"Гуччи үйі" фильміндегі киімдер бәссаудаға қойылады

"Гуччи үйі" фильміндегі киімдер бәссаудаға қойылады

Christie's аукцион үйі Леди Гага мен Адам Драйвердің "Гуччи үйі" фильміндегі шаңғы курортында түсірілген сценада киген киімдерін сатылымға шығарды. Сатудан түскен ақша мидың генетикалық бұзылуымен, лейкодистрофиямен күресетін ELA қауымдастығына беріледі.

Лоттарға қойылған минимал баға олардың өз құнына сай келеді. Адам Драйвер кейіпкерінің костюмі 2000 еуродан, ал Леди Гаганың киімі 4000 еуродан басталады. Аукцион үйі актрисаның үстінде болған киім 15 000-25 000 еуро, ал актердің костюмі 10 000-15 000 еуро көлемінде сатылады деп үміттенеді. Бәссауданың өзі 14 желтоқсанға дейін жалғасады. 

"Гуччи үйі" фильмінде Леди Гага кейіпкері тау шаңғысы курортына винтажды Gucci күртесін киіп, Pikkio Bijoux зергерлік бұйымдарын тағып барса, ал Адам Драйвердің спорттық костюмі Peuterey Luxury Skiwear брендініне тиесілі еді.

Естеріңізге сала кетейік, жуырда Gucci сән үйі туралы көркем фильм көрермен назарына ұсынылды. Нақтырақ айтсақ, жаңа туындының оқиға желісі фэшн-империяның мұрагері Маурицио Гуччи өлімінің төңірегінде болды.

Леди Гага кейіпкері – Маурицио Гуччидің жұбайы Патриция Реджиани. Маурицио Патрициямен ажырасып, 1995 жылы басқа әйелге үйленбек болады. Алайда, бұрынғы әйелі миллиардтаған еуро тұратын мұра оның жас келіншегімен бөліске түседі деген қорқыныштан киллер жалдап күйеуін өлтіреді. Кейін ол "Гуччи империясының қара жесірі" атанып кетеді.

Екі жыл өткен соң Патриция Реджиани кінәсін мойындайды, сөйтіп 1997 жылы сотталады. Ал 2016 жылы босап шығып, алтынмен апталып, күміспен қапталған сарайына қайта оралады. 

Кезінде ол: "Көк тиынсыз қалып, жылап отырғаннан, Ламборгинидің ішінде жылағаным артық" - деген екен. Есесіне, күйеуінің атасынан қалған мұра мұның қыздары – Алессандра мен Аллеграның еншісіне өтіп, қызығын әлі осы әйел көріп келеді.

Фильм сюжетіне Сара Гэй Форденнің “Гуччи үйі: Сенсациялық қылмыс, ессіздік, гламур мен сараңдық оқиғасы” аталатын кітабі негіз болған.

Жалпы картинаға атақты актерлер топтастырылған. Мысалы, Паоло Гуччиді Джаред Лето, Альдо Гуччиді Аль Пачино, Родольфо Гуччиді Джереми Айронс пен Джузеппина Ауриемманы Сальма Хайек ойнайтыны белгілі. 

Леди Гаганың кейіпкері: "Оларда бәрі бар еді: байлық, стиль, билік. Бұл аталғандар үшін кім қылмысқа бармас еді?!"- дейді бір сценада. 

А. Оралқызы