Күзде балалармен көруге болатын фильмдер

Күзде балалармен көруге болатын фильмдер
Фото: youtube

Күзде түрлі жанрдағы жаңа фильмдер жарыққа шығады.  Кинотеатрға баламен барғыңыз келсе, бұл жағдайға да таңдау көп. Күзде отбасыңызбен бірге тамашалауға болатын ең қызықты жаңа туындыларды ұсынамыз.

1. "Корольдік демалыс", 6+ (5 қыркүйек)

Ең жақсы балалар мультфильмдері әдетте, жануарлар жайлы болып келеді. Бұл балалардың да ата-аналардың да көңілінен шығатын және жалықтырмайтын тақырып. "Корольдік демалыс" – батылдық, достық және адалдық жайлы мейірімді әрі көңілді оқиға. Мультфильмде Ханзада атты жоғары қоғамнан шыққан ит пен үлкен арманы бар жалдалмалы пәтерде тұратын қарапайым қыздың достығы көрсетіледі.

2. "Эверест", 6+ (3 қазан)

Бұл Қытай мен АҚШ-тың бірігіп жасаған анимациялық жұмысы. Басты рөлдегі қыз әлемді шарлауды армандайды. Ол кездейсоқ қар адамын кездестіргенде сол арманының орындалуына бір мүмкіндік туады. Ол күзде шыққан "Смолфут" мультфильміне ұқсас секілді көрінгенімен, "Эверестте" сиқырлық көбірек және табиғат, адам жауапкершілігі жайлы ойлар тереңірек қозғалған.

3. "Теңіз балалары", 6+ (10 қазан)

Бұл Рука атты қыз бен оның екі жұмбақ досы жайлы жапондық мультфильм. Руканың әкесі океанариумда жұмыс істейді, сол жерге теңіздің ар жағында өскен екі баланы әкеледі. Бұл балалардың адамдарға көмектесе алатын ерекше қабілеттері бар. Біркүні әлем бойынша барлық океанариумнан біруақытта жануарлар жоғала бастайды. Жапон мультфильміндегі су асты әлемінің ерекшелігін сөзбен жеткізу мүмкін емес.

4. "Малефисента: Зұлымдық әміршісі", 6+ (17қазан)

Басты рөлдердің бірін Анджелина Джоли ойнайтын ертегі кино жалғасады. Бұл ана махаббатының күшіне негізделе түсірілген фильм. Малефисента туралы оқиғаның жалғасында жаңа драма орын алады. Бұл фильм кішкентай балаларға келмеуі мүмкін, бірақ жасөспірімдерге ұнайды.

5. "Аддамс жанұясы", 6+ (31 қазан)

Әкесі бұлыңғыр ауа райында серуендегенді ұнатады. Анасы қара түсті ең ашық түс деп санайды. Әжесі ұйықтар алдында бірнеше тамшы у ішеді. Балалар үшін ойнауға арналған алаң – ол зират. Таныс болыңыздар – Аддамс жанұясы.

6. "Ауа райы баласы", 12+ (31 қазан)

Макото Синкай – заманауи жапон анимациясындағы басты тұлғаның бірі. 2016 жылы шыққан "Сенің атың" мультфильмінен соң онын аты танымал бола түсті. Жаңа туынды – тылсым күш туралы журналға жұмысқа тұратын жас жігіт жайлы романтикалық мелодрамма. Біркүні ол қолымен қара бұлт шақыра алатын қызбен танысады.

7. "Мұзды өлке-2", 6+ (28 қараша)

Солтүстік патшалықтың әпкелі-сіңлі ханшайымдары жайлы оқиғаның жалғасын барлық балалар асыға күтуде. Бірінші бөлімінің кейіпкерлері әлем бойынша барлық балалардың жүрегін жаулап алғаны өтірік емес. Жазда ұсынған трейлерден мультфильмнің жалғасы не туралы болатыны әлі де толықтай түсініксіз. Бірақ Эльзаның сиқырды қалай алғаны жайлы көрсетіледі деп күтілуде. Әрине, сонымен қатар, "Мұзды өлкенің" екінші бөлімінен де жаңа музыкалық хит күтеміз.

А. Жапатова