Педро Альмодоварға Венеция кинофестивалінің арнайы марапаты табысталады

Педро Альмодоварға Венеция кинофестивалінің арнайы марапаты табысталады
Фото: vk.com

Испаниялық режиссер әрі сценарист Педро Альмодовар "Өмірлік жетістіктері үшін" 76-шы Венеция кинофестивалінде "Алтын арыстанмен" марапатталады.

Фестиваль басшысы Альберто Барбера 69 жастағы Альмодоварды Бунюэльден (Луис Бунюэль "Андалусиялық төбет" атты сюрреалистік фильмімен танымал. Картинаны Сальвадор Далимен бірге түсірген.) кейінгі аса талантты испан режиссері деп атады.  

Естеріңізге сала кетейік, биыл Венеция кинофестивалі 28 тамыз бен 7 қыркүйек аралығында өтеді. 

Режиссер биылғы Канн фестивалінде "Дерт пен атақ" (Dolor y Gloria) атты жаңа картинасын ұсынды. Ол кинематография мен театрдағы шығармашылықты жеке өмірден ажыратуға тырысатын өнерпаздар жолындағы қиындықтар туралы әңгімелейді. 

Фильм сюжеті El Deseo киностудиясынан басталады. Бұл – Педро Альмодовар туған бауыры Агустинмен бірге 1987 жылы негізін қалаған шеберхана. Өзіңіз байқап отырғандай, сценарийдің басым бөлігі автобиографиялық сипатқа ие.  Басты рөлдерді, яғни, ағайынды режиссерлерді Антонио Бандерас пен Асьер Эчеандиа  сомдайды. Әйелдер бейнесі Пенелопа Крус бен Хульета Серраноға бұйырған.

Картина Альмодовардың алғашқы махаббат, екінші рет сүйіспеншілік сезімін кешу, ана атану, өлім, 60-шы, 80-ші жылдар, қазіргі уақыт секілді ұғымдарға қатысты пікірін, ой-толғамын көрсетеді.

А. Оралқызы