Qara Fest "Мен мінген пойыз" деректі фильмін ұсынады

Qara Fest "Мен мінген пойыз" деректі фильмін ұсынады

Алматыда 23-28 қыркүйек аралығында Chaplin Mega Park кинотеатрында QaraFest фильмдері көрсетіледі. Ал онлайн-фестиваль – біздің виртуалды алаңда 30 қыркүйек пен 9 қазан аралығында өтеді. Бағдарламада Чили, Түркия, Швеция, Германия, Норвегия, Финляндия, Грузия, Бельгия, АҚШ және Румыниядан 10 туынды бар. Барлық фильмдер түпнұсқа тілінде, қазақ және орыс субтитрлерімен көрсетіледі. Көрсетілімдер Сорос-Қазақстан қорының @sfkazakhstan және Нидерландтық movies That Matter @moviesthatmatterfestival кинофестивалінің гранттар бағдарламасының қолдауымен ұйымдастырылды.

Көзбен көруге, көңілге түюге, зерттеуге, таным көкжиегінде зерделеп, тың болмысты тануға мүмкіндік беретін Qara Fest тәуелсіз деректі кино фестивалі аясында көрсетілетін айрықша картиналардың бірі "Мен мінген пойыз" деректі фильмінің көрсетілімі болады.

Аталған фильм —"Ник Кэйв және осал тұқымдар" туындысы арқылы танымал режиссер Арно Битши мен Уоррен Эллистің жобасы. Деректі фильмнің премьерасы Rakkauta ja Anarkiaa кинофестивалінде өткен болатын. Фильмнің продюсері Лииза Карпо болса, Марианна Макеля мен Клара Вуиллермоз сопродюсері ретінде қызмет атқарған. Фильмнің дыбыстық дизайнына Эллистің "Жердегі 20000 күн" аталатын фильмінде бірге жұмыс істеген Хейки Косси мен Пиету Корхонен жауап береді.

Биыл екінші мәрте өткізілгелі отырған QaraFest халықаралық конкурсы аясында көрсетілетін қатысушы фильмдердің алғашқысы, яғни, "Мен мінген пойыз" картинасы өте әсерлі түсірілген.

Бүгінгі күн. Америка Құрама Штаттары. Жүк пойызы алапат темір жылан тәрізді бір елден екіншіні ажыратып тұрған шекараны кесіп өтеді. Бұл пойызға жету үшін кейіпкерлер әлемде қараңғылық орнағанын  күтуге мәжбүр. Олар ешкімнің көзіне түспеуі керек. Өйткені бұл әрекеттері заңсыз. Өз бетінше сапарға аттанған Айви, Карен және Кристина есімді әйелдер нақты мақсатты көздемей, кезбе боп өмір сүруді таңдады.

Темір тұлпардың шуының астында олар режиссерді саяхатшы ретінде қабылдайды және камераға өз оқиғаларын баяндайды. Фильм авторы сұлу кейіпкерлердің түпкі ізденісі не екенін түсінуге тырысады. Олардың ерлерден де, қоғамнан да мықты екеніне тәнті болады.

Режиссер Арно Битши қатал жағдайда саяхаттай жүріп, фильмнің басты жұлдыздарының жан-дүниесіне үңіліп, табиғат ғажабынан кем түспес әр әйелдің жүрек түкпіріндегі әсем пейзажға тамсана қарайды.

Пойыз да бұл фильмдегі басты кейіпкерлердің бірі. Фильмнің көңіл-күйін жеткізудегі Уоррен Эллис жазған саундтректердің әсері зор. Оның музыкант ретіндегі шеберлігіне сүйсінбеске шара жоқ.

Осындай мықты туындыны тамашалау үшін Qara Fest тәуелсіз деректі кино фестивалінің жаңалықтарынан құр қалмаңыз.

Аталған шара 2020 жылғы қиын кезеңде туып, әлемдік шектеулерге қарамастан, былтыр 2200-ден астам көрерменге Қазақстанның 8 үздік деректі туындысын ұсынды. 

Оны ұйымдастырушылар тіршіліктің, қас-қағым сәттің, кадрдағы шынайы өмірдің куәгері болуға шақырады, шығармашылық ләззат алып қана қоймай, бүгінгі шынайы болмысты шарайнасынан шығып, кеңінен бақылауға мүмкіндік береді. 

Фильм бағдарламасы – бұрын-соңды көзге таныс болмаған, әйтсе де шынайы өмірді бейнелейтін өзге тағдырды, өзгеше кейіпкерлерді қамтиды.

Фильм кейіпкерлері – дәл қазір әлемнің әртүрлі бөлігінде өмір сүріп жатқан адамдар. Олар бізден алыс елдерде тұратынына қарамастан, әрқайсымызға сондай жақын. Олардың хикаясы - біздің өміріміздің айнасы сияқты. Олар да өмірдегі маңызды сұрақтарға жауап іздейді, сүрінеді, қатесінен сабақ алады, армандайды, қорқады, жақсы көреді және өмір сүреді.

Олар бізді көруге, сезінуге, шындықты іздеуге, жаңа дүниелермен танысуға шақырады. Қоғамда ашық талқыланбайтын тақырыптарға басқаша қарауға, әр теріс пікірдің артында тірі адам тұрғанын түсінуге, экрандағы образдар шынайы қарым-қатынасқа қалай әсер ететінін байқауға көмектеседі. Жаңа дүниелерге ашық болуға үндейді.

Бұл жолы фильм онлайн және Алматы қаласындағы кинотеатрларында көрсетіледі.

А. Оралқызы