- Негізгі бет
- Кино
- Дана Әмірбек: "Коронавирус...
Дана Әмірбек: "Коронавирус "Оскардың" өнер киносына мән беруіне ықпал етті"
Биыл 93-ші "Оскар" сыйлығын марапаттау рәсімі короновирусқа байланысты 25 сәуірге шегерілген болатын. Сыйлыққа ұсынылған фильмдер мен актерлер наурыз айында белгілі болды.
Осы орайда “қандай фильмдер үздік болуы мүмкін және олар несімен артық, картинаның түсірілуіндегі команда (режиссер, сценарист, актер, оператор... т.б) қай жағынан ұтып тұр һәм биыл былтырғы сценарий қайталанып біз күтпеген фильмдер үздіктер қатарынан көріне ме?” деген сынды сауалдарды кинотанушы Дана Әмірбекке жолдадық.
"Оскар – 2021": беделді сыйлықтың 93-ші салтанатты рәсімі қалай өтеді?
– Дана, биыл "Оскарға" ұсынылып отырған фильмдер ішінен Хлоя Чжаоның "Көшпенділер мекені" (Nomadland), Флориан Зеллердің "Әке" (The Father), Дэвид Финчердің "Манк" (Mank), Шаки Кингтің "Иуда және Қара Мессиа" (Judas and the Black Messiah), Ли Айзек Чунның "Минари" (Minari), Эмиральд Феннельдің "Үміт қызы" (Promising Young Woman), Дариус Мардердің "Металл дыбысы" (The Sound of Metal), Аарон Соркиннің "Чикаго жетілігін соттауы" (The Trial of the Chicago 7), "Үздік фильм" номинациясына енді. Сіз қай режиссердің туындысын үздік деп бағалайсыз?
– Бүгінде біз адамның санасы мен әлемге деген көзқарасы трансформацияланып, түрлі саяси толқыныстардың мәдениетке де айрықша әсер етіп жатқанының куәсіміз. "Оскардың" былтыр енгізіліп, 2024 жылдан бастап өз күшіне енуі жоспарланған нәсілдік, этникалық, және жыныстық ерекшеліктерге қатысты жаңа талаптары биылдан бастап жүзеге асырылып жатқанын байқау қиын емес. Осы ретте "Иуда және Қара Мессиа" (Judas and the Black Messiah), "Минари" (Minari), "Металл дыбысы", "Чикаго жетілігін соттау" (The Trial of the Chicago 7), "Ма Рейни: Блюз анасы" (Ma Rainey's Black Bottom) фильмдерінде нәсілдік және этникалық аз халықтарға деген қолдау байқалса, "Болашағы зор қыз" (Promising Young Woman) бен "Көшпенділер мекені" (Nomadland) туындыларынан әйел мен оның болмысына деген жаңаша көзқарасты көреміз. Сондай-ақ, "Оскар" марапатының тарихында алғаш рет екі бірдей әйел "Үздік фильм" номинациясы бойынша жеңуге үміттеніп, тақымдарын қысып отыр.
Әрине, биылғы өнер додасына қатысуға іріктелген фильмдердің әрқайсысы көрермен назарына ұсынылуға әбден лайық. Дегенмен, осылардың арасында жеңіске шынайы лайық екі фильм бар. Біріншісі, Дэвид Финчердің "Манк" (Mank) фильмі болса, екіншісі, Хлоя Чжаоның "Көшпенділер мекені" (Nomadland). "Манк" Дэвид Финчердің кино өнеріне деген тағзымы әрі әлемнің үздік туындыларының арасындағы ең үздігі ретінде мойындалатын "Азамат Кейн" ("Citizen Kane") фильмінің авторларына қатысты шындықтың бетін түріп, тарихи әділеттіліктің орнатылуына қосқан үлесі.
Расында да, "Азамат Кейн" фильмі жайлы әңгіме өрбігенде есімізге бірден Орсон Уэллс қана түсетін. Фильмнің сценарий авторы Герман Джейкоб Манкевич жайлы ойымызға да алмайтынбыз. Дэвид Финчердің отыз жыл толғанып түсірген бұл туындысы тек мән-мағынасы тұрғысынан емес, одан бөлек, көркемсуреттік тәсілдерімен де таңдандырады. Талайға ұмыт болған ақ-қара фильмдегі жарық пен көлеңкені ұтымды пайдаланып, ракурстар мен пландар арқылы әр кадрды сөйлете білген кинооператор Эрик Мессершмидт пен суретшілердің атқарған еңбегі жоғары бағалануға тұрарлық.
