“Шырақшы” фильмі “Ника” сыйлығына үмітті

“Шырақшы” фильмі “Ника” сыйлығына үмітті
Фото: қазақфильм

Режиссер Ермек Тұрсыновтың “Шырақшы/Хранители” фильмі 2020 жылғы “Ника” сыйлығының үміткерлер қатарына кірді. Қазақстандық картина “ТМД және Балтық елдерінің үздік фильмі” номинациясында бақ сынайды. Сонымен қатар бұл сыйлыққа Қырғызстан, Эстония, Грузия, Армения режиссерлерінің туындылары бәйгеге түседі.

“Ника 2020” сыйлығын тапсыру салтанатты рәсімі 29 наурызда Мәскеудегі “Вегас” киноконцерт залында өтеді.

Естеріңізге сала кетсек, “Шырақшы” кинокартинасы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” киностудиясы мен “Tursunov Film” ЖШС бірлесіп түсірген. Фильм 2020 жылы 23-қаңтарда прокатқа шықты.

“Шырақшы/Хранитель” фильмінің идея авторы марқұм актер Меңтай Өтепбергенов. Фильм – Екінші Дүниежүзілік соғысы кезінде неміс қариядан киноаппарат сыйға алған солдат туралы. Соғыстан соң елге оралған ол қартайған шағына дейін ел аралап, киноаппаратпен ескі фильмдерді көрсетумен айналысады. Ол киноның көмегімен әлемді жақсартуға болады деп сенеді.

Кинотуындының әлемдік тұсаукесері XXII Шанхай халықаралық кинофестивалінің аясында өтті. Фильмде басты рөлді сомдаған актер Мұратжан Мұқажанов Анапада өткен “Киношок” фестивалінде “Кино өнеріне адал кейіпкердің образын көркем сомдағаны үшін” қазылар алқасының дипломымен, ал картинаның операторы Мартин Сечанов А.Княжинский атындағы “Үздік операторлық жұмыс” жүлдесімен марапатталды. 

Былтыр қараша айында Ресейде өткен Sochi International Film Festival and Awards кинофестивалінде бұл фильм “Үздік фильм” жүлдесіне және “Үздік әйел адамның рөлі” (ресейлік актриса Нина Усатоваға бұйырды) жүлдесіне ие болды. Одан бөлек, “Шырақшы” фильмі АҚШ-та өткен Asian World Film Festival және Бангладеште өткен Dhaka International Film Festival кинофестивальдеріне қатысып, Франция мен Монғолияда Қазақстан киносы күндері аясында көрсетілген болатын.

“Ника” халықаралық кинематографистер жүлдесі 1987 жылы КСРО кинематографистер одағының секритариатымен бекітілген. Жеңімпаздар Кинематографистер өнері академиясы мүшелерінің жасырын дауыс беруі арқылы анықталады. Жеңімпаздарға ежелгі грек құдайы Никаның қанатты мүсіні табысталады. Сыйлықтың негізін қалаушы және көркемдік жетекшісі Юлий Гусман.

Т. Раушанұлы