Феллини – 100: Маэстро естеліктеріндегі Рим

Феллини – 100: Маэстро естеліктеріндегі Рим
Фото: vk.com

Қазір бар әлем ұйқысынан тұра сала радио тыңдайтын болды. Соңғы кездердегі жаңалықтарға назар салсақ, коронавирус пандемиясынан ең көп адам жоғалтқан ел Италия болса керек. Түрлі әлеуметтік желілерден де аталған мемлекетте қауіпсіздік шаралары күшейтіліп, оның сақталуы қатаң қадағалауда екенін байқауға болады. Десе де, тарих сахнасында қаншама мыңжылдық бойы билік құрған Рим Империясының мұрагерлері оңайлықпен берілер емес. Еңселерін түсірмей балконда ән шырқап, би билеген италиялықтардың видеолары ғаламторда қаулап кетті. Жоғары технология артықшылықтарын пайдалана отырып олар онлайн мәдени шаралар өткізуді де алғашқылардың бірі болып қолға алды. 

Әсіресе жыл басынан бері ұлттың ұлы перзенті Федерико Феллинидің 100 жылдық мерейтойы атап өтіліп келеді. Әлі де жалғаса бермек. Карантин уақытында италиялықтар классикалық киноларды проектормен тамашалауды да әдетке айналдырды.

Ал осынша ұлы режиссерді дүниеге әкелген елдің астанасынан оның іздерін табуға бола ма? Ендеше мазасыз ойлар бір сәт тынығып, Римге виртуалды тур жасап көрелік.

Көңіліңізге жақпаса да, айтайық, қазіргі Римде Феллини картиналарынан көретін қаланың белгісін табу қиынға соғады. Шындығында, бұл заманауи Римнен ежелгі римдіктерді іздеумен пара-пар. Әрине, Колизей маңынан Гладиатор киімін киген аниматорларды жолықтырарсыз. Бар болғаны сол ғана. Қалғаны – құлаған қала қалдықтары. Бірақ бір қызығы, режиссердің өзі де қартая келе жас шағындағы Римді таппай, «Феллини Римін» (1972) түсіру үшін «Чинечитта» павильондарына декорация жасатқан екен. Тіпті 1970-ші жылдардағы метро мен тас жол да натурадан түсірілмей, қолдан қаланған. Сондықтан, Феллини Риміне саяхатты қала шетінен, нақтырақ айтсақ, «Чинечиттадан» бастауға кеңес береміз. Ондағы экскурсия ұйымдастырушы сізге шебердің кабинетін, оның халықаралық конкурстарда алған марапаттарын, режиссер орындығын көрсетеді. Бұл экскурсия маэстроға тікелей байланысты болса да, Римге қатысты дегенге келмес.

Қалай болғанда да, өз заманында Ренессанс өкілдері көне қаладан антикалық мәдениет белгілерін іздегендей, Феллини де қалаға жауған күн шуағынан өз балалығының асқақ армандары бейнеленген естеліктерді таспа бетіне түсіре білді емес пе?! Сол секілді біз де Римнің жарты ғасыр бұрынғы иісін сезуге талпынып неге көрмейміз? Ендеше, кинематограф тарихындағы ұлы италиялықтың Риміне саяхатымызды бастайық.

«Тәтті өмір», 1960

Феллини Римін «Фьюмичино» аэропортына аяғыңыз тигеннен-ақ бар болмысыңызбен сезіне бастайсыз. Түрлі типаждар, әдемі дүнгіршектер, тынымсыз шуыл... Құжаттарыңызды баптана үнсіз ғана тексеріп тұрған келбетті шекарашылардың өзі неге тұрады?! Аэропорттан шығып, жақын маңдағы кофеханаға бас сұғуды ұмытпаңыз. Феллини нағыз римдік ретінде осындай орындардың тынымсыз тіршілігінсіз өмір сүре алмайтын. Ол сол маңдағы Фредженедегі виллада тұрған.

