"Кальмар ойыны" Netflix-тің тарихындағы ең танымал сериал атанды

"Кальмар ойыны" Netflix-тің тарихындағы ең танымал сериал атанды

Хван Донг Хюк түсірген Оңтүстік Кореялық "Кальмар ойыны"  (Squid Game) сериалы Netflix ағынды платформасы тарихындағы ең танымал сериал атанды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.

Ақшаға бәс тіккен адамдар арасынан тек бір ғана қатысушы 45,6 миллиард вон (40 миллион доллар) ұтып алу үшін балалар ойынын ойнайтын драма Netflix-те бір ай ішінде бүкіл әлем көрермендерінің сүйікті сериалына айналып үлгерді.

"Кальмар ойынын" ресми түрде 111 миллион адам көрген, бұл біздің тарихтағы ең көп көрілім жинаған туындымыз!", - деп жазды Netflix твиттерде.

Агенттік аталмыш сериал 17 қыркүйекте шыққаннан бері 27 күн ішінде осындай көрсеткішке жетті. Осылайша алғашқы төрт аптада 82 миллион көрілім жинаған «Бриджертон» (Bridgerton) телехикаясын оңай басып озғанын атап өтті.

Netflix төрағасы және контент бойынша бас маманы Тед Сарандос Калифорниядағы технологиялық конференцияда "Кальмар ойынының"  қаншалықты осындай танымалдыққа жеткеніне таң қалғанын айтты.

"Біз оны әлемдік деңгейде осындай дәрежеге жетеді деп күтпедік", - деді ол.

Фильмнің танымал болғаны соншалық, Оңтүстік Кореяның SK Broadband интернет-провайдері Netflix-ті желілік трафиктің ұлғаюына және көрермендердің күрт өсуіне байланысты шығындарды төлеу үшін сотқа берді.

Сонымен қатар, Netflix ағымды платформасы Оңтүстік Кореяда шығарылған контентке биыл 500 миллион доллардан астам қаражат жұмсайтынын айтты.

"Кальмар ойыны" режиссері Хван Дун Хюк The Times басылымына берген сұхбатында егер екінші маусым түсірілсе, негізгі оқиға антагонист Frontman – алтын маска киген адамның айналасында өрбуі мүмкін екенін айтты. Бірінші маусымның сюжеті бойынша ол зорлық-зомбылық ойындарын ұйымдастырады және қатысушыларды бақылайды.

Т. Раушанұлы