Тарантино фильміне енбей қалған кадр $ 1,1 миллионға сатылды

Тарантино фильміне енбей қалған кадр  $ 1,1 миллионға сатылды

1994 жылы Квентин Тарантиноның 30 жылға жуық уақыт бойы атағы өршімесе, өшпеген “Криминалды шығарма” атты туындысы үлкен экранға шықты. Нағыз культке айналған фильм “Оскар”, “Алтын пальма бұтағы” және өзге де 40 кинематографиялық атаққа қол жеткізді. Тіпті, жастар арасында оның кейіпкерлеріне еліктеушілер де көбейді. Олардың  іс-қимылы, сөйлеу мәнері, киген киімі, жеген асының бәрі тренд десек, қателеспейміз. Олар  әрбір сөйлемі қанатты сөзге айналып кеткен қылмыскерлердің пәлсапалық диалогтарын, Траволта мен Турманның биін қайталайтын болды, "Мартин мен Льюис" сүтті коктейліне тапсырыс беретінді шығарды.

Ал күні кеше осы картинаның соңғы монтажына енбей қалған кадр бәссаудада  $ 1,1 миллионға сатылды. Tarantino NFT деп аталатын бұл жоба SCRT Labs-пен бірлесе отырып, бірегей NFT лоттар ұсынады. Онда фильмдерге енбеген бірнеше көріністер мен фильмнің түпнұсқа қолжазба сценарийі бар. Эпизодтар Тарантиноның өзінің аудио түсіндірмесімен сүйемелденген.

Бір қызығы, Miramax контентке зияткерлік меншік құқығына қатысты сотқа шағым түсірді. «Тарантино мырзаның сценарийді жариялауға құқығы болса да, оның Miramax зияткерлік меншігіне жататын бірегей NFT-кадрларды сатуға еш құқығы жоқ», - деді киностудия заңгерлері 2022 жылдың қаңтарында. Бірақ, кадрдың бәссаудада сатылуы бұл сотта кімнің жеңіске жеткенін анық көрсетіп тұрғанға ұқсайды.

Соңғы рет бұл киноға қатысты бәссауда осыдан 3 жыл бұрын болған. Онда фильм түсірілген вилла саудаға түсті. 

Ол коттедж Студио-Сити аймағында орналасқан, көлемі 400 шаршы метрді құрайды. Жалпы 1,395 миллион долларға бағаланған үйдің ішінде 3 жатын бөлме, екі жуынатын бөлме, қонақ бөлме, патио мен гараж бар.

Тарантино өнеріне табынушылар осы үйде тұратын танысына Джон Траволта мен Сэмюэль Джексонның кейіпкерлері көмек сұрап келетін жақсы біледі. Бұл “Криминалды шығарма” картинасындағы ең шиеленіскен сәттердің бірі.

Постмодернистік кино бағытының аса танымал өкілі Тарантиноның бұл фильмінің атауы XX ғасырдың ортасында Америка Құрама Штаттарында танымал болған журналдарға (Pulp magazine) байланысты қойылған. Жалпы, нағыз культке айналған фильм көрермен жүрегінде әлі күнге дейін біраз өзіндік ерекшеліктерімен есінде сақталған. «Криминалды шығарма» Оскар жүлдесінен жеті рет номинация (оның ішінде “Үздік фильм”) алған. Ең үздік сценарий номинациясында фильм «Оскар», «Алтын глобус», «BAFTA» және «Канн кинофестивалінің» «Алтын пальма бұтағын» жеңіп алды. «Криминалды шығарма» IMDb сайтындағы ең үздік 250 фильмнің тізімінде үнемі бірінші ондығынан табылады. Ал 2013 жылы мәдени, тарихи және эстетикалық құнды фильм ретінде Американың Ұлттық фильмдер реестріне енгізілді.

Естеріңізге сала кетейік, Квентин Джером Тарантино – америкалық кинорежиссёр, сценарийші, кинооператор, актер және кинопродюсер. «The Guardian» журналы оны әлемдегі ең үздік 40 режиссерлердің тізімінде 17 орынға қойды. 

Тарантиноның америкалық кинематографистердің алдыңғы ұрпағынан айырмашылығы, ол кино өнерін өздігінен зерттеп үйренді. Оның кинематографиялық мәнері поп-мәдениет және артхаустық киноның өзіндік қосылу әсерінен дамыды. Тарантиноның барлық фильмдерінің тек оған ғана тән, басқа режиссерлермен шатастырмас айрықша сарыны бар. Ең алдымен, ол ретсіз құрылым, дәстүрлі баяндаудан ауытқу, зорлық-зомбылықты эстетикалық көркемдеу және ұзақ диалогтар.

Фильмдерде жарнама орналастыруын жек көргендіктен, ойдан шығарылған брендтерді жасайды. Мысалы, оның бірнеше фильмдерінде Red Apple темекісі бар. Бірақ, мұндай бренд ешқашан болмаған.

Кейіпкерлері көбіне қара түсті шалбарлы костюмге киеді. Басты кейіпкерлері кем дегенде бір ірі қылмыс жасаған (көбінесе - кісі өлтіру, кейбір фильмдерде - қарақшылық). Ол барлық дерлік фильмдерде лақап және бүркеншік аттарды пайдаланады. Кейіпкерлер жиі кафе немесе мейрамханада отырып тамақ туралы әңгіме айтады. Тарантино туындыларында ол сүйіп өскен фильмдерге сілтемелер бар. Оның фильмдерінде «Мексикалық тұйық» сценасын байқайсыз. «Мексикалық тұйық» ол үш немесе одан да көп адам бір мезгілде бір-біріне қару бағыттауы. 

Тарантиноны сыншылар тарапынан жақсы бағаланған және ең табысты режиссерлер қатарына жатқызуға болады. Режиссер жарқын және есте қаларлық бірнеше бейнелер тудырып, кино әлеміне өз эстетикасын және белгілі бір тартымдылық енгізді. Алайда, Тарантино әр түрлі уақытта және әр түрлі себептермен қатты сынға ұшырап та келеді. Квентинның жанкүйерлері мен табынушыларымен қоса, көптеген жек көрушілері де бар. 

Тарантино басқа мәдениеттерге тым әдепсіз қатынасы үшін сыналды. Оның фильмдеріндегі кейбір сөйлемдер нәсілшілдік ретінде қабылдануы мүмкін. Әсіресе, ол режиссер көп қолданылытын «ниггер» сөзімен байланысты. 

Сонымен қатар, режиссер фильмдерде зорлық-зомбылықты шамадан тыс көрсетілуі үшін айыпталады. Бірақ кейбір сыншылардың айтуынша, Тарантино зорлық-зомбылықты көрермендерде күшті сезімдер туғызу үшін қолданады және ол баяндау құралы ретінде көзделген.

А. Оралқызы