1940-шы жылдардағы заман лебін сезіндірген костюмерлер жұмыстарынан да асқан кірпияздық пен жауапкершілік байқалады. Сол дәуірдің дыбыс жазу технологиясына жүгіну арқылы көрерменді ескі Голливуд фильмдеріндегідей атмосфераға енгізген дыбыс режиссерінің де жұмысы есте қаларлық.
Ал, актерлерге қатысты айтар болсам, фильмдегі эпизодтық сахналарда жүрген актерлердің өзінен жасандылық байқамадым. Негізгі рөлдерді сомдаған Гари Олдман мен Аманда Сайфред те өз кейіпкерлерін шынайылықтың шеңберінен шықпай, бірін бірі толықтыра отырып, үйлесімді актерлік ансамбль құрай білген.
Меніңше, Дэвид Финчердің фильмімен тең дәрежеде текетіреске шыға алатын Хлоя Чжаоның "Көшпенділер мекені" (Nomadland) фильмі. Бұл өмірде бәрі де өлмек, мәңгілік ештеңе де жоқ дейді Хлоя Чжао өз фильмімен. Олай болса, материалдық құндылықтарға байланып, руханилықтан алыстап бара жатқан адамзат өмірінің мәні неде? Технология дамып, өміріміз жеңілдеген сайын бақытсыз адамдар көбейе түскені өтірік па? Өз комфортымыздың құлына айналып, шынайы еркіндіктің не екенін де ұмытып қалғанымыз ше? Осындай экзистенциалды ой толқыныстар мен сезім серпілістеріне толы бұл туындыны көріп отырып Чак Паланиктің «Төбелес клубы» (Fight Club) есімізге түседі. "Төбелес клубында" кейіпкер бәрін жоғалту арқылы еркіндікке қол жеткізсе, Хлоя Чжаоның "Көшпенділер мекені" фильміндегі негізгі кейіпкер бәрінен өз еркімен бас тарту арқылы адами бақытын табады.
Өз басым адамның ішкі тебіреністерін камера көзі арқылы бейнелеген аталмыш фильмдегі оператор жұмысы мен жаныңды тыныштыққа бөлеп, көмейіңе ащы өксік кептейтін әуезді әуен арқылы фильмнің атмосферасына енгізе білген композитор еңбегіне тәнті болдым. Ал, бұған дейінгі үздік жұмыстары арқылы көрермен көзайымына айналған Френсис МакДормандты аталмыш фильмдегі кейіпкеріне бар болмысымен еніп, жан-дүниесімен сезініп, шебер ойын үлгісін көрсеткен бұл рөлі үшін де ең жоғары марапат пен қошеметке әбден лайық деп есептеймін.
Тоқетерін айтар болсам, кинотанушы маман ретінде Дэвид Финчердің "Манк" (Mank) фильмі үшін, адам ретінде Хлоя Чжаоның "Көшпенділер мекені" (Nomadland) фильмі үшін тақымымды қысып отырамын. Дегенмен, жеңіс Венеция кинофестивалінің "Алтын арыстанын" қоржынына салған "Көшпенділер мекені" фильміне бұйыратынына сенімім мол.
– Осы аталған фильмдерге не үшін Томас Витенбергтің "Жаппай ішу" (Druk) фильмі енбей қалды деп ойлайсыз?
Дания, Нидерланд және Швеция бірігіп іске асырған Томас Витенбергтіңтің "Жаппай ішу" фильмі "Үздік шетел фильм" номинациясына енді. Көптеген көрермен қауымды тәнті етіп, кинематографиялық тұрғыда шебер орындалған бұл туынды аталмыш номинация бойынша жеңіске жетеді деп ойлаймын.
– Хлоя Чжао, Эмиральд Феннель, Томас Винтерберг, Дэвид Финчер және Ли Айзек Чун "Үздік режиссер" номинациясы бойынша бақ сынайды. Кезекті Оскар сыйлығын үздік ел атанып жүрген АҚШ-тағы көшпенділердің өмірін көрсеткен Хлоя Чжао ала ма әлде Флориан Зеллердің бағы жанып тұр ма? Немесе саясат жеңіп кетіп "Оскарда" жолы болмай жүрген Томас Витенбергті де естен шығармау керек сияқты?
