 2014» байқауы Копенгагеннің B&W концерт залында 6-10 мамыр аралығында өтеді. Байқауға 12 ел қатыспайды, сөйтіп, 37 мемлекет бақ сынайды. Ән байқауының биылғы ұраны – «Бізге қосыл!» 2012 жылы Қазақстанның Еуропа хабар тарату одағына мүше болу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқаны жария етілген болатын. Дегенмен ол келіссөздердің нәтижесі әлі күнге дейін белгісіз. Еуропа хабар тарату одағына қосылу еліміздің «Евровидение» байқауына қатысуына жол ашады.

Қалдыбек Жайсаңбай, радиожүргізуші, «Евровидение» байқауының Қазақстандағы трансляцияларының тұрақты комментаторы:

– Меніңше, Украинадағы саяси ахуал байқауға әсер етпейді. Украиналық қатысушылар да байқауда еш қиындықсыз өнер көрсетеді деп үміттенемін. Ол жағын тек уақыт көрсетеді. Биыл көптеген елдер «Евровидениеге» қатысудан бас тартып жатыр. Егер Ресей мен Украинаның біреуі байқаудан бас тартса, аса үлкен жаңалық бола қоймас.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: noi.md

А. Құлтай