7th BAIQONYR ISFF бағдарламасына өзгерістер енгізілді

7th BAIQONYR ISFF бағдарламасына өзгерістер енгізілді

7-11 қыркүйек аралығында Алматы қаласында 7th BAIQONYR International Short Film Festival өтіп жатқаны өнер сүйер қауымға мәлім. Бүгінгі жабылу салтанатына біраз өзгерістер енгізілді. Техникалық себептерге байланысты "Қаңтар" бағдарламасы, "Экспедиция" қозғалысының фильмдері мен "Соңғы сеанс" фильмінің көрсетілімі болмайды. 11 қыркүйекте сағат 18.30-да "Арман" киноорталығында жоспар бойынша жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтеді.

Бұл биылғы жылы Қазақстанда өтетін алғашқы және жалғыз кинофестиваль болайын деп тұр – себебі пандемиядан кейін «Еуразия» және Almaty Film Festival сияқты басқа да ірі фестивальдер әлі өткізілген жоқ.

Естеріңізге сала кетсек, Baiqonyr - жеті жыл бойы отандық кинематографтың жаңа есімдерін ашып қана қоймай, Қазақстанның шығармашыл жастарын халықаралық деңгейде ілгерілетуге тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан Қазақстандағы алғашқы қысқаметражды халықаралық кинофестиваль. Алты жыл ішінде Baiqonyr-ге 11 мыңнан астам көрермен келді, олар 240-тан астам фильмді көрді. Іріктеу комиссиясы 1168 өтінімді қарады, ал фестивальдің қазылар алқасы 62 лауреатты марапаттады.

Биыл фестиваль осы жылдың көптен күткен фильмдерінің бірі - аты аңызға айналған «ДОС-МҰҚАСАН» ансамбльдің құрылу тарихын баяндайтын «Дос-Мұқасан» (режиссер Айдын Сахаман, «Aray Media Group» шығарған) фильмінің премьерасымен ашылды. 

Aестиваль бағдарламасы үш конкурстан тұрды – ұлттық (көркем және деректі қысқа метражды фильмдер), халықаралық (көркем және деректі қысқа метражды фильмдер) және анимациялық.

- Ұсынылған 306 киножобаның ішінен кинотанушылар Ержан Жұмабеков, Еңлік Егеубаева, Ақерке Қамашбек, режиссер Райымбек Әлжанов және режиссер-аниматор Иван Ардашовтан тұратын біздің бағдарламалық қызмет фестивальге қатысу үшін 48 жобаны іріктеп алды, - дейді кинофестиваль Президенті Әнуар КЕНЖЕБАЕВ. Сондай-ақ, биыл фестивальге Қырғызстаннан келген «Экспедиция» қозғалысы қатыспақ еді. Бұл қазіргі замандастары, қарапайым адамдар, олардың проблемалары мен армандары туралы қысқа метражды фильмдер түсіретін әртүрлі режиссерлер тобы. Қозғалысқа 50-ге жуық жас режиссер қатысу керек болған.

А. Оралқызы