«Алматы - іңкәрім менің!» - «Цирк құдіретіне» айналады

«Алматы - іңкәрім менің!» - «Цирк құдіретіне» айналады

Келесі жылы «Алматы - іңкәрім менің!» ретрофестивалі «Цирк құдіреті» деген тақырыпта өтетін болды. Өткен сенбіде болған биылғы фестивальдің соңында ұйымдастырушылар келер жылғы тақырыпты жария етті. ХІV ретрофестиваль көне мен жаңа заман әуендерін, түрлі бағыттарды, сан алуан жанр орындаушыларын біріктірді. Кешке Сандра, E-Type, Army of Lovers, Турецкий хоры және Натали сияқты шетелдік жұлдыздар қонақ ретінде қатысты.

Фестивальді оның идеясының авторы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Ұйымдастыру комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева ресми түрде ашып, 14-рет өтіп отырған ретромерекеге 1800 өнерпаз бен 1500 техникалық жұмысшы атсалысқанын айтты. «Бұл фестиваль - музыкалық айтулы оқиға өйткені бұл көп адамның маңдай терімен жасалып отыр. Ойымыз ақыры іске асып, бізге көрермендермен осы жерде кездесудің сәті түсті, соған өзімді бақытты санаймын. Мен де әртіспін, сондықтан білемін, әртіс үшін сахнаға шығу - жауапкершілігі үлкен іс. Сахнадағы әр секунд - үлкен еңбек, ал бүгін нағыз жекпе жек болады, көрермендер әдемі, тартысты, қызықты жекпе жектен ләззат алады деп ойлаймын», - деді Д.Назарбаева.

«Музыкалық ринг» деп аталған биылғы фестивальде өткен кезең мен қазіргі заман әндері, аға буын мен жас орындаушылар легі және танымал жанрлар мен тың бағыттар өзара жарасым тапты. Гала-концертті Қыдырәлі Болманов, The Jigits пен Әлихан Байсұлтанов бастады, олар Сүгірдің термесі мен Queen-нің әйгілі We Will Rock You әнін ұштастыра орындады. Кеште барлығы 100-ден астам вокалист сахнаға шықты. Әйгілі Сандраға Жанар Доғалова мен Ерке Есмаханның қосылып ән шырқауы, Турецкий хоры мен Дариға Назарбаева орындаған «Назқоңыр», E-Type пен L дуэтінің Here I Go Again хиті көпке дейін ұмытылмас. Роза Рымбаева мен Әли Оқапов та биік деңгейде өнер көрсетті.

Элина Козино, фестивальдің қоюшы режисері:

- Сахна ринг болды, түрлі стиль - түрлі орындаушы, ескі таныс әндер күтпеген тың нұсқада орындалды, би баттлдары болды, бір музыкалық шығармада әр замандағы неше түрлі әндер мен билер араласты. Өз әншілеріміз бен шетелдік танымал меймандарды сахнаға бірге шығару тәжірибесін жалғастырдық. Материалдарды таңдау өте қиын болды, дауыс партиялары, ырғақ қарқыны, дауыстар жарасымы бойынша іріктеу жүргізілді. Барлық тректер жаңартылған нұсқада айтылды, өңделмеген ән жоқ. Бұл жобаға хедлайнерлердің бәрі еш қарсылықсыз келісті, бағдарламаны қызық етуге қатысты ойларын айтып, белсенді араласты.

Жолдаған: Болатбек Мұхтаров

Сурет: Айжан Түгелбаева

А. Құлтай