Заманауи сана сюрреализмі

Заманауи сана сюрреализмі
Фото: vk.com

Иллюстратор-суретші Игорь Морски мағыналық астары тереңде жатқан сюрреалистік суреттер салады. Сюрреализм – адам санасындағы түрлі қайшылықтар мен парадокстарды бұрмаланған нақты шындықтар арқылы елестетуге тырысатын бейнелеу өнерінің тәсілі.

Морски 1960 жылы Польшада дүниеге келген. Ол Познань қаласындағы Мемлекетті көркем өнер мектебінің архитектура және дизайн факультетін үздік бітірген. Морски 1995 жылы өзінің жеке студиясын ашқан.

Игорь «Впрост» журналында жұмыс істей жүріп, өз ойын сюрреалистік мәнерде жеткізуге бет бұрады: «Шыны керек, алғашында бұл жұртшылыққа зор әсер қалдырды. Өйткені, қарапайым халық Photoshop бағдарламасымен аса таныс емес еді. Көпшілік кейбір суреттерді тура мағынасында түсініп жатты, барлығын шынға балады. Әсіресе, саясаткерлер бейнеленген суреттерге ерекше мән берді». Игорь Морски қарапайым суреттер емес, фотосуреттермен жұмыс жасайтын болғандықтан олар расымен де тура өмірдегідей көрінеді. Бірақ, оның тереңдігін ұғыну кез-келгеннің қолынан келмейтіні суреттерге сюрреалисттік сарын сыйлайды.

Морски арнайы графикалық бағдарламалар тілін игергеннен кейін оның суреттері дәстүрлі графикадан электронды нұсқаға көшті. Қазір компьютерлік графика арқылы жасалған туындыларын өзі жасап қана қоймай, Познань университетінде осы бағытты ұстанатын жаңа суретші-иллюстраторлар легін дайындап жатыр.

Игорь Морски суреттерінің астары бір көргенге анық болмаса да, тереңдей келе олардың түбінде жарты ғасырдан астам өмір өткелінен өтіп үлгерген суретшінің бұл фәниден ұққаны, білген-түйгені жатқанын байқайсыз. Туындылар тұңғиығында қай ғасырдың да қайғысына айналған негізгі адами құндылықтар мен өзіңді танып білу мәселелері жатыр. Ол үнемі адамзат психологиясын зерделеп, оның өміріндегі сан тарау толқындардың әсерін аңғаруға талпынады. 

Жалпы, суреттердің көп пайызы пессимистік бағытқа бейім, оларда адамзаттың бала кезден қоғамдық нормаларға икемделіп тәрбиеленуі себебінен туындайтын ішкі қарама-қайшылықтар, баланың өсе келе өзін торда қалған балапан сезініп, бостандыққа мүмкіндік қалмағандай бейшара күй кешуі т.б. басқа тағдыр тауқыметтері суреттелген.

Ендеше, оқырман, өзіңіз тамашалап, бағасын беріңіз.

А. Оралқызы