Жылатпай қоймайтын фильмдер

Жылатпай қоймайтын фильмдер
Фото: "Жады естелігі" фильмінен

Кейде фильм көру арқылы көптен бері шығара алмай жүрген эмоцияларды шығарып, іштегі бар мұң-шерді тарқатып аламыз. Massaget.kz порталы алдағы демалыс күндеріне арналған фильмдер топтамасын ұсынады.  

"Өзіңмен жолыққанша" / "До встречи с тобой" 
Ұлыбритания, 2016
Режиссер:
Теа Шэррок
Басты рөлдерде: Эмилия Кларк, Сэм Клафлин

Сюжет: Луиза ауыр апаттан кейін арбаға таңылған Уилл есімді жігіттің күтушісі болып жұмысқа орналасады. Күйзеліске түскен Уилл болса, жиі суицид туралы ойлайды. Бірақ бойжеткенмен кездескеннен кейін оның жағдайы біраз жақсарады. Ол әр атқан таңына қуана бастайды, бірақ дерті жанын жегідей жейді. Бір кездері беделді азамат дымсыз қалғанына әлі де сене алар емес. Лу мен Уиллдің арасында үлкен махаббат пайда болады.

"Жады күнделігі" / "Дневник памяти"
АҚШ, 2004
Режиссер: Ник Кассаветис
Басты рөлдерде: Райан Гослинг, Рейчел Макадамс

Сюжет: Күн сайын қарттар үйінде қарт кісі егде әйелге ауқатты отбасынан шыққан қыз Элли мен қарапайым жігіт Нойдың махаббат хикаясы туралы күнделік оқиды. Олар жазды бірге өткізеді, бірақ әлеуметтік жағдай оларды екіге айыруға мәжбүр етеді. Осы уақыт ішінде Ной сүйіктісіне  талай хат жолдайды. Қыздың анасы хаттарды жасырын ұстайды. Арада жылдар өткен соң ғашықтар қайта кездеседі, бірақ Элли бұл уақытта өзгенің қалыңдығы еді.

"P. S. Мен сені сүйемін" / "P. S. Я люблю тебя"
АҚШ, 2007
Режиссер:
Ричард ЛаГравенес
Басты рөлдері: Хилари Суонк , Джерард Батлер

Сюжет: Джерри мен Холли — бақытты жұп. Бір-бірін шексіз сүйеді. Ендігі армандары — бала сүю. Бірақ Джерри ми ісігінен қаза табады, Холли болса өмірдің мәнін жоғалтады. Ол кенет Джерриден хат алады.

"Екі жүз жылдық адам" / "Двухсотлетний человек"
АҚШ, Германия, 1999
Режиссер: Крис Коламбус
Басты рөлдерде: Робин Уильямс,  Эмбет Дэвиц

Сюжет: Мартин отбасы үйге Эндрю атты робот сатып алады. Ол тек көмекші ғана емес, отбасы мүшесіне айналып үлгереді. Әсіресе, үйдегі кішкентай балдырған Аманда роботқа қатты бауып басып қалады. Робот та отбасы мүшелеріне деген сезімін көрсете бастайды. Бір күні Эндрю оған адамның түр-әлпетін сыйлайтын белді инженермен танысады. 

"Шарап жасаушының ережесі" / "Правила виноделов"
АҚШ, 1999
Режиссер: Лассе Халльстрем
Басты рөлдерде: Тоби Магуайр, Шарлиз Терон

Сюжет: Бозбала Гомер балалар үйінде өседі. Дәрігер Ларч әке орнына әке болып, кейін оны акушер саласына баулиды. Гомер болса әлемді шарлауды армандайды. Кэнди мен оның сүйіктісі Уоллиді кездестірген кезде, шынымен өзі қалаған өмірді қалап жолға аттанады. Кейін Кэндидің әкесіне тиесілі жер теліміне жұмысқа орналасады. Көп ұзамай Уолли соғысқа аттанады, ал Кэнди мен Гомер арасында сезім пайда болады.

"Мені ұмытпа" / "Помни меня"
АҚШ, 2010
Режиссер: Аллен Култер
Басты рөлдерде: Роберт Паттинсон, Эмили де Рэвин

Сюжет: Тайлер ағасының қазасынан кейін күйзеліске түседі. Жанжалдан кейін әкесімен қарым-қатынасына сызат түседі. Оған сол кезде ең жақын жандар досы Эйдан мен қарындасы Кэролайн еді. Бір күні төбелестен кейін, бірнеше күнге абақтыға қамалады. Эйдан тергеушінің қызымен бір колледжде оқитынын біліп, әкесінен кек алу үшін қыздың басын айналдыруды ұсынады. Бірақ Тайлер шынымен ғашық болып қалады. 

"Марли және мен" / "Марли и я"
АҚШ, 2009
Режиссер: Дэвид Фрэнкел
Басты рөлдерде: Дженнифер Энистон, Оуэн Уилсон

Сюжет: Фильм журналист Джон Гроганның романы желісі бойынша түсірілген. Үйленген соң Джон мен Дженни жаңа жерге қоныс аударады. Жаңа үйге келген бойда ит асырап алады. Сүйкімді көрінгенімен ит иесінің айтқанын тыңдаймайтын "тентек" болып шығады. Бірақ уақыт өте ол отбасы мүшесіне айналады.

"Елес" / "Привидение"
АҚШ, 1990
Режиссер: Джерри Цукер
Басты рөлдерде: Деми Мур, Патрик Суэйзи

Сюжет: Сэм мен Молли жаңа пәтерге көшіп келеді. Олардың қуанышы ұзаққа созылмайды. Пәтерге ұры түсіп, Сэм Моллиді құтқарамын деп қаза табады. Сэмнің елесі қалып қойып, оның өлімі кім үшін тиімді болғанын анықтамақ болады. 

"Сүюге асық" / "Спеши любить"
АҚШ, 2002
Режиссер: Адам Шенкман
Басты рөлдерде: Шейн Уэст, Мэнди Мур

Сюжет: Лэндон — мектептегі атақты оқушылардың бірі. Оқу үлгерімімен емес, өзінің сымбатты денесімен, келісті келбетімен танымал. Бұзақылықтан алдына жан салмайды. Бір күні жаза ретінде мектеп директоры оған мектеп спектаклінде өнер көрсетуді тапсырады. Сол уақытта ол оқу үздігі Джеймимен танысады.

Т. Есқали