“Шыңырау” фильмі Үндістандағы кинофестивальге қатысып жатыр

“Шыңырау” фильмі Үндістандағы кинофестивальге қатысып жатыр
Фото: Казахфильм

ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы “Қазақфильм” АҚ түсірген режиссер Жаңабек Жетіруовтың “Шыңырау” фильмі Үндістанның Тируванантапурам қаласында желтоқсанның 6-ы мен 13-і аралығында өтіп жатқан Керала Халықаралық кинофестиваліне қатысып жатыр.

Керала штатының мәдениет басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған бұл ірі мәдени іс-шара Үндістанда өткізілетін беделді кинофестивальдердің бірі. Осы жылдар аралығында бұл фестиваль көрермендер арасында сұранысқа ие болған бірден бір байқауға айналды. Фестиваль шеңберінде әлемнің үздік фильмдері көрсетіліп, танымал режиссерлер және басқа де киногерлердің қатысуымен кездесулер өткізіледі.

Әбіш Кекілбаевтың повесі “Шыңыраудың” желісі бойынша түсірілген картина құдық қазушы Еңсептің оқиғасын баяндай отырып, менмендік, бақталастық, махаббат, достық, қастандық сынды адамға тән құбылыстарды көтереді.

Фильмнің түсірілімі Маңғыстау облысында өтті. Картинада Қарақия ойысы, Үстірт шоқысы және Каспий теңізі көрініс табады. Фильмдегі басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Алдабек Шалбаев және Айжан Жетіру сомдады. 

Айта кетсек, бұл туынды Бангладеште өткен 17-ші халықаралық фестивалінің азиялық фильмдер байқауына қатысып, “Үздік операторлық жұмыс” (операторы Ривкат Ибрагимов) жүлдесін жеңіп алды.  Одан бөлек, “Шыңырау” фильмі жақында ғана, қарашаның 19-ы мен 23-і аралығында Қытайдың Сямэнь қаласында өткен 28-ші “Алтын әтеш және Жүз гүл” ( “Золотой петух и Сто цветов”) атты Бүкілқытайлық фестивальдің конкурстық бағдарламасына қатысып, Мәскеуде Әбіш Кекілбаевтың 80 жылдығына орай ұйымдастырылған Қазақстан киносы күндерінің ашылу салтанатында көрсетілді. Ал өткен аптада отандық кинотуынды Американың Аризона штатында өткен Asian International Film Festival Arizona кинофестивалінің конкурстық бағдарламасына қатысты. 

Т. Раушанұлы