Сатыбалды Нарымбетов “Жаңғырық” атты фильмінің түсірілімін бастады

Сатыбалды Нарымбетов “Жаңғырық” атты фильмінің түсірілімін бастады
Фото: massaget.kz

Қазақстанның еңбек сіңірген  қайраткері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Франция киноакадемиясының Жорж Садуль атындағы сыйлығының лауреаты,  “Платиналы Тарлан” Тәуелсіз жүлдесінің иегері Сатыбалды Нарымбетов “Жаңғырық” атты фильмінің түсірілімін бастады. 

Бұл кинотуынды қазақ даласына жер аударған революционер, құнды этнографиялық жазбалар қалдырған поляк жазушысы Адольф Янушкевичтың тағдыры туралы баяндайды.  

“Янушкевич Ұлы тұлғалармен дос жаран болған. Еуропадан келген немесе басқа жақтан келгендер бізді “киргизы” деуші еді, поляк халқының адал перзенті Янушкевич бізді қазақ ретінде күллі әлемге танытты. Біздің елде жүріп, бауырларына хат жазған сайын әр құбылысқа тәнті болып, қағаз бетіне ерекше әсерін түсіріп отырған. Янушкевичтің жазып қалдырған күнделіктері мен хаттары Қазақстан тарихын зерттеушілер үшін үлкен деректік мәні зор мұрағат. Оның ұлан-байтақ қазақ жерінен көргендері мен білгендері тарихи деректерде маржан болып тізілді. 

Сурет Ескендір Нарымбетовтің фейсбук парақшасынан алынды

Янушкевич жайында қазақ халқының айтары көп. Ол адам жайында кейінгі ұрпақ та білуі тиіс. Сол себепті соңғы 3 жылдан бері осы кісі жайында кинотуындыны жарыққа шығару ісімен айналысып жүрген жайымыз бар. Ол фильм “Жаңғырық” деп аталады. Орыс тіліндегі атауы “Долгое эхо”. 

Қазақ жеріндегі ғұмыр сапарында Адольф Янушкевич қарапайым халық арасында жүріп, 2 жыл ішінде қазақ тілін үйреніп, тіліміздің өміршеңдігін, байлығын ерекше айтып, айтыс өнерімізге сүйсініп, иісі қазақ әулетінің өздерінің әдет-ғұрпында тазалық пен мәдениеттілікке қаншама мән беретіндігіне көңіл аударады” - дейді режиссердің өзі сұқбатында.

Янушкевич Адольф – 1803 жылы Минск губерниясы Несвиж қаласында өмірге келген поляк халқының көрнекті демократ-революционері, көсемсөзші.

1830 жылы поляктардың ұлт - азаттық көтерілісіне белсене араласты. Сол көтерілістердің бірінде ол жеті рет жараланып, қолға түсті. 1831 жылы Брест, Мәскеу арқылы Вяткаға жіберілді. Вяткадан Киевке әкелініп, 1832 жылы 4 наурызда әскери сот үкімімен ақсүйек атағынан айырылып, 25 жылға Сібірге жер аударылды. Янушкевич айдаудың алғашқы 12 жылын Сібірде өткізді. Кейіннен Тобылда, Есілде тұрды. Мұнда ол өзі секілді айдауда жүрген отандасы, белгілі ақын Г. Зелинскиймен кездесіп, етене араласты. Осының нәтижесінде Зелинскийдің қазақ елі туралы “Қазақ” және “Дала” атты дастандарының тууына ықпал етті. 1841 жылы Омбыдағы шекаралық басқармаға ауысуға рұқсат алды. Іс қағаздарын тіркеуші қызметін атқара жүріп, 1843 жылдан бастап қазақ даласына дүркін-дүркін сапарға шығатын экспедициялар құрамына енгізілді. Осы сапарларда көргендері мен білгендерін күнделігіне түсіріп, Польшадағы туыстарына хат арқылы жолдап отырды. Оны, әсіресе, қазақ елінің меймандостығы, әдет-ғұрпы, тілі, салт-санасы, ақындық, шешендік өнерлері қатты қызықтырды. Қазақтың сол кездегі толағай тұлғалары үйсін Мәуке би, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлы, сұлтан Барақ, ақындар Жанақ пен Орынбай жөнінде естелік, пікірлері аса құнды.

Т. Раушанұлы