Спагетти-вестерн деген не: Шығу тегі мен классикалық вестерннен айырмасы

Спагетти-вестерн деген не: Шығу тегі мен классикалық вестерннен айырмасы

Фильмография жанрларының ішінен неге екені белгісіз, бірақ "Вестерн" деген бөлек жанр бар. Киноматографияның жанрлары әдетте триллер, драма, мелодрама, детектив, атыс-шабыс, тарихи, кримиинал, комедия деп кете барады.

Былайша айтқанда, жалпы жанрлар. Ал бұлардың санатында Вестерннің жүргені қызық көрінеді. Өйткені Вестерннің табиғатына қарап, тарихи фильм дей салуға да болады ғой. Алайда бәрі біз ойлағандай оңай емес. Бәрі Вестерннің шығу тегінде жатыр.

Вестерн тарихы

Вестерн – киноматографиядан емес, әдебиеттен бастау алған жанр. АҚШ-та Жабайы Батыс (Техас) туралы аңыз-әңгімелер ХІХ  ғасырда жазыла бастаған. Салт атты жауынгер, жауға қарсы жалғыз мылтық атып, аты шыққан қаһармандар жайлы айтылған әңгімелер жазушыларға ғана шабыт берсе көрінеді. Вестерн жанрындағы кітаптар ХХ ғасырда да жазылған. Ең атақтысы – 1953 жылы жазған жазушы Луис Ламурдың "Ходно" кітабы болды. Бұл кітап талай вестерн фильмнің сюжетіне арқау болды. 30 жылда кітаптың 2 млн данасы сатылған екен.

Тіпті сатылған кітаптың қаржысына Ламур арнайы кино түсіру үшін Жабайы Батыстың 19 ғасырдағы келбетін көрсетер қалашық салған көрінеді. 20 ғасырдың ортасына түсірілген вестерн кинолардың көбі дәл осы қалашықтан "шыққан".

Алайда кино сыншылардың айтуынша, нағыз вестерн (немесе классикалық вестерн) өткен ғасырдың 60-шы жылдары-ақ кинематография жанры ретінде өлген. Ал оны өлтірген – осы спагетти вестерн.

Спагетти-вестерн деген не?

Спагетти вестерн дегеніміз – 1960-70 жылдары Италияда түсірілген шытырман оқиғалы, бір-біріне ұқсас, шытырман оқиғалы фильмдер. Егер вестерннің өзі басына кино жанры ретінде АҚШ-та түсіріліп бастаса, кейінгі вестерннің көбі Италияда түсіріліп, сол дәуірдің ең танымал, қомақты кассалы фильмдеріне айналды.

Осы он жылдың ішінде Италияда 6 мыңға жуық вестерн-фильм түсірілген екен. Италияның оңтүстігі мен Испанияның таулы-қыратты, құмды аймақтары Техастың табиғатына ұқсас келеді. Сондықтан бюджеті аз фильмдердің көбі осында түсірілген.

Ал вестерннің неге "спагетти" аталатынын түсіну оп-оңай. Италия жұртын америкалықтар "спагетти", "макарон жеушілер" деп келеке қылатындықтан, мұндай постмодернистік бағытта түсірілген кино жанрын да қабылдай алмай, әжуалап осылай атаған. Кино сыншылардың бұлай келеке қыларлық жөні бар.

Өйткені спагетти-вестерн АҚШ-та туған классикалық вестерннен мүлде бөлек. Қазіргі тілмен айтсақ, жеңіл, нағыз көңіл көтеру мен көрерменнің қызығы үшін түсірілген оңай фильмдер.

Спагетти-вестернді алғаш жанр ретінде қалыптастырған – режиссер Серджо Леоне болды. 1964 жылы "Бір уыс долларға бола" атты картина түсіріп, спагетти-вестерннің өзіне тән сипатын сомдап, міндеті белгілерін қалыптастырып береді. Леоненің бұл фильмнің үш бірдей трилогиясын шығарып, нағыз кассалық фильмге айналдырады.

