Үш жүзді біріктірген «Ағайындылар»

Үш жүзді біріктірген «Ағайындылар»

Өнер атты тылсым күшпен толқыған өнерлі жастардың, жылдан-жылға сахнаны толықтыруы көңіл қуантады. Әсерлі ән, шалқыған көңіл, толқыған сезім. Бәрі де көңіл кірбіңін бір сәтке ысыра түседі. Бүгін бізде қонақта, көңілді әндерімен тыңдарманды баурап, өнер өлкесіне қосылып жатқан «Ағайындылар» тобы.

- Қазақта «Бір атаның баласындай, бес саусақтың саласындай» деген сөз бар. Қазақтың қарапайым үш жігіті бірлікпен құрылып, «Ағайындылар» деген атты арқалап жүрудің өзінде үлкен жауапкершілік жатыр емес пе, жігіттер?

- Аталы елдің батасын алған, үш жүзден тараған ұрпақпыз. Ру руға, жүз жүзге бөлінбей, бар қазақ, бір қазақ болып жүрсек деген ниетпен топтың атын «Ағайындылар» деп атаған едік.

- Алғашқы таныстық, ұлы достық, ағайынды елдің ұлдарын қалай табыстырды?

- Біз алғаш Талдықорған қаласы, Қанабек Байсейітов атындағы саз колледжінде бас қостық. Бір курс, бір мамандық бізді табыстырды. Сол киелі білім ордасында жүріп, ақылдаса келе топ құрайық деген шешімге келдік. Кейін талай арман иелерінің куәсі болған Алматыға келіп, Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына оқуға түстік. Ұстазымыз Есмұқан Обаевтың курсына қабылданып, сол кісіден сабақ алдық. 

- Естуімше, топ алғашында «Талпын» болған деседі. Ел аузында «Талпын» атымен жүрген топты «Ағайындылар» деп тану тыңдарман арасында ой тудырған болар?

- Иә, ең алғаш 2005 жылы «Талпын» деген атпен Талдықорған қаласында өнер сахнасына келген едік. «Талпын» тобының бұрынғы мүшесі Мерей есімді жігіт болған. Кейіннен жаңа атау болғасын, Мерейдің орнын Бауыржан есімді өнерпаз жігіт басты.

Ерболат Құдайбергеновтың 2006 жылы «Талпын» деген студиясы болған. Сол «Талпын» студиясының атын біз кейіннен топқа алдық. Алғашқы сахна «Ән мен әнші» концертінен басталды. Үлкен сахнаға қадам жасар алдында, алып-ұшып барсақ «Талпын» деген топ жоқ дейді. Біз жазылып қойған едік деп, аң-таңбыз. Сұрастыра келсек, Сержан Молдасан мен Жанатбек Бәйтеков ағаларымыз «Ағайындылар» деп топтың атын өзгертіп жаздырған екен. Содан бастап тыңдарман мен көрерменге осы атпен таныс болып келеміз.

- Ұлттық өнердің баспалдағына енді көтеріліп жатырсыңдар. Сахнаға қандай леп ала келдіңдер?

- Қазіргі эстрадада жүрген әр әншінің өзіне тән ерекшеліктері бар. Өз жолы, бағыты бар. Екі-үш адамнан топ құрдық, біз ерекшеміз деп те айта алмаймыз. Киіммен де ерекшелене алмаймыз. Мақсат – ән тыңдарман жүрегіне жол тауып, шығармашылық бағытымыз өссе дейміз.

- Әншінің бағын ашатын әні екенін жақсы білесіздер. Ән қоржындарың қомақты болар.

- Репертуарымызды күннен күнге толықтыру үстіндеміз. Тұңғыш әніміз «Ағажан Ләтипа» болатын. Қазір «Жан әкем», «Тақиялы періште» фильмінде шырқалатын «Мама» әнін де жазып енгіздік. Бас-аяғын қосқанда, 10 шақты әніміз бар.

- Әнші үшін, ең қиындық туғызатын ол – ән таңдау. Ән таңдау кезінде жаңылысқа барып жатқан жоқсыңдар ма?

- Жақында ғана «Мені сүйгенің рас па?» деген ән жаздырып, бейнебаян түсіріп үлгердік. «Hit TV» арнасынан беріліп жатыр. Арамызда сазгер жігітіміз де бар. «Аяулым», «Сені іздедім» деген әндерді Мәулен Әміров өзі жазған. Жазылған әндерге өзара бағамызды береміз, саралаймыз, сараптаймыз. Кей әндердің сөзі мен әні үйлеспей қалып жатады. Біз ең бастысы, сөзге қатты мән береміз. Тыңдарманға әннің сөзі бірінші жету керек.

- Өнер адамы әр қиырдан өз өнерін сарапқа салады. Сіздерді, әншілік өнермен қатар, қайдан көруге болады?

- Күнделікті актерлік дайындық, спектакль бар. Б.Омаров атындағы театрда жұмыс жасап жүрміз. «Ән мен әнші» бағдарламасына дайындық үстіндеміз. «Жұлдыздар отбасы» журналы ұйымдастырған коннцертте өз өнерімізді көрсеткенбіз. Ардақ Назаров ағамыз спорт клубын ашып, сонда өнер көрсеттік. Ол да болса үлкен сахнаның бірі.

- Қанатты қатайтып, қыран жасайтын – ұстаз. Сіздерді, алғаш «Талпын» деп жетелеп, кейіннен бауырмал «Ағайындыларға» айналдырған ұстаздарыңыз кімдер? 

- Өнердің киесін ұғындырып, ағалық ақылымен жетелеп жүрген Ерлан Біләл, Өмірқұл Айниязов, Ерболат Құдайбергенов, Сержан Молдасан, Жанатбек Бәйтеков сынды елге танымал өнер иелерін айтар едік.

- Талғамы биік тәлімгерден өнер киесін киген «Ағайындылар» тобы, сіздерге шығармашылық табыс тілейміз. Өнер кемесінде ән ескегін бірге есіп, жүре беріңіздер дейміз.

Топ мүшелері туралы қысқаша мәлімет: 

Еркебұлан Ермекұлы   Мәулен Әміров   Бауыржан  Қаңтарбаев
Алматы облысы, Алакөл ауданы, Қабанбай ауылында туған. Қарапайым қарашаңырақта туып-өскен Еркебұланның өнер кеңістігінен ойып орын алғысы келеді. Әкесінен дарыған әншілік мектеп, дарынды жастың даралығын танытып-ақ жүр.    Алматы облысы, Қаратал ауданы, Кәлпе ауылында туған. 9 жылдық білім алғаннан кейін, Талдықорған қаласында оқуын жалғастырады. Көп балалы отбасынан шыққан Мәулен, өнер үшін туған ер екенін жасырмайды.   Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас стансасында дүниеге келген дарынды жас. Ж.Елебеков атындағы эстрада-цирк колледжінің вокал бөлімін оқып бітірген. Әншілікпен қатар, «Гүлдер» би ансамблінде жұмыс жасайды.

Сұхбаттасқан: Жаннат Қасымбекова

А. Құлтай