Қазақ киносының күні: Киногерлердің Massaget.kz-ке берген сұхбаттарынан

Қазақ киносының күні: Киногерлердің Massaget.kz-ке берген сұхбаттарынан

Бүгін, 12 қыркүйек – Қазақ киносының күні. 2005 жылы Қазақстан кинематографистері одағының басшысы болған Бауыржан Нөгербеков 12 қыркүйекті «Қазақ киносының күні» деп атауды ұсынды. Содан бастап бұл дата жыл сайын атап өтіліп келеді.

Осыған орай, киногерлердің, яғни, режиссер, сценарист, актер сынды кино әлемінде еңбек етіп жүрген бірегей тұлғалардың Massaget.kz сайтына берген сұхбаттарынан үзінділер ұсынып отырмыз.

Режиссер Сатыбалды Нарымбетов, Шәкен Айманов ескерткіші ашылуында:

"Шәкен Айманов – қазақ өнерінің бағына жаралған жарық жұлдыз. Оның  фильмдері ұлттық кинематографтың алтын қорына енді. Сомдаған рөлдері – актерлік шеберліктің нағыз шыңы. Қазақ кино өнерінің дамуына зор үлес қосқан ол Қазақстан кинематографистер одағына жеке ғимарат, сондай-ақ "Қазақфильм" киностудиясын тұрғызып берді. Өмірі парасат пен өнегеге өрілген Аймановтың шығармашылығын келер ұрпаққа жеткізу біздің міндетіміз. Шәкен ағамыздың аруағы қолдай берсін"

Режиссер Рүстем Әбдіраш, "Айна" бағдарламасында:

"Кино әлемімен ең алғашқы кездесуім былай болған. Әкеммен трамвайға отырып Жазушылар Одағына бара жатқанбыз. Сол кезде Сәкен ағамды жолықтырдық. Әкем замандасымен таныстырып: «Осы балам кейін киноға өз үлесін қосатын бір азамат болатын сияқты» -дегені есімде. Жасым 10-12-лер шамасы болатын. Сәкен ағамен танысуым – киномен бірінші кездесуім".

"Адамның өткенді еске ала алатын жақсы қасиеті бар. Оны жоғалтқан адам амнезияға ұшырайды. Ал ол – мәңгүрттікке тура жол. Режиссердің міндеті – ұлтының, халқының өткеніне оралу. Оны келер ұрпаққа картина ретінде жеткізу".

Сценарист Дулат Исабеков, "Балуан Шолақ" фильмі тұсаукесерінде:

"Нұргелдінің маған ұнағаны: "Менің мақсатым ұлттық кино жасау" дегені болды. Бұл фильмнің сценарийіне таласушылар көп еді. Бірақ мен Нұргелдіні таңдадым. Киноны мен де көрдім. Қазірдің өзінде жұрттың пікірі жақсы екенін көріп отырмын. Біз шетелдің киноларын 2-3 сағат ерінбей көреміз де, өзімізге келгенде уақыттан неге қысуға тырысамыз".  

Нұрлан Санжарұлы, Қожаның рөлін сомдаған актер:

Дәрежанды ел түсінбейді, жек көреді. Жалпы, авторлық фильмді халық түсінбейді ғой. Бірақ, француз режиссері Жан Люк Годар: "Мен енді өлуден қорықпаймын, себебі киноға Дәрежан Өмірбаев дейтін режиссер келді" деп айтқан екен. Біз киноға кәсіби маман ретінде қараймыз. Ал, Дәрежанның киносын қарап отырсаң, одан Годардың, Брессонның картиналарын көресің. Оның стилі  – "французский". Сатыбалды екеуміз темекі шегіп отырғанда: "Ей, сен ауылдан шықтың, қазақсың! Неге сен кинокартиналарың "французский", неге қазақты көрсетпейсің?" деп  ұрсатын едік.

Режиссер Данияр Саламат:

"Менің ең басты мақсатым қазақтың бейнесін жасау. Неге қала қазағының бейнесі түсірілмейді дейсің. Өйткені, қала қазағының бейнесін жасау үшін алдымен қазақ болу керек. Бізде ұлты қазақ болғанымен, орысша оқыған, табанын топырақ сүймеген, туырлықтың исін сезінбеген, жусан жастанып жатпағандар бәрібір қазақ туралы ештеңе жасай алмайды. Олар уызына жарымаған адамдар. Сол себепті мен не жасасам да қазақ туралы болса екен деймін.

Ал қазақтың бейнесі қалада соншалықты тұрақтанды деп ойламаймын. Қала қазағының бейнесі әлі өліара кезеңде. Менің «Әкем екеуміз» фильмімдегі эпизодтарды есіңе алыңызшы...

Қаладағы қазақтың көркемдік бейнесін тек жатақханадан ғана таптым. Кәрім деген басты кейіпкер ұлымен бірге жатақханада тұрады. Біздің қоғамдағы оқшауланып қалған қазақ бейнесін жасадым. Байқасаңыз, фильмде сыртқы дүние басқаша, ал өзінің қазақы жаны жұпыны жатақхананың шағын ғана бір бөлмесінде тығылып жатыр. Біздің қазақы рух әлі жатаханадан, қала сыртындағы жатаған үйлерден сытылып шыға қойған жоқ. Мен соны бейнеледім. Менің өтірік айтқым келген жоқ".

Сөз соңын ұлттық кино өкілі болмаса да, соңғы картинасын қазақ жерінде жазған кәріс кинорежиссері Ким Ки Дуктың кино туралы ойымен түйіндеуді жөн көрдік.

- Кино деген не?

- Кинематографияға келген 23 жылда 30 шақты фильм түсірдім. Ал, киноның не екенін әлі түсінбей келемін. Сіз білсеңіз, маған айтыңызшы...

P/S: "Бәлкім, кино – жүрегіміздің үні шығар",- деді маэстро кетерде.

А. Оралқызы