Ересектерге арналған 5 мультфильм

Ересектерге арналған 5 мультфильм
Фото: afisha.ru

Заманауи анимация кез келген адамды таңғалдырады және түрлі жанрдағы шығармаларды ұсынады. Егер кешті жақсы мультфильм қараумен өткізгіңіз келсе, төмендегі ұсыныстарға көз жүгіртіңіз.

«Естен тану» (A Scanner Darkly), 2006 ж.

Анимациялық ғылыми-фантастикалық триллер америкалық жасушы Дик Филип Киндредтің атақты аттас романына негізделе түсірілген. Мультфильм ротоскопия техникасында орындалған. Режиссерлер алдымен кинотаспаға шын актерлерді түсіріп алып, содан соң одан анимация жасаған. Мұнда басты рөлдерді Киану Ривз, кіші Роберт Дауни және Рори Кокрейн сомдайды. Олардың кейіпкерлері әр қадамдарын бақылайтын құпия күшке толы әлемде өмір сүруге мәжбүр.

«Персиполис» (Persepolis), 2007 ж.

2000-жылдары ирандық жазушы Маржан Сатрапи «Персиполис» комиксін шығарды. Оны сыншылар да, қарапайым оқырмандар да жоғары бағалады. Комикстер көптеген тілдерге аударылып, бірнеше жыл өткен соң мультфильм түрінде түсірілді. Бұл заманауи Иранның таныс жағдайларына куәгер болатын Маржан есімді қыз жайлы әсерлі оқиға.

«Қызыл тасбақа», (La tortue rouge) 2016 ж.

Бұл еуропалық және жапондық классикалық анимация үйлестірілген толық метражды мультфильм. Мультфильм сюжеті бойынша, ер адам кеме апатына ұшырап, адам тұрмайтын аралға тап болады. Ол өз өмірін құтқару үшін бамбуктан сал құрастырады, бірақ оның еңбегін қызыл тасбақа бұзып тастайды. Осымен оның оқиғасы аяқталмайды. Керісінше, бұл махаббат, өмір және өмірдегі өз орнын табу жайындағы философиялық мәні бар оқиғаға айналады. Бір қызығы, «Қызыл тасбақада» бірде-бір диалог жоқ, көптеген көріністерінде музыка да жоқ. Картина авторлары тыныштық және жалғыздық атмосферасын жасаған.

 «Асыраушы» (The Breadwinner), 2017 ж.

Ауғанстан астанасы — Кабулда өз отбасысымен Парвана есімді қыз тұрады. Оның әкесі — саяси режимнің ауысуынан кейін саудамен айналысуға мәжбүр болған мұғалім. Полиция оны үйде тыйым салынған әдебиетті сақтағаны үшін түрмеге алып кеткенде Парвана мен оның отбасысы аш қалады. Парвана отбасын қорғап, жұмыс табу үшін үйден әр шығарда ұл болып киініп шығуы керек болады.

«Ван Гог. Махаббатпен, Винсент» (Loving Vincent), 2017 ж.

Винсент Ван Гогтың өмірі мен өлімі жайлы биографиялық мультфильм анимациялық кескіндеме стилінде түсірілген. Бұл техника жаңа емес, бірақ ол сирек қолданылады. Мультипликатор әр кадрды әйнекке немесе кенепке майлы бояумен салады. Ал stop motion анимациясы көріністі «тірілтуге» көмектеседі. Фильм Ван Гог картиналарының стиліне келтірілген. Бірақ мультфильм тек визуалды түрде ғана емес, сондай-ақ мазмұнымен де қызық. Сценарий негізіне Ван Гогтың хаттары алынған.

А. Жапатова