«Астана Операда» XX ғасыр музыкасы шырқалады

«Астана Операда» XX ғасыр музыкасы шырқалады

28 ақпан күні камералық зал сахнасында «XX ғасырдағы композиторлардың музыкасы» атты концерт өтеді, деп хабарлайды «Астана Опера» баспасөз қызметі. Кеште өткен ғасырдың америкалық, батыс және кеңес композиторларының үздік шығармалары орындалатын болады.

Кеште көрнекті композитор Энио Морриконенің туындылары, сонымен қатар бүгінде көпшілік үшін ұмыт болған «Миссия» кинофильміндегі «Гобой Габриэльдің» сазды әуені шырқалады. Бұл кинематографиялық шығармаға жазылған музыканың тағдыры ерекше, себебі күні бүгінге дейін ол танымал әрі сүйікті әндердің біріне айналып, өз өміршеңдігін көрсетіп келеді.

Концерттің жеңіл, нәзік әуендері жылдам әрі ырғақты әуенмен алмасады. Бенджамин Бриттен, Сергей Прокофьев, Игорь Стравинский сынды бар ғұмырын классикалық мектепке арнаған композиторлардың туындылары әрдайым сұранысқа ие. Бұл кеш те олардың әуенін сырт айналмайды. Онымен қоса концертте қазақстандық композиторлар Хабибулла Сетеков пен Абзал Мұхитдиновтің шығармалары шырқалады.

Америкалық композитор Джордж Гершвиннің танымал туындыларының бірі, «Порги және Бесс» операсындағы Клараның бесік жыры бүгінде блюздік өңдеуде танымал. Ал «Астана Опера» көрерменіне бұл туынды байырғы классикалық нұсқада ұсынылады. Шведтік Паганини саналатын, тромбон маманы Кристиан Линбергтің шығармалары тромбон мен ішекті оркестрдің орындауында Arabenne туындысында орындалады.

Кеште «Астана Опера» театрының солистері: Алмат Жайлаубаев, Елена Ганжа, Айсұлу Байкенова, Бағдат Әбілханов өнер көрсетеді.

Музыкатанушы Сәуле Мәулетова, XX ғасырдың музыкасы күрделі, көп қырлы және әралуан екенін атап өтті. «Аталған концертте қазақстандық аудиторияға кеңінен танымал атақты шығармалар шырқалады. Концерт аспапшылардың ойнау қабілетін көрсетуді және көрерменнің бойына жоғарыда ұсынылған композиторлардың музыкасына деген сүйіспеншілікті сіңіруді көздейді. Сондай-ақ концертте Хейлидің өлеңдері оқылады», - дейді Сәуле Мәулетова

«Астана Операның» камералық оркестрінің дирижері - республикалық конкурстар сыйлығының лауреаты Руслан Баймұрзин.

Концерттің басталуы 19:30, билет бағасы 3000 теңгені құрайды.

Сурет: «Астана Опера»

Дайындаған: Анар Мұстафина

A. Mustafina