Джим Керридің үздік рөлдері

Джим Керридің үздік рөлдері
Фото: imdb.com

Жақында ғана 60 жасқа толған Джим Керри актер ретінде ғана емес,  продюсер әрі сценарий жазушы ретінде танымал. Оның "Бетперде" фильміндегі рөлін ұмыту мүмкін емес. Ол сияқты билеп, секіріп жүріп, ерекше мимикасы арқылы көрермен көңілінен шыққан актер аз. Бүгін сүйікті актердің ең ұтымды рөлдерін ұсынамыз.

The Truman Show / Труман шоуы
1998, АҚШ
Драма, комедия
IMDb: 8.1

Фильмнің бас кейіпкері — америкалық Труман Бербанк. Ол Сихэвэн қаласында тұрады. Шынына келгенде, Труман — шоу кейіпкері. Оның өмірі болса алдын ала жазылған сценарий, ал Сихэвэн қаласы шоу үшін жасалған декорация болса, таныстары мен көршілері — актерлер. 

Eternal Sunshine of the Spotless Mind /  Кіршіксіз сананың мәңгі шуағы
2004, АҚШ
Мелодрама, драма, фантастика
IMDb: 8.3

Джоэл мен Клементина бір-бірін қатты жақсы көреді. Бірақ уақыт өте келе қарым-қатынасқа сызат түседі. Қиындыққа төтеп бере алмаған қос ғашықтың жолы екіге айырылады. Клементина сүйгенімен байланысты барлық естелікті санасынан өшіруге шешім қабылдайды. Бұны білген Джоэл де өз санасындағы Клементина өшіріп тастайды. Бірақ, кейіпкердің миы оның қалауына қарсы тұрады.  

Ace Ventura: Pet Detective / Эйс Вентура: Үй жануарларын іздеу
1994, АҚШ
Комедия, детектив, шытырман
IMDb: 6.9

Белгісіз қылмыскерлер "Супербоул" алдында футбол командасының тұмары болған дельфинді ұрлап кетеді. Оны табу үшін қаладағы жалғыз үй жануарларын іздеуші Эйс Вентура жұмысқа кіріседі. Эйстің жұмыс тәсілі ақылға қонымсыз болса да, барлық ісі сәтті аяқталған еді.  

The Mask / Бетперде
1994, АҚШ
Фэнтези, комедия
IMDb: 6.9

Тұйық, адамдармен қалай араласу керегін білмейтін банк қызметкері Стэнли Ипкисстің өмірінде айтарлықтай қызық жоқ. Жұмыстағы сәтсіз күндердің бірі.  Стэнли кенеттен қулық пен өтірік құдайы Локидің бетпердесін тауып алады. Кейіпкер бетпердені киген бойда мүлде басқа адамға айналады.  

Bruce Almighty / Құдіретті Брюс
2003, АҚШ
Драма, комедия
IMDb: 6.8

Тілші болып қызмет атқаратын Брюс Ноланның қолында бәрі бар: табысты жұмысы, сүйіктісі, үйі. Дегенмен оның көңілі ештеңеге толмайды. Ашушаң мінезінің кесірінен бір күні ол жұмыстан шығып кетеді. Жолда бар ашуын кімнен аларын білмей, бар шағымын құдайға айтады. Бір қызығы құдай оның сұрағына жауап береді және оған бір аптаға өз орнын береді. 

Yes Man / Бәріне — "иә"
2008, АҚШ
Комедия
IMDb: 6.8

Карл Алленнің мінезі ауыр. Барлық адамның өтінішіне әрдайым "жоқ" деп жауап қатады. Нәтижесінде сүйіктісімен айырылысып кетеді, жақын достарымен де қарым-қатынас нашарлайды. Алыс таныстарының бірі Карлды "Иә - жоқтың жаңа нұсқасы" атты семинарға шақырады. Шарадан кейін кейіпкер тек "иә" деген сөзді қолдана бастайды. 

Me, Myself & Irene / Мен, өзім және Ирэн
2000, АҚШ
Комедия
IMDb: 6.6

Мейірімді, әрдайым күліп жүретін Чарли кішкентай қалада полиция қызметкері болып жұмыс істейді. Бәрі оның жары көзіне шөп салып, кейін қашып кеткенде өзгереді. Сатқындыққа шыдай алмаған Чарлиде тұлғалық бөліну байқалады. Өзін Хэнк деп атайтын екінші тұлға оның өмірінің астан-кестенін шығарады. 

Т. Есқали