Мұндай фильмдер реал өмірден алыс, фантастикалық жағы басым. Атыс-шабыс қазіргі Болливудтың түсірген сюжеттеріне ұқсайды. Визуалды эффект пен эпикалық сипат, қанды бояу басым. Сюжеті логикаға сыймайды, ал атыс-шабыс, соғыс пен ұрыс сюжеттері қырғынға толы. Фантастикалық қойылым көп.

Спагетти-вестерннің шығу тегі

Еуропада вестерн жанрының пайда болуына себеп болған мына оқиға. Екінші дүниежүзілік соғыстың алдында фашисттік Германия билігі АҚШ-тың пропагандасына тосқауыл қою үшін Америкада түсірілген вестерн-фильмдері прокатқа шығаруға тыйым салады.

Сол уақытта немістердің одақтасы итальяндар кино саласына қолға ала бастаған сәт болатын. Содан вестерн жанрына ұқсас фильмдер түсіріп, соған маманданған итальян киностудиялары пайда болды. 1960-70 жылдары түсірілген вестернге Американың актерлері шақырылған. Олардың арасында Клинт Иствуд пен Ли Ван Клиф те бар.

Классикалық вестерн мен спагетти-вестерннің айырмасы

Жалпы, екеуі де бір жанр болғанымен, сюжеті мен фабуласы, кейіпкердің бейнесі мен образы жер мен көктей. Егер классикалық вестерндегі тарихи оқиғаға, шынайы, өмірде болған жайтқа құрылса, спагетти-вестерннен мұндай тарихи тамырды іздеп қажеті жоқ.

 Спагетти-вестерн

Классикалық вестерн кейіпкер мен қаһарманның образын тереңірек ашуға, оның ішкі жан тебіренісі мен жай-күйін ашып көрсетуге тырысады. Мұндай атыс-шабыс көп емес. Болғанның өзінде фильмнің соңына таман орын алуы мүмкін. Мәселен Квентин Тарантиноның 2015 жылы шыққан "The Hateful Eight" (Жексұрын сегіз) фильм дәл осы классикалық вестернге жатады. Оқиға асықпай баяндалады. Диалогқа, мәні бар мәтінге құрылады.

 Жексұрын сегіз

Ал спагетти-вестерннің фишкасы – бұл атыс-шабыс, декорация мен пейзаж, эффект, қанды қойылым. Голливуд түсірген вестерн шындықққа жақын болса, Италия вестернде спецэффект басым. Кейіпкерлері көздемей-ақ құралайды көзге атады.

Кейіпкері (протагонист) көп сөйлемейді, тіпті, диалог жоқ десек те болады. Тек афоризм мен панчлайнға ұқсас слоган айтуы мүмкін. Музыкаға ерекше көңіл бөледі. Спагетти-фильмнің сәтті шығуы музыкаға байланысты.

Классикалық вестерннің кейіпкері шығу тегі мен қандай да бір өткен тағдырымен байланысы бар адамдар. Ал спагетти-вестернде кейіпкердің қайдан шыққанын, әу баста кім болғанын, неге мұндай тұлғаға айналғанын білмейсіз. Нақтырақ айтсақ, ол жағын баяндамайды да. Кейіпкердің басы да, аяғы да жоқ.

Классикалық вестерннің кейіпкері әлемді өзгерткісі, жаңаша өмірді көргісі келеді. Ертеңіне сенеді. Болашағына деген күш-қайраты мығым. Ал спагетти-кейіпкердің мұндай ынтасы жоқ, кейде немқұрайлы, кейде тіпті аморальды істерге баруы мүмкін.

Джанго 

Мәселен Квентин Тарантиноның 2012 жылы түсірілген Django Unchained (Құлдықтан босаған Джанго) фильмі спагетти-вестернге жатады. Атыс-шабыс, қанды қырылыс көп. Кейіпкерлері, әсіресе, Джангоның кім екенін басында да, аяғында да білмей өтеміз. Бірақ қайдан екені белгісіз, револьверді мықты атады.





ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар