"Арманымдағы Қазақстан": Бүгін байқаудың үздік картиналары қойылған көрме ашылды

"Арманымдағы Қазақстан": Бүгін байқаудың үздік картиналары қойылған көрме ашылды
Фото: massaget.kz

Бүгін Әбілхан Қастеев атындағы өнер мұражайында "Арманымдағы Қазақстан" байқауына қатысқан суретшілердің туындылары қойылған көрме ашылды. Көрме 30 қарашаға дейін жалғасады. Талантты қылқалам шеберлеріне арналған байқау ERG компаниясы қолдауымен жүзеге асырған "Alash Media Group" холдингінің жобасы.

Көрменің ашылу салтанатында сөз алған Ә. Қастеев атындағы өнер мұражайының көрме істері бойынша директорының орынбасары Қожамұратова Алтынжан Сәрсенбайқызы:"Байқауға қатысушылар 20, 50 және 100 жылдан кейін Қазақстанды қалай елестетіндерін бейнелеген. Келушілер назарына байқаудағы 30 үздік туынды ұсынылып отыр. Бұл суреттерде бір қуантатыны – олардың позитивті бейнесі. Яғни, әр суретші еліміздің болашағының жарқын болатынына сенеді. Демек, мұндай жас буынға келер күнді сеніп тапсыруға болады" - деді.

Көрмеге негіз болған туындылар 2019 жылдың маусымы мен шілде аралығында өткен байқаудан іріктелген. Ашылу салтанатына оны ұйымдастырушы "Алаш Медиа Групп" холдингінің басшысы Қазыбаев Батыр Кәкімжанұлы келді. "Мұндай жоба туралы ой бірнеше жыл бұрын пайда болған. Негізі мақсат – арман. Адамдар армандауды тоқтатпауы керек. Осы көрмеде ұсынылған суреттер де соның айғағы.

Шараны бастан аяқ атқарып шығуға көмектескен ERG компаниясына алғыс білдіреміз. Сонымен қатар, үздік шығармаларды көпшілік назарына ұсынуға келісім берген өнердің қара шаңырағы, қасиетті мекен – Ә.Қастеев атындағы өнер мұражайы ұжымына мың алғыс.

Бұл байқауға қатысқан өнерпаздар арманмен күн кешетін жандардың квинтэссенциясы іспетті. Ендеше, осы қасиеттеріңізді жоғалтып алмаңыздар. Ал біз бизнес әрі медиа құрылым ретінде сіздерге қолдау көрсетуге дайынбыз," -деген ыстық ықыласқа толы сөздерден кейін көрме ресми ашылды. 

"Бейнелеу өнері"  аталымы бойынша жеңімпаз атанған жүлдегерлер:

1. София Сон (Алматы) – "Менің арманымдағы ел"

#38 мектеп-гимназиясының 6-сынып оқушысы София Сон былай деді: "Анам бұл конкурс туралы радиодан естіп, маған қатысып көрсеңші деген өтініш айтты. Мен тақырыпқа қатысты өз ойымды қағазға түсірдім. Бұл мен қатысқан алғашқы суреттер сайысы болды. Бірден жүлделі орынға ие болдым. Өзімдей өзге балаларға еш сескенбей шығармашылықпен айналысыңыз дегім келеді. Мен суретшілікпен ерте жастан айналыстым. Ұлы суретшілер қатарынан Айвазовскийдің туындыларына тәнтімін.

Мектеп пәндерінен математиканы сүйіп оқитын болсам да, болашақта сурет өнерімен байланысты архитектура немесе киім дизайнері мамандықтарын таңдаймын.

Мен Қазақстанның жарқын болашағын көрсеткім келді. Көпір – ол бүгінгі және келер ұрпақты жалғаушы, алма – Алматының символы, ғажайып ғимарат – технология дамуының көрінісі. Менің жұмысым ұнағанына өте қуаныштымын". 12 жастағы Софияның туындысын әділқазылар ересек суретшілермен бірдей бағалады.

2. Людмила Лопатина (Павлодар) – "Белгісіз жаңғырық"

3. Лейла Көбегенова (Алматы) – "Ертеңгі таң"

Т.Жүргенов атындағы өнер колледжін аяқтап, КазГАСА-да Архитектура факультетінде білім алып жүрген 19 жастағы Лейла Көбенова: "Маған бұл конкурс сілтемесін әпкем WhatsApp арқылы жіберді. Оның тақырыбы маған қатты ұнады. Сол себепті бағымды сынап көрмек болдым. Жалпы сурет өнеріне ерте келдім. Анам түрлі үйірмелерге бергенде тәрбиешілерім қабілетімді байқап, өнер бағытына жіберуге кеңес берген. Аталған бағыттың тарихына бойлай келе ұлы қылқалам шебері Айвазовский шығармашылығын жаныма жақын көрдім"- деді.