– Өкінішке қарай, саясаттың жеңісі үшін нағыз өнерді құрбан ететін талай өнер фестивальдердің куәсі болып жүрміз ғой. Алайда, егер шынайы мықтыны анықтап, режиссерлік шеберліктеріне объективті баға берер болсақ, "Үздік режиссер" номинациясы бойынша жеңісе жетуге Хлоя Чжао, мен Дэвид Финчер лайық. Меніңше, "Үздік фильм" номинациясы бойынша Хлоя Чжао, ал, "Үздік режиссер" номинациясы бойынша Дэвид Финчер жеңіске жетсе бүкіл әлем көрермені риза болып, "Оскар" марапатына деген скептикалық көзқарастан арылатын еді. Алайда, "Оскар" марапаты таңдандыруымен атақты. Саясаттың ығына жығылып, белгілі бір мәдени қозғалыстарды қолдау үшін шын мықтылар ысырылып қалған көптеген мысалдарды еске түсіруге болады.
– "Үздік актер" номинациясына Энтони Хопкинс ("Әке"), Риз Ахмад ("Металл дыбысы"), Гари Олдман ("Манк"), Стивен Ен ("Минари") және қайтыс болғаннан кейін Чедвик Боузман ұсынылды. Кезінде "Қозылардың үнсіздігі" арқылы көптің ықыласына бөленген 83 жастағы Энтони Хопкинс "Әке" фильмі арқылы әлі де шеберліктің шыңында екенін тағы бір байқатты. Ал, қатерлі ісік аурымен қаншама жыл күресіп, қайтыс болған Чедвик Боузманды да қаншама жұлдыздар қолдап жатыр. Бір жағынан "Тірі өліктер" (Ходячие мертвецы) сериалы арқылы танымал болған Стивен Ен де актер ретінде басқа қырынан көрінді. Биыл бұл сыйлық кімнің қоржынына түсуі мүмкін?
– Биылғы сайысқа қатысушылардың арасында көңілімде айрықша із қалдырған Флориан Зеллердің "Әке" (The Father) фильмі. Кейде бізге тағдырымыз өз қолымызда сияқты көрінеді. Алдыңғы екі минут ішінде не болатынын білмей тұра, болашағымызды бағамдап, өмірлік жоспарымызды құрып қоюдан тайынбаймыз. Алайда, тағдыр бізбен санаспайды. Керісінше, біз тағдырмен санасуымыз керек. Адамзаттың басым көпшілігінің ең қорқатыны өлім екен. Меніңше, өлімнен де қорқынышты нәрсе бар. Ол – есіңді білмей өмір сүру немесе ақылыңнан алжасу. Бұл тұрғыда "Әке" фильмінің авторлары көтеріп отырған тақырып аса маңыздылыққа ие. Қарап отырсаңыз, туындыда алып бара жатқан сюжет пен қақтығыстар, қайшылықтарға толы драматургиялық шиеленістер жоқ. Алайда, аталмыш туындыны басынан аяғына дейін кірпік қақпай, орныңызда байланып отырып көреріңіз сөзсіз.
Бұл біріншіден фильмнің монтаж маманы Йоргос Ламприностың жетістігі болса, екіншіден, кеудіреген қарияның ішкі әлемін ақтарып, ерекше шынайылықпен сомдаған Энтони Хопкинстің актерлік шеберлігінің нәтижесі. Режиссерлер көп жағдайда актерді тек орындаушы ретінде қарастырады ғой. Хопкинстің ойынынан кейін ондай ойдың қате екенін түсінесіз. Меніңше, актерлік шеберліктің шыңына жете білген актерлер көп емес. Солардың бірден бірі Энтони Хопкинс. Фильмді көріп отырып, алдыңызда тұрған әлемге әйгілі ұлы актер екенін, сіздің көріп отырғаныңыз шын өмірде емес, экранда болып жатқанын ұмытып кетесіз. Хопкинс бұл жолы өз мүмкіндіктерін де асып түскендей әсер қалдырды. Әлбетте, аталмыш рөлі үшін "Оскар" марапатына әбден лайық екені сөзсіз.
