Еріксіз жылататын анимелер топтамасы

Мектеп оқушылары мен студенттер көптен күткен демалысқа шығып, көп нәрсеге уақыт табылатын сәт туды. Әсіресе, сериал мен фильмдерге аямастан ұйқысыз түндерді арнауға әбден болады. Бүгін Жапония десе еске бірден түсетін, анимациялық фильмдер — анимелердің топтамасын ұсынамыз. Бұл жолы, комедия не қаһармандар жайында емес, көзге жас ұялатып, еріксіз мұңаюға мәжбүрлейтін анимелерді топтастырдық: 

Секундына 5 сантиметр \ 5 centimeters per second

Сюжетсіз, бірақ ең әдемі, сезімтал анимелердің авторы Макото Синкайдың ең үздік жұмыстарының бірі. Бірінің баянды махаббаты бірі үшін жауапсыз. Өз махаббатын тосқан жігіт қасындағы қыздың шынайы сезімін байқар емес. Алғашқы махаббаты осылай басынан өткеремін деп ойлады ма? Әрине, жоқ. Ал, аниме атауы жылдамдықты көрсетеді. Ғашықтықтың, жек көрудің, сағыныштың және мұңның жылдамдығы. 

Уақытты бағындырған бойжеткен \ The girl who leapt through time

Кейде не істесек те, тасымыз өрге домаламай, сәтсіздікпен арылмас дос болып алатынымыз бар. Анименің басты кейіпкері пойыз астына түскеннен кейін уақытты кейінге жылжыта алатын қабілет барын аңғарады. Ол жағдайдың бәрін түзеуге тырысқанмен, ол ойлағандай болмайды. Өйткені, өмірдің дайындап қойған “сыйы” бар… 

Дыбыссыз дауыс \ A silent voice

Кейде балалар тым қатыгез келеді. Мектеп жасында әлсізді басынатын балалар болады. Ең аз дегенде, өзгенің кемшілігіне күліп, мазақ қылатындар табылады. 

Ал, бұл анимеде дәл сондай тентек бала саңырау қызды әбден мазақ етеді. Дегенмен, қанша жауыздық танытса да кінә сезімі туатын шақ келеді.  

Бөрі баласы \ Wolf children

Анименің басым бөлігі қиялға толы. “Бөрі баласы” анимесінде Амэ мен Юки әкесіз қалып, өзгелерге ұқсамайтын ерекшеліктерінің кесірінен таулы аймаққа көшуге тура келеді. Дегенмен, олардың өмірі бірден жақсы болып кетпейді. 

Жарық қоңыздарына толы орманда \ The light of a firefly forest

Адасып кетіп, бетперде киген белгісіз адамға жолықсаңыз да, жақсылықтан үміт бар. Дегенмен, жарық қоңызы секілді адам қолы тиген сәтте ақ оның жоғалып кетуі әбден мүмкін. 

Жарық қоңыздарының қабірі \ Grave of the fireflies

Аниме кейіпкерлері тұл жетім қалып, аспан асын көмкерген жарылыстардың астында үйсіз өмір сүруге мәжбүр. Дегенмен, осындай қиындықта да қол ұшын созатындар табылады. Тек оларға мүмкіндік берсе болғаны. 

Мыңжылдықтың актрисасы \ Millennium actress

Елестетіп көріңізші, сіздің өміріңіз сізді қаншалықты есте сақтайтындығына тікелей байланысты. Сіз өмір бойы әртіс ретінде өмір сүрдіңіз. Дегенмен, уақыт өз дегенін жасап, жасыңыз келгендіктен тек деректі фильмдерге ғана түсуге мәжбүрсіз.  

Фландрийлік ит \ A dog of flanders

Аниме атауы сәл түсініксіз болар. Бұл жердегі негізгі кілт сөздер: жетім, ит, кедейлік...

Алуан түс \ Colorful

Елестетіп көріңізші, өмір сізге екінші мүмкіндік беріп сіздің жаныңызды жасөспірім қыздың тәніне қондырады. Дегенмен, оның өмірі де былыққа толы. Өткенді мүлде жойып, қайта жаңа өмір бастау сонда да қиын…