Жас суретшіні алғашқы жетістігімен құттықтап отбасы мүшелері түгел келді. Бір қызығы, Лейла технологияларға қатысты түрлі жаңалықтарды назарынан тыс қалдырмай үнемі бақылап отырады екен. Ол Илон Маск ұсынған жобадағы өздігінен басқарылатын ұшақ-таксилердің жақын арада шығатынына сенеді. Және суретін де сол бағытта бейнелеген.

"Цифрлы өнер"  аталымы бойынша жеңімпаз атанған және жүлдегер болған суреттер:

1. Станислав Анастасьев (Алматы) – Жарқын болашақ

48 жастағы дизайнер әрі сәулетші Станислав Анастасьев көркем сурет өнерімен айналысуды жуырда ғана бастаған. Бұл – ол қатысып отырған алғашқы байқау. Бірінші орын аламын деп ойламапты да. Өзі үшін тосынсый болыпты.

"Мен жеңіске жетемін деп ойламадым. Байқауға қатысушылар көп болды. Менің туындымды танымал әділқазы өкілдері бағалағанына өте қуаныштымын. Мен туған өлкеміздің тауын, тасын, дамуы мен саф таза қоршаған аймағын көрсеткім келді. Адамдар үшін экология мен бейбіт заманның болғаны жақсы. Осы бағыт бойынша еңбек жолымды жалғауға ынтам екі еселенгендей", - дейді Станислав.

2. Данияр Кдыров (Алматы) – Нұр-Сұлтандағы көктем

"Менің картинамда негізгі назарды алатын кішкене қыз – мен үшін Елорданың қазіргі келбеті. Ал оған тамсана қараған бала – сол Елорданы қоршаған әлем. Бұл менің Нұр-Сұлтан қаласының болашағына қатысты көзқарасым.
Мен екі жылдан бері Қазақстанның болашағына қатысты суреттер көрмесін ұйымдастыруды жоспарлап келем. Онда ұлттық ойындар мен халқымыздың тұрмыс-тіршілігінен сыр шертетін футуристік картиналар болады.

Мен 2004 жылы Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын аяқтағаннан кейін 7 жылдай осы мамандық бойынша еңбек еттім, кейінгі жылдары жарнама бағытына ауыстым, қазір көбіне заманауи арт сарынындағы туындылар жазумен айналысамын. Академиялық бағыт пен компьютерлік өнерді қатар алып жүрмін. Дәстүрлі сурет өнері сезімге толы болса, цифрлық сурет өнері адам қабілетінің шегінен шығуға, үлкен диапазонға мүмкіндік береді. Ол арқылы адам сенгісіз ғажап әрі үлкен туындылар жасауға болады. Әсіресе, компьютерлік ойындар мен кино саласы үшін баға жетпес бағыт."

3. Талғат Серіков (Нұр-Сұлтан) - Qazaqstan 2119 Heritage City

"Интернет таңдауы" аталымы бойынша алматылық Ануар Жақиянов жеңімпаз атанды. Ол "Болашақтың ауылы алыс емес" туындысын ұсынған еді. Оның өнеріне 3546 адам дауыс берді.

Жүлделі орынға іліге алмаған Адия Әміржан мен Асылхан Мұқашевты ынталандыру мақсатында Алматыдағы "Ұлар" галереясында жеке көрмелерін өткізуге мүмкіндік сыйлады.

Жеке мектептің 10 сыныбында оқитын Адия қуанышын жасырмады: "Соңғы 4 жылда өнер мектебіне барып жүргенімді білетін туысым маған осы байқау туралы ақпарат жіберді. Анам да осы күнге дейін үйренгеніңді көрсетіп, бағыңды сынап көр деген соң қатысуға бел будым. Есесіне өз көрмемді өткізу мүмкіндігіне ие болдым. Осыған дейін жинақталған суреттерім көп болса да, алдағы көрмем үшін арнайы жұмыс істеп, жаңа картиналар салуға кірісемін".

Жас суретші конкурсқа берген картинасында болашақтың тек технологиялық жетістіктермен ғана байланысты болмайтынын айтқысы келген. Оның ойынша тек түп тамырын жоғалтпаған халық қана болашақ тұғырынан тапжылмас орын алады.

"Арманымдағы Қазақстан" – еліміздің түкпір-түкпіріндегі талантты суретшілерге арналған Alash Media Group холдингінің жобасы. Мақсаты - қоғамның сан қырлы екенін және тек алға ұмтылатынын көрсету.

А. Оралқызы