BAIQONYR кинофестивалі "ДОС-Мұқасан" фильмінің премьерасымен ашылады

BAIQONYR кинофестивалі "ДОС-Мұқасан" фильмінің премьерасымен ашылады

7 қыркүйекте VII Baiqonyr International Short Film Festival-нің салтанатты ашылуы өтеді. "Байқоңыр" – Қазақстандағы тұңғыш халықаралық қысқаметражды фильмдер кинофестивалі. Ол жеті жылдан бері жас кинематографистерге қолдау көрсетіп келеді және Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар жақын және алыс шетелдердің ондаған елдерінде де жаңа есімдерді ашуда. 

Фестивальді ашатын фильм - аты аңызға айналған топтың мерейтойына арналған режиссер Айдын Сахаман мен Aray Media Group компаниясының Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржылай қолдауымен түсірген "Дос-Мұқасан" картинасы жылдың көптен күткен премьераларының бірі болып саналады. 

Фестиваль бағдарламасына ҰКҚМО-ғы қолдау көрсеткен тағы төрт фильм енді. Ұлттық байқауға Бегалы Шибікеевтің "Құс" қысқаметражды фильмі, ал Дильшат Рахматуллиннің "Бесік жыры" туындысы анимациялық байқауға қатысады. Ал тағы екі картина конкурстан тыс бағдарлама аясында көрсетілетін болады: олар режиссер-аниматор Иван Ардашовтың "Кенже қыз" анимациялық сериалы және Generation секциясында Берлин Халықаралық кинофестивалінің Гран – при иегері Фархат Шәріповтың "Схема" атты фильмі. Бұл фильмдер көрермендерге ТМД елдерінің кинотанушылары мен сыншыларының форумы барысында көрсетілетін болады. 

Форум серіктестері AlmaU Медиа және кино мектебі және Қазақстанның киносыншылар қауымдастығы болып табылады, олар фестиваль жұмысы барысында өзінің жыл сайынғы "Сыншылар таңдауы" сыйлығын табыстайды. 

- Қазақстан киносыншылар қауымдастығы 2015 жылы құрылды. Оның құрамына он алты отандық киносыншылар мен кинотанушылар кіреді. Биыл "Сыншылар таңдауы" сыйлығы 2020-2021 жылдары шығарылған қазақстандық фильмдерге 13 номинация бойынша беріледі, себебі пандемияға байланысты сыйлық бір жыл берілмеді,-дейді Қауымдастық президенті, өнертану докторы Гүлнар Әбікеева. 

Фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысуға барлығы 306 киножоба үміткер болды. Оның ішінде бағдарламалық қызмет жеті елден: Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения және Ресейден 48 фильмді іріктеп алды. Үш конкурста – халықаралық, ұлттық және анимациялық байқауларда ұсынылған картиналарды беделді киноэксперттерден құралған қазылар алқасының үш командасы бағалайтын болады. Халықаралық байқаудың қазылар алқасын Гүлнар Әбікеева басқарады. Ұлттық байқаудың қазылар алқасының төрағасы Саха республикасының танымал режиссері Эдуард Новиков. Ал Анимациялық байқаудың қазылар алқасының жұмысын Батумидегі (Грузия) Tofuzi Халықаралық анимация фестивалінің директоры Зураб Диасамидзе басқарады. 

- Биыл фестиваль бағдарламасына біз атақты кинотанушылардың дәрістері мен белгілі режиссердің шеберлік сабағын енгіздік. Біздің сарапшылар күн сайын байқау бағдарламасының фильмдерін, сондай – ақ конкурстан тыс көрсететін фильмдерді - мысалы, "Қантар" арнайы бағдарламасына енгізілген туындыларды талқылайды", - дейді кинофестиваль Президенті Әнуар Кенжебаев. Сондай-ақ, фестивальге осы жылы Қырғызстаннан "Экспедиция" қозғалысының өкілдері келеді. Бұл қозғалыс өз елінің бүгінгі өмірі туралы қысқа метражды фильмдер түсіретін 50-ге жуық режиссерді біріктіреді. 

«Байқоңыр» 11 қыркүйекте Дарежан Өмірбаевтың «Соңғы сеанс» атты фильмінің көрсетілімімен аяқталады, оның әлемдік премьерасы Локарнодағы (Швейцария) 75-ші мерейтойлық фестивальде өтті. 

А. Оралқызы