Мұра үшін жолдасының өмірін қиған әйел туралы фильм

Жуырда Gucci сән үйі туралы көркем фильм көрермен назарына ұсынылмақ. Нақтырақ айтсақ, жаңа туындының оқиға желісі фэшн-империяның мұрагері Маурицио Гуччи өлімінің төңірегінде болады.

Актерлерге қатысты мәліметтерден әзірге басты рөлді Леди Гага сомдайтыны ғана белгілі. Ал режиссер ретінде Ридли Скотт таңдалған.

Леди Гага кейіпкері – Маурицио Гуччидің жұбайы Патриция Реджиани. Маурицио Патрициямен ажырасып, 1995 жылы басқа әйелге үйленбек болады. Алайда, бұрынғы әйелі миллиардтаған еуро тұратын мұра оның жас келіншегімен бөліске түседі деген қорқыныштан киллер жалдап күйеуін өлтіреді. Кейін ол "Гуччи империясының қара жесірі" атанып кетеді.

Екі жыл өткен соң Патриция Реджиани кінәсін мойындайды, сөйтіп 1997 жылы сотталады. Ал 2016 жылы босап шығып, алтынмен апталып, күміспен қапталған сарайына қайта оралады.

Кезінде ол: "Көк тиынсыз қалып, жылап отырғаннан, Ламборгинидің ішінде жылағаным артық" - деген екен. Есесіне, күйеуінің атасынан қалған мұра мұның қыздары – Алессандра мен Аллеграның еншісіне өтіп, қызығын әлі осы әйел көріп келеді.