Шебердің Римнің сол аймағындағы өмірін: «Мынадай қонақжай вилла да, Джульетта Мазина даярлаған дәмді кешкі ас та, тіпті Феллинидің қызықты әңгімелері де үйдің үстінен зымырап жатқан ұшақтың гүрілін баса алмайды », - деп еске алады «Феллини Римі» сценарийін режиссермен бірге жазған Бернардино Дзаппони.

 «Феллини Римі», 1972 

Егер сіз қала орталығына такси немесе автобуспен баруға бел бусаңыз, міндетті түрде Феллини фильміндегі «Күн автострадасын» көресіз. Жол оның туындыларында айрықша атмосферада жеткізілетін болса да, Феллини Римінің басты кейіпкерлері – адамдар. Темпераментті типаждар сізді жолдан өздері тосып алады. Әсіресе, пойызбен жүрсеңіз, бұған көзіңіз кәміл жетеді. Қаламен танысуды Termini вокзалынан бастаған адам да көп қызықтың куәгері бола алады.  

1938 жылы 18 жастағы Федерико да Римге осы вокзал арқылы жетті. Ол кезде үлкен өмірге енді аяқ басқан репортер-карикатурист жігіт шамадан тыс арықтығы кесірінен «Ганди» атанып кеткен еді. Болашақ режиссер үшін Римнің алғашқы нүктесі болған Termini вокзалы кейін оның картиналарында жиі көрсетілетін болады. Мысалы, өзінің альтер эгосы Питер Гонзалес перрондарды шарласа, «Ақ шейх» 1952 толықметражды дебютінде жас жұбайлардың Рим Папасымен кездесуі осы вокзалдан басталады. «Джинджер мен Фред» (1986) картинасында Джульетта Мазина кейіпкері Termini вокзалынан шығады. 1950 жылы іргетасы қаланған нысан сіздің саяхатыңыздың бастауы болуға әбден лайық.  

Римде әлі Феллини музейі жоқ болса да, қаланың қақ ортасындағы Пьяцца-дель-Пополоға жақын маңда режиссер сүйген жары әрі Музасы — Мазинамен бірге бірнеше жыл тұрған via Margutta 110 адресі бойынша үй бар. Қабырғаға ұлы италиялықтың мекені болғаны жайлы ескерткіш тақта да ілінген. Әрине, жаңа қожайындар сізді пәтерге кіргізбесі анық, бірақ сол есікке көрші орналасқан Il Margutta мейрамханасына бас сұғуыңызға әбден болады. Бұл жерге маэстро өмірінің соңғы жылдары жиі келетін. 

Жалпы Римнің ең атақты жерлерінің бәрі де Феллинимен тығыз байланысты. Қалада саяхаттай жүріп, музыканы естен шығармаңыз. Плееріңізге Нино Ротаның режиссер фильмдеріне жазған саундтректерін  жазып алып, құлаққабыңызды шешпей тыңдай беріңіз.

Феллини Римінің тағы бір атақты нүктесі — Треви фонтаны. Испан сатысынан жарты сағаттық жерден Марчелло Мастроянни мен Анита Экберг кейіпкерлері шомылған Нептун аяғының астындағы сыңғырлаған судың дыбысын жазбай танисыз. Бірақ бұл жер туристердің де, қаңғыбастардың да, қайыршылардың да, жергілікті римдіктердің де сүйікті орны. Сол себепті Треви фонтанынан тыныштық табамын деп ойламаңыз. 

Федерико Феллини мен режиссердің әйелі әрі музасы Джульетта Мазина

Классик туындыларын сүйіп тамашалайтындар үшін Римнен фильм детальдарын іздеу Италияға жасаған саяхатты көріктендіре түседі. Басты нысандардан бөлек, әр киноман өзінің жанына жақын мекенді көріп қайтса құба-құп. Егер сіз әлдеқашан осындай сапар жасап үлгерген болсаңыз, тағы қандай мекенжайларға баруға кеңес берер едіңіз? Бөлісе отырыңыз. Ал қалғанымыз карантин аяқталған соң, Феллини Римін аралауға аттансақ деген тәтті арманның жетегінде күн кеше береміз.

Т. Раушанұлы