Чарльз Мэнсон туралы жаңа фильм жарыққа шықты

Чарльз Мэнсон туралы жаңа фильм жарыққа шықты

Америкалық кісі өлтіруші Чарльз Мэнсон 2017 жылы 19 қараша күні кешкі сағат 20:13-те бақилық болғаннан бері оның атағы бұрынғыдан бетер шарықтай түсті. Жас кезінде жауыздығымен бар әлемді шулатқан қылмыскер 83 жасында өмірден өткені туралы ақпарат бүкіл Жер-жаһанға тарағалы ол туралы фильмдер бірінен соң бірі түсіріліп жатыр. Солардың бірі – "Чарли айтты" картинасы.

Аталған туынды Чарлидің дегенінен шықпаған 3 әйелдің оқиғасы негізінде түсірілген. Олар Мэнсонға кездескенге дейінгі өмірлерін жоққа шығарып, оның образын ақиқаттың бастауындай көрген. Айтқанын екі етпей, қандай қылмысқа барса да, үнемі қасында болып, қолдаған.

Естеріңізге сала кетейік, Мэнсон 1969 жылы бірқатар ауыр қылмыс жасаған "Отбасы" коммунасының лидері болды. Олар себепкер болған жан түршігерлік оқиғалардың бірі атақты режиссер Роман Поланскимен тығыз байланысты. Мэнсонның тобы Поласкидің жұбайы актриса Шерон Тейтті ішіндегі 8 айлық нәрестесімен бірге қорлап өлтіріп кеткен. Сол жылы ол өлім жазасына кесілу керек болған. Бірақ, Калифорния штаты ең ауыр жазадан бас тартуына орай Мэнсонның жағдайына байланысты "9 рет өмір бойы бас бостандығынан айыру" шешімі қабылданды.

Чарльз Мэнсонның адам сенгісіз әрекеттері өнер адамдарын бейжай қалдырмады. Оған көптеген әндер, фильмдер мен кітаптар арналды. Мысалы, The Beatles тобының Helter Skelter композициясы Мэнсонның арқасында бұрынғыдан бетер танымал бола түсті. 1969 жылы 9 тамызда  Мэнсон "Отбасы" коммунасымен бірге актриса Шэрон Тейтті Беверли-Хиллздегі үйінде өлтіріп, үйдің қабырғасына осы әннің атауын қанмен жазып кеткен көрінеді. Мэнсон осы трек оған кісі өлтіруге шабыт бергенін айтады. Осы қара дақтан құтылу үшін Пол Маккартни әнді үнемі жеке концерттерінен қалдырмай орындауға тырысады екен.

Музыкант  Брайан Уорнер Мэрилин Мэнсон лақап атын алғанда екі нәрсені ескерген. Оның есімі әлемнің ағын да, қарасын да қатар алып жүруі керек еді. Сөйтіп, келбеті періштеден айнымайтын Мэрилин Монроның аты мен жауыздықтың символы болған Чарльз Мэнсонның тегін алған екен. Сондай-ақ, ағылшын жазушысы Нил Гейман өзінің "Алтын балықтар тоғаны" туындысында Мэнсонның есімін атап өтеді. Бұл кітаптағы басты кейіпкер — жазушы. Ол Мэнсонның балаларына тұқым қуалаушылықпен қонған зұлымдық күші туралы көркем фильмге сценарий жазады. Танымал америкалық әнші Лана Дель Рей Lust for Life альбомындағы Heroin әнінде Мэнсонды жайлы айтады. "Topanga's hot today, Manson's in the air. And all my friends have gone, 'cause they still feel him here" деген жолдарда Лана "героин" сөзін "атақ" ұғымымен синоним ретінде пайдалады. Осылайша, атақтың сор екенін жеткізбек болады. Режиссер Оливер Стоунның "Тумысынан қылмыскер" кинокартинасында Мэнсон есімі екі рет аталады. Фильм сюжеті Микки және Мэллори Нокс есімді қылмыскер жұп туралы. Олар Американың оңтүстігінде көптеген ауыр қылмыс жасап әлемге атақты болады. Квентин Тарантино  да Чарльз Мэнсон туралы фильм түсіріп жатыр.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Соңғы жаңалықтар