Пештің үстінде ілулі тұрған картина өнер жақұты боп шықты

Пештің үстінде ілулі тұрған картина өнер жақұты боп шықты
Фото: vk.com

Францияның Компьен қаласының тұрғыны өз үйінде ілулі тұрған суреттің миллиондаған еуроға татитынын білмеген. Пештің үстінде тұрғанына бірнеше онжылдық болған картинаны ол ескі икона шығар деп ойлаған екен.

Батыс басылымдарының хабарлауынша, проторенессанс дәуірінің аса көрнекті өкілі Джованни Чимабуэнің бұл картинасы "Christ Mocked" деп аталады. XIII ғасырда өмір сүрген флорентиялық қылқалам шеберінің туындысына барлық бәссауда үйлері қызығушылық танытып отыр. Көлемі 20-да 24 сантиметр болатын кішкене ғана өнер жақұты сатылымға шығарылатын болды.

Сурет Чимабуэнің 1280 жылдары салған Христос туралы полиптихінің бірі болуы керек. Осыған дейін оның тек екеуі ғана белгілі болып келді. Бірі Лондондағы Ұлттық Галереяда, екіншісі Нью-Йорктегі Фрик коллекциясында сақтаулы тұр.

А. Оралқызы