«Алдаспан» – әлемнің супертобы құрамында!

«Алдаспан» – әлемнің супертобы құрамында!

Электродомбыраны сахна төріне алғаш алып шыққан «Алдаспан тобы» Ұлыбританияның атағы аспандаған дуэті Addictive.tv-дің Orchestra of Samples атты жобасына қатысты. Қазақстандық топтың импровизациясын таяу уақытта Massaget.kz порталынан көре алатын боласыздар.

Addictive TV – бұл британдық электронды дуэт. Олардың өзгелерден бір айырмашылығы өздері ойнайтын әнді ғана емес, сонымен бірге жазылған видеороликті де жанкүйеріне жеткізіп отырады. Қазірде бұл топтың шығармашылығы әлемдік деңгейдегі телеарналар мен радиолардан беріліп жүр. Сонымен қатар, addictive.tv сайты да жұмыс жасайды.

Олардың «Алдаспан» тобының әнін қосқан жобасы Orchestra of Samples деп аталады. Orchestra of Samples – музыкалық стильдердің бірігуін және көптеген елдердің музыкалық аспаптарының орындауындағы импровизациялық ән жасап шығаруды көздейтін жоба. Ағылшындық топ мүшелерінің айтуы бойынша, олар Мексикадан бастап Жапония, Бразилия, Сенегалға, кейін Еуропаға дейін 20 елде болып, ондағы 100-ге жуық өнерпаздың әнін жинастырған. Сондағы басты мақсат – әлемнің виртуалды түрде бірігіп ән орындайтын супертоп жасап шығару екен. Қазірдің өзінде жиналып бітпеген жинақты көре аласыздар.

Бұл жобада әр елдің дәстүрлі музыкалық аспаптарымен бірге батысафрикалықтардың Huddu атты гитарасынан бастап, Аddictive.tv-дің акустикалық барабанына дейін кірістірілген.

 

Нұржан Тойшы«Алдаспан» тобының продюсері әрі мүшесі:

– Addictive TV дуэтімен голливудтық кинокомпаниялар бірге жұмыс жасаған. Мәселен, Marvel, Colombia pictures секілді топтар бар, сосын әйгілі актер Вин Дизельмен жұмыс істеп, тіпті «Темір адам» ("Железный человек") блогбастеріне ремикс жасаған. Бір сөзбен айтқанда бұл өте аты шыққан топ. Олардың 20 мемлекеттен төрт жыл бойы жинаған импровизациялық музыкасы видеороликтерге бөлініп,

кейін топ өз музыкасымен байланыстыра отырып, оларды қайта біріктіреді. Өздерінің концерттерінде тек диск айналдырмай, осындай бір видеошоу жасайды. 

«Алдаспан» тобын Жан Қастеев ұйымдастырған Spirit of Tengri фестивалінде көріп қалған ағылшындық топ бірден жұмыс жасауға сұраныс жіберген. «Төрт жыл бойы өз музыкасының тыңдарманға жетуін күтіп жатқан топтарға қарағанда, біздің бірлескен жұмысымыз сәтті өтті, себебі біз ойнаған музыка екі аптаның ішінде Лондонда таныстырылады» - дейді Нұржан Тойшы. Сонымен қатар, қазақстандық электродомбырашылардың бейнеклипі де сонда таныстырылмақ екен.

Дайындаған: Ардақ Құлтай

А. Құлтай