Детектив жанрындағы үздік дорамалар

Детектив жанрындағы үздік дорамалар
Фото: ponylike.ru

Дорама фанаттары детектив жанрына келгенде кәрістерден асып түсетін ешкім жоқ екенін біледі. Тіпті, ағылшын және америкалық танымал сериалдарға түсірілген ремейктердің өзі алғашқы нұсқаны көрілім жағынан басып озады. Ешкімнің ойына келмейтін қылмыстар, сюжеттегі үйлесімділік, кейіпкерлерді аша білу —  детектив жанрындағы дорамаларды байланыстыратын ерекшеліктер. Бүгін ең қызықты дорамаларды ұсынамыз.

Сәлем, құбыжық / Привет, монстр! / Neoreul Gieokhae
2015

Көптеген сайттар бұл дораманы кәріс ТВ-индустриясымен танысу үшін көруді ұсынады. Шынымен, актерлер өте жақсы таңдалған, сюжеті шытырманға толы, ал баяндалатын оқиға дорама аяқталғанша көрерменді тырп еткізбейді. 

Ли Хён АҚШ-та білім алып, сол жақта тұрады. Бірақ беймәлім біреуден келген хат оның елге оралуына себеп болады. Ол келе сала сериялық қылмысты зерттеуге кіріседі. Оның ойынша қылмыскерді ұстау, ұмыт болған өткеннің жұмбағын ашады. Қасына серіктесі ретінде Чха Джи Ан тағайындалады. Екеуі бірге бірнеше істі ашады. 

Дауыс / Голос / Boiseu
2017-2021

Кәріс дорамаларының арасында бірнеше маусымға созылған сериалды сирек кездестіреміз. Солардың бірі криминалға толы — "Дауыс" сериалы. Бас кейіпкер ерекше есту қабілетіне ие және сол арқылы қылмыскерлерді тауып, көптеген адамның өмірін сақтап қалуға көмектеседі. Оны актриса  Ли Ха На сомдайды. Ол танымал детективпен бірге жұмыс істейді.

Тозақтан келген бейтаныстар / Незнакомцы из ада / Taineun Jiokida
2019-...

Психологиялық триллер танымал веб-мультфильм негізінде түсірілген. Тіпті кей кадрлар сол күйінде алынған. Дорама шағын қаладан Сеулге көшіп келген Юн Чон У деген жас жігіт жайында. 

Қаржылық жағынан қиналып жүрген ол тек  Eden Studio деп аталатын арзан жатақханада тұруға ғана жағдайы жетеді. Жатақханаға орналасқан ол тұрғындардың бәрінің бір беймәлім құпиясы бар екенін түсінеді. Атмосфераның өзі қорқынышты.  Тіпті ақылған қонымсыз оқиғалар бола бастайды.

Нашар детектив / Плохой детектив / Nabbeun Hyeongsa
2018-...

Дорама – ағылшынның "Лютер"сериалына түсірілген ремейк. Бас кейіпкерді У Тхэ Сок сомдайды. Ол айтқанынан қайтпайтын, әділеттілікті жаны сүйетін детектив. Бірақ жұмысында қиындықтар туады. Соған қарамастан, ол кез келген мәселенің шешпей тыным таппайды. 

Жауыздық гүлі / Цветок зла  / The Flower of Evil
2020-...

Чха Чжи Вон сүйікті Пэк Хи Сонға тұрмысқа шығады және детектив ретінде өзін дәлелдеген мамандардың бірі.  Жары екеуі бақытты өмір сүреді. Бірақ детективтің күйеуінің жасырған құпиясы бар еді. Чжи Вон детектив ретінде өзінің күйеуінің құпиясын білу үшін барын салады.

Құтқар мені /  Спаси меня / Goo-hae-jwo
2017-...

Дорама көрмесеңіз де, бұл сериалды бір шолып шығуға кеңес береміз. Бизнесінен айырылып қалғаннан кейін, бір отбасы шағын қалаға көшіп келеді. Олар кейін діни культпен танысып, олардың құрығына қалай түсіп қалғанын білмейді. Өздерін жаратушы алдында борышын өтеп жүргендер деп таныстырғанмен, бұл жер нағыз тозақ еді. Жауыздық, зорлық, алдау. Тек бойжеткен ғана бұның дұрыс емес екенін түсініп, қарсы шығуға тырысады. Сол үшін сыныптастарынан көмек сұрайды. 

Пентхаус / Penteuhauseu
2020-...

Елдегі көрермендер саны бойынша 50 үздік кәріс телехикаясының ішіндегі ең танымал дарамалардың бірі және үш маусымда да жоғары рейтинг көрсеткен. Дорама бір тұрғын үй кешенінде тұратын ауқатты отбасылар туралы. Әрбір кейіпкердің бұлыңғыр өткені бар. Бір кеш кезінде қайғылы оқиға болады. Ал куәгер әрі күдікті отбасы балалары мен өз абыройларын қорғау үшін бәріне барады. 

Т. Есқали