Cannes – 2019: Әпкелі-сіңлілі Фаннингтер

Cannes – 2019: Әпкелі-сіңлілі Фаннингтер

Биылғы Канн кинофестивалінің әділқазылар алқасында жап-жас Эль Фаннинг есімді актриса бар. Үздік туындыларды бағалайтын топтың өзге мүшелері барша әлемге танымал, ал Эльді бірі білсе, бірі білмейді. Сонымен, үлкен шыңдарды бағындырып жүрген аққұба бикешпен таныс болыңыз.

Егер сән әлемін әпкелі-сіңлі Хадидтер жаулап жүрсе, кино әлемін әпкелі-сіңлі Фаннингтер бөлісіп жүр.

Дакота мен Эль Фаннинг спорттық отбасыда дүниеге келді. Олардың әкесі Стив Фаннинг – Сент-Луис Кардиналс командасының бұрынғы бейсболисті, ал анасы Джой Фаннинг – бұрынғы кәсіби теннисші. Ханна Дакота Фаннинг 1994 жылы 23 ақпанда дүниеге келді. 4 жылдан соң 1998 жылы 9 сәуірде өмірге оның сіңлісі Эль Фаннинг келеді.

Қыздардың актерлікке қызығушылығы бала кезден оянған. Дакота сіңлісі Эль туылған кезде көйлегінің астына жастық салып алып, жүктілікті бейнелеп, ал жаңа туылған сәби ретінде сіңлісін алып, ойнайтын болған. Содан кейін Дакота үйіне жақын жердегі театр студиясына барады. Театрдағы мұғалімдер Дакотаның басқа балалардан ерекшеленетінін айтып, ата-анасына оған агент жалдауын ұсынған. Отбасы 1999 жылы агенттің кеңесі бойынша Лос-Анджелеске 6 аптаға барып, қайтадан Джорджиоға келуді жоспарлайды. Бірақ агент Дакотаға "Tide" ұнтағының жарнамасына алғашқы жұмыс тауып береді. Содан соң тотбасы кері оралмайды.

Дакота Фаннинг "Бесінші өлшем" фильмінде

Дакота өзінің актерлік мансабын 2000 жылы "Жедел жәрдем" телесериалында шағын рөлді ойнаумен бастайды. Ол "Мен Сэммін" (2001), "Ашу" (2004), "Әлемдер шайқасы" (2005) және "Шарлоттаның өрмекшісі" (2006) фильмдерімен атақты болды. Дакота Фаннинг көптеген мадақтардың иесі, соның ішінде "АҚШ Гильдия киноактерлері сыйлығының" ең жас номинанты болды. 2006 жылы Дакота Кинематографиялық өнер мен ғылым академиясына шақырылып, оның ең жас мүшесіне айналды. Сол жылы ол 21-жасқа дейінгі жұлдыздар арасында "Forbes" тізіміне 4 миллион доллар табыспен 4-ші орынға енді. 2009 жылы Дакота "Бесінші өлшем" фантастикалық фильмінде басты рөлдердің бірін ойнады. Ол 2009-2010 жылдары "Сумерки" фильмінің барлық бөліміне түсіп, Джейннің (басты кейіпкердің сіңлісі) рөлін сомдайды. Дакота Фаннинг Квентин Тарантиноның "Күндердің бір күнінде Голливудта" жаңа фильміне түсті.

Эль Фаннинг "Малефисента" фильмінде

Ал Эль актерлік жолын 3 жасында "Ұрланғандар" (2002) мини-сериалындағы және "Мен Сэммін" (2001) фильміндегі әпкесінің кейіпкерлерін ойнаудан бастайды. Эль 2002 жылы 4 жасында әпкесінен тәуелсіз "Кезекші әке" фильмінен өзінің алғашқы рөлін алады. Ол 2003 жылы басты рөлдерде Джефф Бриджес және Ким Бейсингермен бірге "Едендегі есік" фильміне түседі. Бастапқыда продюсерлер қызу жұмыс болатындықтан Эльдің кейіпкеріне бір-біріне ұқсайтын егіздер алуды ойлайды. Бірақ Эльдің ойнауына таңғалып, таңдауларын соған тоқтатады. Эль 2004 жылы "Менің көршім Тоторо" мультфильмінің диснейлік ағылшын тілді нұсқасындағы Мэй кейіпкерін дыбыстайды. Эль көптеген фильмдерге түсті. Ол Анджелина Джолимен бірге "Малефисента" фильмінде басты рөлдердің бірін де ойнады. Жақында Эль басты рөлде ойнайтын әнші қыз туралы "Арман қуалай" деп аталатын фильм жарыққа шығады.

Дакота бір сұхбатында сіңлісі екеуінің қатынасы туралы былай дейді: "Сіңілім мені анамызға ұқсап бара жатқандығымды айтады. Маған өзіңді ересектер секілді ұстайсың дейді. Оған әркез не істеу керектігін есіне түсіремін, бақылап отырамын және қорғаштаймын. Бұл оны ашуландырады, бірақ мен өзіме ештеңе істей алмаймын."

Ал Эль әпкесі туралы былай дейді: "Мен Дакотаға қарап актриса болу туралы шешім қабылдадым. Мен үшін әпкем кумирім болып қалады. Біз бір-бірімізбен жарыспаймыз, алдағы уақытта да солай болатындығына сенемін!"

Дакота және Эль Фаннинг 72-ші Канн кинофестивалінде

21 мамыр күні Канн кинофестиваліне Квентин Тарантино "Күндердің бір күнінде Голливудта" жаңа фильмін ұсынды. Қызыл кілеммен фильмнің басты жұлдыздары жүріп өтті: 44-жасар Леонардо ДиКаприо, 55-жасар Брэд Питт, 28-жасар Марго Робби. Әрине, олардың арасында 25-жасар Дакота Фаннинг та болды. Сонымен қатар, Бұл кеште 72-ші Канн кинофестивалінің әділ қазылар алқасының ең жас мүшесі Эль Фаннинг болды.

Көпшілік әпкелі-сіңлі Фанингтерді салыстырып, түрлі жағымды және жағымсыз пікірлер айтып жатады. Алайда олар бір-бірін қолдайтындығын дәлелдеп келеді.

А. Жапатова