Би туралы еліктіргіш 6 фильм

Конкурста жеңу үшін хип-хоп әуесқойлары мен балериналар бірігеді. Даяршы би үшін жұмысын тастайды. Мектеп оқушысы мюзикл жұлдызына айналады. Би туралы қызықты 6 фильмді ұсынамыз.

«Ырғақты ұста» (Take the lead), 2006 жыл

Пьер Дюлейн — кәсіби биші. Ол біркүні біреудің көлігін таяқпен сындырып жатқан жасөспірімді көріп қалады. Жігіт қашып бара жатып көліктен алған автотұрақ талонын жерге түсіріп алады. Осылайша, Пьер көліктің қиын жасөспірімдерге арналған жергілікті мектептің директорына тиесілі екенін анықтайды.

Пьер мектепке келген кезде директор балаларды мүлдем ойламайтынын түсінеді. Ол балаларды аяп, ол жаққа биден беретін мұғалім болып жұмысқа тұрады. Пьер оқушылардың сеніміне кіріп, би арқылы олардың өз-өздеріне және мүмкіндіктеріне деген сенімін қайтарғысы келеді.

«Бір қадам алға» (Step Up), 2006 жыл

Көше бишісі Тайлер достарымен бірге байқамай өнер мектебінің терезесін сындырып алады. Жігіттер басты кейіпкерді мекеменің ішіне кіруге көндіреді. Ол жақта олар өнер көрсетуге арналған залды тауып, бәрін сындыра бастайды. Шуды естіген күзетші жүгіріп келеді. Оның достары қашып үлгереді, ал Тайлерді ұстап алады. Ол көп ұзамай сотқа шақыртылады: қоғамдық жұмыстар жасауға үкім шығарылады. Енді ол күнде кешкісін осы мектепке келіп, тазалау жұмыстарымен айналысуы керек.

Терезелерді жуып жүріп, ол мектеп студенті Нораны байқайды. Ол жылдың қорытынды биіне серіктес іздеп жүр. Алайда бұл рөлге ешбір жігіт келмейді. Мұны байқаған Тайлер қызға өз көмегін ұсынады, ал Нора оны қабылдайды.

«Шашқа арналған лак» (Hairspray), 2007 жыл

Би туралы бұл фильмде 1960-жылдардағы оқиғаны баяндайды. Мектеп оқушысы Трейси күнде сабақтан кейін жасөспірімдер қатысатын мюзикл — «Корни Коллинз шоуын» қарау үшін үйге асығады. Трейси өз құрбысымен бірге теледидар алдында тұрып билеп, өзін басты рөлде елестетеді.

Шығарылымдардың бірінде Корни оларға жаңа қатысушы керегін хабарлайды. Трейси бұл оның мүмкіндігі екенін түсінеді. Қыздың анасы болса, оған қарсы: ол қызының отбасылық кір жуатын үймен айналысқанын қалайды. Алайда Трейси бәрібір де кастингке барады. Алайда мектеп оқушысы телевизияға жету үшін көптеген қиындықтарды жеңуі тиіс.

«Көше биі» (Street Dance), 2010 жыл

Бұл фильм ойдан шығарылған Jay 20 тобы жайлы. Олардың мақсаты — би конкурсының финалында жеңіске жетіп, Нью-Йоркке жолдама ұтып алу. Олар іріктеу турынан сәтті өтеді. Алайда олардың лидері Джей кенеттен командадан кететінін айтады. Ол топты басқаруды өзінің қызы — Карлиге тапсырады.

Жаңа қызмет Карлиге тек сәтсіздіктер әкеледі. Ол жаттығу залын брондауды ұмытып кетіп, команда жаттығатын алаңсыз қалады. Сол үшін топтың бірнеше мүшесі жеңіске деген сенімдерін жоғалтып, топтан кетеді. Алайда Карли бір шешім табады. Ол Хелен есімді балеринамен танысады. Хелен Jay 20 тобының балет мектебінде жаттығуына рұқсат береді. Бірақ бір шарт бар: Карли командасына Хеленнің оқушыларын алуы керек. Енді ол топты біріктіріп, оларды конкурста жеңіске жеткізуі керек.

«Бурлеск» (Burlesque), 2010 жыл

Али — провинциядан шыққан қарапайым даяршы қыз, бірақ ол үлкен сахнада өнер көрсетуді армандайды. Кафе иесі қызға тағы да жалақысын төлемей қойған кезде ол жұмыстан шығып кетеді. Жинаған ақшасына Али өз арманын орындағысы келеді. Ол Лос-Анджелеске билет алып, кішкентай қалашықтан кетеді.

Лос-Анджелесте ол өзінің вокалдық қабілеті қажет болатын жұмыс табуға тырысады. Бірақ ондай жұмыс табыла қоймайды. Біркүні Али «Бурлеск» клубын кездестіреді. Ол ондағы қыздардың өнеріне таң қалып, биші болуды шешеді. Бірақ оны клубқа тек даяршы ретінде жұмысқа алады. Али тапсырыстарды жеткізіп жүріп, би нөмірлерін жаттап жүреді. Біркүні бишілердің бірі бала көтеріп қалады да, оның орнын Алиге ұсынады. Осылайша, оның табысқа жету жолы басталады.

«Қызбалық» (High Strung), 2016 жыл

Руби — беделді өнер мектебіне оқуға түскен жас биші. Ол Нью-Йоркке көшіп келген бойда метрода Тайлермен танысады. Тайлер — скрипкада ойнау арқылы ақша табатын көше музыканты. Ол станцияда Рубидің бұзақылардан қорғануына көмектеседі, алайда осы кезде Тайлердің музыкалық аспабы ұрланып кетеді.

Руби полицияға хабарлауды ұсынады, алайда Тайлер АҚШ-қа визасыз келгендіктен грин-карта алуға скрипкада ойнау арқылы ақша жинап жүргенін айтады. Руби оған көмектесу үшін аспапты жалға алып, Тайлерді музыканттар мен бишілер конкурсына бірге қатысуға шақырады. Енді бұл жұп ақша ұтып алып, жігіттің Нью-Йоркте қалуына көмектесу үшін конкурста жеңуі керек.