Аталмыш марапатқа лайық екінші актер өзінің жанды, шынайы, сенімді актерлік шеберлігімен тәнті еткен Гари Олдман, әрине. Алайда, Гари Олдман бүкіл фильмді өз ойыны арқылы ғана алып шыққан жоқ. Ал, оқиға желісі төрт қабырға ішінде орын алған "Әке" (The Father) фильмі Хопкинстың шебер ойынысыз соншалық қызығушылық тудырып, көптеген пікірталастар мен талқылаулар тудырмас еді деп ойлаймын.
– "Үздік актриса" номинанттарының тізіміне Фрэнсис МакДорман, Ванесса Кирби, Кэри Маллиган, Виола Дэвис және Андра Дэй енді. Биыл бұл сыйлықты кім алады деп ойлайсыз?
– Бұл номинация бойынша таңдау Ванесса Кирби мен Френсис МакДорман арасында жасалады деп ойлаймын. Екі актриса да өз кейіпкерлерінің ішкі болмысына терең сүңгіп, сезім иірімдері мен жан тебіреністерін шынайы жеткізе білді деп есептеймін. Дегенмен, "жақсы актер ойнайды, ұлы актер өмір сүреді" демекші, шеберлігі жағынан үстемдік Френсис МакДорманның еншісінде. Бұл тұрғыда саясатты араластырмай, әділ таңдау жасалса, Френсис МакДорман өз қоржынына тағы бір Оскар жүлдесін салады деп үміттенемін.
– Тізімдегі фильмдерді былтырғы "Оскар" номинанттарымен салыстырып көрсек, биыл бір саты төмен сияқты. Былтыр бұл сыйлыққа "Форд Феррариге қарсы" (Ford v Ferrari), "Ирланд" (The Irishman), "Джокер" (Joker), "1917", "Күндердің бір күнінде... Голливудта" (Once upon a Time…in Hollywood), "Паразиттер" (Parasite) қатысқан еді. Бәрі де сен тұр мен атайын режиссерлердің үздік фильмі болатын. Бірақ соңында кореялық По Джун Хо айды аспанға бір-ақ шығарып 4 номинация (Үздік фильм, үздік сценарий, үздік шет тіліндегі фильм, үздік режиссер) бойынша "Оскар" алып кеткен еді. Биылғы фильмдердің "нашарлау" болуына коронавирустың әсері бар ма?
– Иә, адамзат санасына төңкеріс жасап, өмір сүру салтына өзгеріс енгізген COVID-19 кино саласына да әсер еткені сөзсіз. Бұрындары өз өнімдеріне миллиардтап қаржы салатын кинокомпаниялар фильмдерін прокатқа шығару мүмкіндігінен айырылып, амалсыз стримингге ауысуға мәжбүр болды. Қарап отырсаңыз, биылғы сайысқа түсіп отырған фильмдердің ең қымбаты "Манк" $25 млн, "Әке" (The Father) $20 млн, ал, "Көшпенділер мекені" (Nomadland) $5 миллионға түсірілген. Голливуд үшін бұл күлкілі жағдай. Мысал ретінде 2011 жылы жарыққа шыққан "Кариб теңізінің қарақшылары" (Pirates of the Caribbean) фильміне $378,5 млн, "Кек алушылар: Алтрон дәуірі" (Avengers: Age of Ultron) фильміне $365 млн, "Титаник" (Titanic) фильміне $200 млн жұмысалған болатын.
Бұл бір жағынан Оскардың аттракционға айналған өнім киносынан назарын аударып, өнер киносына мән беруіне ықпал етті. Егер коронавирус орын алмаған жағдайда, биылғы үміткерлердің басым көпшілігі ілікпей, киносүйер қауымның басым көпшілігінің назарынан тыс қалар еді деп есептеймін. Пандемияның әсеріне қарамастан, біраз фильмдер жарыққа шығып, оларды көрерменмен қауыштырудың жаңа жолдары ашылып жатыр. Биылғы бәріміз тағатсыздана күтіп жүрген Оскар марапатының болатыны да соның дәлелі. Өз басым өнім емес, өнердің жеңіске жеткенін қалаймын. Ендеше, нағыз мықтылар жеңсін!
– Әңгімеңе рахмет!
Т. Раушанұлы